Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше ел Венгрияда алдағы жексенбіде Парламент сайлауы өтеді. Бұл мемлекет Қазақстанмен де осы ұйым аясында ортақ байланысқа ие. Аталған саяси науқанның қорытындысы тек Будапешттің ішкі саяси бағытын айқындап қана қоймай, халықаралық аренадағы оның серіктестері мен қарсыластарына да өз ықпалын тигізері сөзсіз. Себебі, басты қарсыластар – қазіргі премьер-министр Виктор Орбан («Фидес» партиясы) мен оппозиция көшбасшысы Петер Мадьяр («Тиса» партиясы) көптеген маңызды мәселелер бойынша бір-біріне мүлде кереғар ұстанымда.
ОРБАННЫҢ ҰСТАНЫМЫ
Алдағы мамыр айында 63 жасқа толатын Виктор Орбан үкіметі тұсында Қазақстан мен Венгрия арасындағы қарым-қатынас тарихи тамырлармен бекіген, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында нығайған стратегиялық бауырластық деңгейіне көтерілді. Будапештте ұйымның өкілдігі ашылғаннан кейін, Венгрия Астана үшін Еуропаға бастар өзіндік көпірге айналды. Бұл әріптестік Қазақстанға Батыс елдерінде өз мүддесін сенімді одақтас арқылы ілгерілетуге мүмкіндік беріп отыр. Өйткені, 9,6 млн халқы бар Венгрия Орталық Азияны тең құқықты әрі басым серіктес ретінде қабылдайды.
Еуропалық одақ шеңберінде Венгрия Қазақстанның ықпалды қорғаушысы, дипломатиялық қалқаны іспетті. Будапешт Брюссель тарапынан қабылданатын сыншыл қарарларды жұмсартып, Астананы саяси қысымнан арашалап келеді. Орбанның ұстанымының арқасында қазақстандық энергетикалық ресурстар Еуропа нарығына тиімді шарттармен жол тауып отыр. Ал, «Рожковское» газ кен орны секілді бірлескен жобалар еуробюрократияның энергетика саласына қойылатын талаптарды қатаңдату әрекеттеріне қарамастан, қажетті саяси қолдауға ие болуда.
Атап айтқанда, Венгрияның табанды ұстанымының арқасында «Дружба» мұнай құбыры арқылы тасымалданатын қазақстандық мұнай санкциялар шеңберіне ілінбей қалды. Соның нәтижесінде Қазақстан соңғы үш жыл қатарынан Еуропаға энергетикалық ресурстар экспортын ұлғайтып келеді. Брюссель метан шығарындыларына қатысты ЕО-ның қатаң талаптарын сақтамайтын елдерден газ импорттауға тыйым салуға талпыныс жасаған еді. Алайда, Венгрия «өтпелі кезең» енгізуді талап етіп, өз дегеніне жетті. Егер дәл осы вето болмағанда, қазақстандық газ Еуропа нарығына 2024 жылдың өзінде-ақ жол таба алмай қалуы әбден мүмкін еді.
Сонымен қатар, Еуропалық одақ көміртек салығын (CBAM – Carbon Border Adjustment Mechanism) белсенді түрде енгізіп жатыр. Бұл жүйе Еуропадан тыс жерде өндірілген тауарлар барысында бөлінген CO₂ шығарындылары үшін импорттаушылардан қосымша төлем талап етеді. Венгрия болса, стратегиялық серіктестер үшін CBAM бойынша нақты төлемдердің енгізілуін кейінге шегеру мақсатында бюрократиялық тетіктерді шебер пайдаланып келеді. Мұның арқасында қазақстандық экспорттаушылар бірнеше жылдық уақыт ұтып, ЕО қазынасына қомақты экологиялық алымдар төлемей-ақ сауда жүргізу мүмкіндігіне ие болып отыр.
ҚАЗАҚСТАН БРЮССЕЛЬДЕГІ СЕНІМДІ «ҚОРҒАУШЫСЫНАН» АЙЫРЫЛА МА?
Түркі бауырластығы мен өзара ынтымаққа негізделген саясат Венгриядағы Парламент сайлауында оппозициялық «Тиса» партиясы жеңіске жеткен жағдайда, қатаң прагматикалық бағытқа ойысуы мүмкін. Бұл партияның экономикалық және энергетикалық бағдарламасында шешуші рөлді «Shell» компаниясында 37 жыл бойы жоғары басқарушылық қызмет атқарған тәжірибелі кәсіпкер Иштван Капитани иеленеді. Сарапшылардың пайымынша, оппозиция жеңіске жетсе, ол жаңа Үкіметте Энергетика министрі атануы әбден ықтимал. Капитани өзін ел экономикасын түбегейлі жаңғырта алатын технократ ретінде танытып отыр.
