Қазақ қоғамында әже – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, тұтас ұлттың тәрбиелік мектебі, рухани қазынасы. Ұрпақ бойына ізгілік пен инабат дәнін себетін асыл жандардың өнегесін дәріптеу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда Алматы қаласындағы №180 бөбекжай-балабақшасында өткен «Ал, қанекей, әжелер!» атты тағылымды шара – ұлттық құндылықтарды ұлықтаған, ұрпақ пен ұлағатты табыстырған тағылымды кеш болды. Ұйымдастыру деңгейі жоғары бұл шараға мекеме басшысы Гүлмира Оспанова бастаған ұжым, ата-аналар мен балғын бүлдіршіндер қатысып, кештің көркін келтірді.

Кеш шымылдығы ақ жаулықты әжелердің сахнадағы сырлы таныстыруымен ашылды. Әр әже өз өмір жолынан сыр шертіп, өнегелі сөздерімен, парасат-пайымымен көрермен жүрегіне жол таба білді. Сол бір сәтте сахна төрі тек өнер алаңы ғана емес, ұлт руханиятының мәйегі тұнған қасиетті кеңістікке айналғандай әсер қалдырды. Сайыс барысында әр топтан шыққан әжелер өздеріне лайық ерекше атақтармен танылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Балапан тобының әжесі Жүнісбекова Гүлжахан Құланбайқызы «Білгір әже» атанып, терең білімі мен тағылымды ойларымен ерекшеленсе, Ботақан тобының әжесі Мекебаева Мирамгүл «Мейірбан әже» деген атауға ие болып, ақ жүрегінің жылуын сездірді. Балбөбек тобының әжесі Ляззат Ануарбекқызы «Шебер әже» ретінде өзінің қолөнерге бейімділігін танытса, Балауса тобының әжесі Наурызбаева Баян «Бұлбұл әже» атанып, әсем үнімен көпшілікті тәнті етті. Күншуақ тобының әжесі Джунусова Райса «Балқаймақ әже» атанып, мейірімге толы бейнесімен дараланса, Аққу тобының әжесі Гүлден Жұмкенова «Ақжаулықты алтын әже» деген мәртебелі атаққа лайық деп танылды.
Бұл сайыс – жай ғана өнер жарысы емес, әже бейнесінің ұлт тәрбиесіндегі айрықша орнын айқындаған тағылым мектебі болды. Әжелердің әрбір сөзі мен ісінен өмірлік тәжірибе, даналық пен сабыр, мейірім мен ізгілік айқын аңғарылды. Олар тек өнер көрсетіп қана қоймай, ұрпаққа үлгі боларлық өнегені де паш етті. Сахнада шырқалған ән мен оқылған жыр, өрілген ой – бәрі де ұлттық рухты жаңғыртып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кештің шырайын кіргізген тағы бір көрініс – балғын бүлдіршіндердің өнері болды. Періштедей пәк көңілмен сахнаға шыққан балалардың әр қимылы, әрбір сөзі көрермен жүрегіне жылылық ұялатты. Бұл – ұрпақ сабақтастығының, тәлім мен тәрбиенің үзілмес алтын арқауының айқын көрінісі еді. Шара соңында көрермендер әжелерге зор қошемет көрсетіп, ақ тілектерін жаудырды. «Әже – отбасының ғана емес, тұтас ұлттың темірқазығы» деген тағылымды ой тағы бір мәрте дәлелденіп, жүректерге жол тартты. Осындай мазмұнды да мәнді кештер жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды асыл қасиеттерді дәріптеуге қызмет етеді. Ұрпақ пен ұлағатты жалғаған алтын көпір – әжелер аман болсын, олардың өнегелі жолы ұрпақ жадында мәңгі жаңғыра бермек. Әжелердің ақыл-парасаты мен өмірлік өнегесі – ұлт болашағының берік іргетасы. Ұрпақ тәрбиелеуде әже мектебінің орны қашанда биік, ал сол биікті ұлықтайтын игі істер жалғасын таба бермек.
Индира БІРЖАНСАЛ