Оның ұстанымы – жемқорлықпен ымырасыз күрес және жасыл энергетикаға көшу үдерісін жеделдету. «Shell»-дегі мол тәжірибесіне сүйене отырып, ол Венгрияны қазба отыннан біртіндеп бас тартып, жаңартылатын энергия көздеріне бағыттауды көздейді. Бұл өз кезегінде Еуропалық одақ талаптарына сәйкес келмейтін мұнай-газ серіктестерімен арадағы қатынастың салқындауына әкелуі мүмкін. Қазақстан үшін мұндай өзгеріс Брюссельдегі сенімді «қорғаушыдан» айырылу қаупін тудырып, барлық бірлескен энергетикалық жобалардың ЕО-ның экологиялық талаптары тұрғысынан қатаң тексерістен өтуіне жол ашуы ықтимал.
Капитани Брюссельде айтарлықтай ықпалға ие тұлға саналады. Бұл беделге ол «Shell» компаниясындағы ұзақ жылдарға созылған басшылық тәжірибесі мен Еуропаның жетекші бизнес қауымдастықтарындағы белсенді қызметінің нәтижесінде жеткен. Еуропалық одақта Капитани жаһандық бизнестегі мол тәжірибесі арқылы көптеген венгриялық шенеуніктерден де салмақты саналатын беделді сарапшы ретінде қабылданады. Сол себепті «Тиса» партиясының бағдарламасында оған жүктелген басты міндет – Еуропалық одақпен арадағы сенімді қайта қалпына келтіру. Ал, бұл жағдай Қазақстан мен оның мұнай экспорты үшін елеулі қатер тудыруы мүмкін. Капитани «Дружба» мұнай құбырын жабуға тек экологиялық себептермен ғана емес, саяси тұрғыдан да мүдделі. Осы арқылы ол Брюссельге адалдығын айқын көрсетуді көздейді. Мұндай қадам жүзеге асса, Қазақстан Еуропаға жыл сайын 2 миллион тоннадан астам мұнай жеткізетін маңызды бағытынан айырылуы ықтимал. Ал, транзитті басқа арнаға бұру орасан зор инфрақұрылымдық шығындарды талап етіп, тасымал құнының қымбаттауына және түпкі пайда көлемінің азаюына әкелуі мүмкін.
ЖАҢА ШЕКТЕУЛЕРГЕ ЖОЛ АШЫЛА МА?
«Shell» компаниясының топ-менеджері әрі акционері ретіндегі мәртебесіне байланысты Капитани Қазақстанның мұнай-газ саласындағы технологиялық және қаржылық тетіктерге қатысты ішкі мәліметтерден хабардар. Бұл оны айрықша қауіпті қарсыласқа айналдырады. Астана батыстық консорциумдарға ықпал ету құралы ретінде экологиялық талаптар мен соттық шағымдарды жиі пайдаланып келеді. Ал, егер Капитани Венгрияның Энергетика министрі қызметіне келсе, ол Еуропалық одақтың дәл осындай механизмдерін Қазақстанға қарсы қолдануы мүмкін.
Брюссельдегі беделіне сүйене отырып, ол Еурокомиссия деңгейінде Қашаған кен орнындағы газды жағу фактілері, еңбек және қауіпсіздік талаптарының бұзылуы сияқты мәселелер бойынша тергеулердің басталуына ықпал ете алады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес ұранымен Капитани шетелдік қатысуы бар кәсіпорындардағы (әсіресе, «MOL» мен «Shell») келісімшарттардың ашықтығы мен табыстың бөліну тәртібін тексеруді ұсынуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, метан шығарындыларына жүргізілетін аудит Қазақстан газын «лас» деп тануға негіз болып, оның Еуропа нарығына жолын жабуы ықтимал. Ал, жеткізу тізбектерін тексеру қазақстандық кәсіпорындардың еуропалық стандарттарға сәйкессіздігін алға тартып, жаңа шектеулерге жол ашуы ғажап емес.
Мұның бәрі экологияны бұрынғыдай саудаласу құралы емес, керісінше, Қазақстан экспортына қаржылық қысым жасайтын тетікке айналдыруы мүмкін. Капитанидің мол тәжірибесін ескерсек, ол Қазақстанның шетелдік консорциумдарға қарсы сот істерінде жеңіліп қалу қаупін жақсы түсінеді. Ал, мұндай жағдай миллиардтаған өтемақыны батыстық компанияларға төлеуге әкелуі ықтимал.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
5 сәуірдегі сауалнамалар бойынша 45 жастағы Петер Мадьяр басқаратын «Тиса» партиясы жеңіп тұр. Егер Иштван Капитани Венгрия Үкіметіне келсе, бұл Қазақстан үшін Еуропалық одақтағы түркілік лоббизмнің әлсіреуін, тіпті тоқырауын білдіруі мүмкін. «Shell»-де шыңдалған тәжірибелі басқарушы Астананы ерекше әріптес ретінде емес, көптеген жеткізушінің бірі деп қана қарастырады. Соның салдарынан Қазақстанға ЕО-ның қатаң талаптары толық көлемде қолданылып, энергетикалық байланыстар таза коммерциялық арнаға түседі. Бұл өз кезегінде қатаң экологиялық тексерістердің күшеюіне және құбыр бағыттарының жабылу қаупінің артуына алып келуі ғажап емес.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ












