Мажарстандағы сайлау: 16 жыл билік еткен Виктор Орбаннан кейінгі Будапешт қандай саясат ұстанады?

0
515
Оппозициялық Tisza партиясының жетекшісі Петер Мадияр сайлаудың ішінара нәтижесі белгілі болғанда жақтастарының алдында сөз сөйлеп тұр. Будапешт, 2026 жылғы 12 сәуір.

Таяуда Венгрияда (бұдан әрі – Мажарстан) Парламенттік сайлау өтіп, онда «Құрмет пен еркіндік» – Tisza (Тиса) оппозициялық партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ұлттық ассамблеядағы 199 орынның 138-іне ие болған бұл саяси күш Парламентте конституциялық басымдыққа қол жеткізіп, тиісінше, 63 жастағы Виктор Орбан мен оның «Венгр азаматтық одағы» – Fidesz (Фидес) партиясының 16 жылдық билігі кезеңінде қабылданған шешімдерді қайта қарауға мүмкіндік алады. Ал, Фидес пен Христиан-демократиялық халық партиясының альянсы бар болғаны 55 депутаттық мандатқа ғана ие болды. Бір қызығы, Виктор Орбан Вашингтонның, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ-тағы консервативті күштердің қолдауына қарамастан, ойсырай жеңіліске ұшырады. Мажарстандағы биліктің ауысуы Еуропада либералды-демократиялық күштердің нығая түскенін айқындайтын әрі Еуропалық одақтың тұтастығын күшейтуге ықпал ететін маңызды оқиға. Өйткені, Виктор Орбан жүргізген саясат көбіне Брюссельдің ұстанымымен үйлесе бермейтін еді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгінде Будапешттің енді қандай саясат ұстанатынына тоқталмақ.

МАЖАРСТАН ЕУРОПАҒА ҚАЙТА ОРАЛДЫ МА?

«Тиса» партиясының жеңісі жарияланған кеште Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен (ол «сайлау қорытындысын Мажарстанның Еуропаға қайта оралуы» деп бағалады), Германия канцлері Фридрих Мерц және Франция Президенті Эмманюэль Макрон Петер Мадьярды құттықтады. Сол түні Виктор Орбан да Петер Мадьярға телефон соғып, «Тиса» партиясының жеңісімен құттықтаған. Жеңістен кейін жақтастары алдында сөйлеген сөзінде 45 жастағы саясаткер өз партиясының «Орбан режимін ауыстырып», Венгрияны «еркіндікке шығарғанын» мәлімдеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Мажарстандағы Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен Петер Мадьярды құттықтады. Мемлекет басшысы дауыс беру қорытындылары мажар халқының «Тиса» партиясы мен оның бағдарламасына деген жоғары сенімін айқын көрсететінін атап өтіп, Мажарстанның алдағы уақытта да тұрақты дамитынына сенім білдірді.

Президент Астананың Будапештпен стратегиялық әріптестікті нығайтуға ерекше мән беретінін айтып, екі ел халықтарының игілігі үшін екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.

ЖОҒАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАР ОТСТАВКАҒА КЕТЕ МЕ?

Петер Мадьяр алғашқы қадамдарының жоспарын да жариялады. Ең алдымен, ол Польшаға ресми сапармен бармақ, одан кейін Венаға, ал кейін Брюссельге аттанып, мажар халқының құқығы бар ЕО қаражатын елге қайтаруды көздейтінін айтты. Сонымен қатар, «Тиса» көшбасшысы Президенттің, Жоғары сот өкілдерінің, Бас прокурордың, Мемлекеттік бақылау басқарма басшысының, Ұлттық медиа басқарма жетекшісінің және өзге де жоғары лауазымды тұлғалардың отставкаға кетуін де талап етті.

Қаражат демекші, Еуропалық одақ Мажарстандағы сайлауда жеңіске жеткен «Тиса» партиясының жетекшісі Петер Мадьярдан Будапештке бөлінген 35 млрд еуроны алу үшін 27 шартты орындауды талап етіп отыр. Аталған қаражаттың 18 млрд еуросы ЕО бағалауынша құқық үстемдігінің бұзылуы, жемқорлық тәуекелдерінің жоғары болуы және сот жүйесінің тәуелсіздігіне нұқсан келуі себепті тоқтатылған. Тағы 17 млрд еуро төмен пайызбен қорғаныс несиелері ретінде берілуі тиіс болған. Қаражаттың бұғатталуы Будапешт пен Брюссель арасындағы қақтығыстарға, сондай-ақ Виктор Орбан талап етілген реформаларды жүргізуден бас тартқанына байланысты жүргізілген. Енді Петер Мадьяр осы мәселелерді шешу үшін Брюссельге барады.

Петер Мадьярдың айтуынша, «Тиса» үкіметі Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізуге дайын.

«Біз Ресей Президентімен келіссөз үстеліне отыруға мәжбүр боламыз. Географиялық жағдай Ресей үшін де, Мажарстан үшін де өзгермейді. Энергетикалық тәуелділік те біраз уақыт сақталады. Диверсификацияны күшейту қажет, бірақ бұл бір күнде жүзеге аспайды. Қажет болса, келіссөз жүргіземіз, алайда дос болмаймыз», – деді «Тиса» партиясының жетекшісі.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін Ресей Мажарстан халқының таңдауын құрметтейтінін мәлімдеді.

САЙЛАУДА ОРБАНҒА ТРАМП ТА, ПУТИН ДЕ КӨМЕКТЕСЕ АЛМАДЫ

Осы жылдың ақпан айында  Дональд Трамп сайлау қарсаңында Виктор Орбанды көпшілік алдында қолдап, оны «күшті әрі қуатты көшбасшы» деп атаған еді. Орбан сайлауда жеңіліс тапқаннан кейін америкалық демократтар мұны қуана қабылдады – тек Мажарстандағы оңшылдардың көпжылдық билігінің аяқталуына байланысты ғана емес, сонымен бірге Трамптың маңызды одақтасы қызметінен кеткеніне де байланысты.

Трамп пен Орбан бірнеше рет кездескен. Олардың қарым-қатынасы америкалық президенттің алғашқы президенттік кезеңінде-ақ қалыптасқан болатын. Ал, Виктор Орбан бұл байланыстарды Джо Байден жеңіске жеткеннен кейін де сақтап қалды. Осы жазда 80-ге толатын америкалық президенттің екінші президенттік науқанының қарсаңында мажар премьері 2024 жылдың наурызында Флоридаға барып, сол кездегі кандидатпен кездесіп, егемендікті қорғау мәселелерін талқылаған. Кейін сайлаудан соң Орбан республикалықтардың Ақ үйге қайта оралуын ашық түрде атап өткен.

Орбан тек Трампқа ықылас білдіріп қана қойған жоқ, өзін де америкалық президентке жақын саяси тұлға ретінде қалыптастыруға тырысты. Алайда, Еуропада Виктор Орбан мен Владимир Путин арасындағы қарым-қатынастар әлдеқайда айқын әрі назарға жиі ілікті. Мажарстан премьері Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін де Путинмен ашық түрде достық сипаттағы байланысын сақтап қалған Еуропалық одақтағы санаулы көшбасшылардың бірі болды. Бұдан бөлек, ол Еуропаның Украинаға көрсететін көмегін жүйелі түрде тежеп отырды. Айталық, 2023 жылдың желтоқсанында Будапешт Киевке арналған 50 млрд еуро көлеміндегі көмек пакетін бұғаттаса, 2026 жылдың ақпан-наурыз айларында Украинаға арналған 90 млрд еуролық жаңа несие мен Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакетін де өткізбеуге тырысты.

Жалпы алғанда, Орбан тұсындағы Мажарстан ЕО ішінде вето құқығын ең белсенді пайдаланған елдердің бірі болды: 2022 жылдан бері вето 22 рет қолданылса, соның 14-і Мажарстанның үлесіне тиген.

Мажарстан Ресей газынан бас тартқан жоқ, керісінше, 2023-2024 жылдары «Газпром» арқылы қосымша жеткізілімдер жөнінде келісімдер жасасты. Ал, 2024 жылдың маусымында Будапешт санкцияға жатпайтын салаларда Мәскеумен экономикалық байланыстарды тереңдетуге ниетті екенін білдірді.

2024 жылдың шілдесінде Виктор Орбан Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесті және мұны өзінің «бейбітшілік миссиясының» бір бөлігі ретінде таныстырды. Бұл сапар Еуропалық одақтың өзге көшбасшылары тарапынан қатаң сынға ұшырап, Еуропарламент тарапынан да бөлек айыпталды.

Орбанның жеңілісі оның Брюссельге қарсы альянстағы жақын серіктесі – Словакия премьер-министрі Роберт Фицоға да кері әсерін тигізбей қоймайды. Словакияда келесі сайлау алдағы жылы өтеді, ал онда либералдық күштер Фицо бастап отырған социал-демократтардың ізіне таяп қалды. Виктор Орбанның жеңілісі Еуропадағы консервативтік немесе ұлттық-популистік альянстардың ыдырауына алып келуі мүмкін. Бұл өзгерістер Франция, Ұлыбритания, Италиядағы сайлау ахуалына да өз ықпалын тигізері анық. Сондай-ақ, жаһандық геосаясатта еврей-америкалық, әзербайжан-армян және өзге де этникалық факторларды ескеретін жаңа саяси технологиялардың іске қосылғанын жоққа шығаруға болмайды.

Жеңіске жеткен партияның көшбасшысы Петер Мадьяр еуропалық ынтымақтастыққа көбірек бет бұрған тұлға. Бұл Мажарстанның сыртқы саясатындағы басымдықтардың өзгеруіне алып келуі ықтимал, әсіресе түркі бағытындағы ынтымақтастыққа қатысты. Виктор Орбан Еуропалық одақтағы ықпалының шектеулілігін өтеу мақсатында Түркі мемлекеттері ұйымы аясында өз орнын табуға ұмтылған еді.

Ресей мен Украина арасындағы қатынастарда Виктор Орбан көбіне Мәскеудің ұстанымын қолдап келді, ал Киевпен оның дипломатиялық байланыстары салқын сипатта болды. Дегенмен, Петер Мадьяр да Украинаның ЕО мен НАТО-ға мүшелігіне жылдам өтуіне қарсы екенін білдірген. Сайлауалды науқан барысында ол Украинадағы мажар азшылығының құқықтары шектеліп отырғанын да бірнеше рет атап өтті.

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН МАЖАРСТАНДАҒЫ САЙЛАУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ҚАНДАЙ?

Астана мен Будапешт арасындағы тарихи байланыстар, сондай-ақ Мажарстанның жаңа көшбасшысы Петер Мадьярдың есімінің символикалық үндестігі екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп үміттенуге болады. Алайда, Мажарстанның стратегиялық тұрғыдан Еуропаға бет бұрып отырғаны анық. Еуропалық одақ ол үшін барған сайын қуатты тартылыс орталығына айналуда. Сонымен бірге сыртқы саясатта Петер Мадьярдың маневр жасау мүмкіндігі шектеулі болуы ықтимал. Себебі, энергетика мен сауда салалары тарихи әрі географиялық тұрғыдан Ресеймен тығыз байланысты. Сондықтан, Будапешт Мәскеумен қарым-қатынасты сақтауға мәжбүр болады, дегенмен бұл байланыс бұрынғыдай жылы сипатта болмауы да мүмкін. Сондай-ақ, бұған дейін Мажарстан тарапынан тежелген Еуропалық одақтың Украинаға арналған көмек пакеті қайта жандануы ықтимал. Шамамен 90 млрд еуроға бағаланатын бұл қолдау Украина мен Владимир Зеленскийдің жаңа жағдайдағы ұстанымын нығайтатын маңызды факторға айналмақ. Өз кезегінде Мажарстан да ЕО-ның пандемия салдарымен күрес кезеңінде құрылған қалпына келтіру және қолдау қоры аясында қаржыландыруға үміт арта алады. Бұл жаңа биліктің позициясын бекемдеп, елдегі реформалардың қарқынын жеделдетуге серпін беруі мүмкін.

АҚШ тұрғысынан алғанда, Мажарстандағы сайлау нәтижелері Дональд Трамптың сыртқы саясаттағы ұстанымдарының әлсірей түскенін аңғартады. Ирандағы соғыстың екіұшты нәтижелері, популистік риториканың басымдығы, көші-қонға қарсы саясат – мұның бәрі Еуропалық одақ көшбасшылары тарапынан қолдау таба бермейді. Демократтар Мажарстандағы оппозицияның жеңісін құптап қарсы алды. Жалпы алғанда, осыған ұқсас ұстанымды республикашылдар да білдірді.

Кавказ бен Орталық Азия өңірі үшін Мажарстандағы оқиғалардың жедел салдары бола қояды деп күту қиын. Дегенмен, негізгі үрдіс – Еуропа елдерінің автократиялық жүйелермен байланысының әлсіреуі. Бұған мысал ретінде Әзербайжан Президенті мен Виктор Орбан арасындағы қарым-қатынасты атауға болады, бұл өз кезегінде Арменияның ұстанымын әлсіреткен еді. Сондай-ақ, Израиль факторы мен АҚШ-тың Иранмен текетіресі де назардан тыс қалмайды: Биньямин Нетаньяху да Орбанды қолдаған саясаткерлердің бірі болған. Енді жағдай Еуропаның неғұрлым тұтасып, АҚШ-та демократиялық күштердің ықпалы арта түсуі бағытында өзгеруі мүмкін. Мысалы, Грузия үшін Мажарстандағы өзгерістер айтарлықтай ықпал ете қоймайды. Себебі, бұл елде билік пен оппозиция арасындағы текетірес әлдеқашан шешуші кезеңге өтіп кеткен: екі тарап та қорғаныс шебіне бекініп алған. Ал, Еуропалық одақтың Грузияға қатысты ұстанымы көбіне «тыныш қарсы тұру» сипатында бағаланады.

Қазақстан мен жалпы аймақ үшін бұл айтарлықтай маңызды белгі деуге болады. Сарапшылардың айтуынша, Виктор Орбан ұсынған  «нелибералды демократия» тұжырымдамасы күткендей нәтиже бермеді. Керісінше, Мажарстанда олигархиялық капитализм белгілері күшейіп, сыбайлас жемқорлық байланыстар мен билікті теріс пайдалану үрдістері тереңдей түскен.

Қазақстан үшін ең маңызды мәселе – енді Мажарстанның Виктор Орбан саясаты аясында жүргізілген «Шығысқа бет бұру» бағытындағы белсенділігінің қалай өзгеретіні. Бұл бастама шеңберінде Мажарстан түркітілдес елдермен байланысын кеңейтіп, соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы мәртебесіне ие болды. Бұл – IX ғасырда Еуразия даласынан қазіргі Мажарстан аумағына қоныс аударған көне мажар көшпелілеріне қатысты ел ішінде кең тараған көшпелі мұра идеологиясымен де сабақтас. Мажарлар фин-угор тілдер тобына жатса да, олар түркі халықтарымен тарихи байланыстардың ұзақ дәстүрін сақтап келеді. Қалай болғанда да, мажарлар үшін Орталық Азиямен, әсіресе Қазақстанмен мәдени байланыстарды дамытуға деген қызығушылық әрдайым жоғары болған. Орбан бұл бағытты ауқымды халықаралық жобаға айналдыруға ұмтылғаны белгілі. Енді жаңа үкіметтің тұсында оның көлемі біршама қысқаруы мүмкін, бірақ бұл бағыттан толық бас тарту ықтимал емес. Себебі, жаңа билікке Еуропадағы өз ұстанымын нығайту қажет болады. Еуропалық одаққа бет бұру «позицияны әлсірету» ретінде қабылданбауы тиіс. Сол тұрғыда Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы байланыстар мен Орталық Азиядағы, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынастар Мажарстан үшін Еуропадағы орнын күшейтудің қосымша құралы бола алады. Өйткені, бұл тек Мажарстан үшін ғана емес, жалпы ЕО үшін де маңызды бағыт саналады, ал біздің өңірмен тығыз байланыс Еуропаға да пайдалы болуы мүмкін.

Осылайша, Мажарстан тарихында жаңа кезең басталуда. Бұл – Еуропалық демократия аясындағы кезекті билік алмасу ғана емес, оңшыл популистер жүзеге асырған басқару моделінің бір елдегі тұтас саяси жобасының аяқталуы. Бұл құбылыс Еуропадағы оңшыл популизм ықпалының артуы жағдайында ерекше символдық мәнге ие. Дегенмен, Еуропаның өзі де өзгеріп келеді. Ендігісі – бұл өзгерістердің қай бағытқа алып келетінін уақыт көрсетеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Тиса» – тарихы тым жас партиялардың бірі, ал Мадьярдың өзі небәрі бірнеше жыл бұрын ғана «Фидес» қатарында болған. Алайда, ол билік партиясынан іргесін аулақ салып, ақырында оған қарсы тұрған негізгі саяси күштің көшбасшысына айналды. Петер Мадьярды консервативті бағыттағы саясаткер деп атайды. Дегенмен, Еуропалық одақтағы серіктестерімен қарым-қатынасы күрделі болған Орбаннан айырмашылығы – оның қарсыласы бұл байланыстарды қайта жандандырып, үйлестіруге ниетті. Саяси тұрғыдан алғанда, Мажарстан Еуропада Қазақстанның мүдделерін белгілі бір деңгейде танытатын өзіндік ерекше серіктес ретінде жиі қабылданады. Ол Еуропалық одақ аясында да, жалпы еуропалық қауымдастық кеңістігінде де елімізге жақын ұстанымдарды жүйелі әрі тұрақты түрде қорғай отырып, осы бағыттағы сенімді әріптес ретінде танылып келеді. Сонымен бірге Петер Мадьяр жүйеден тыс келген тұлға емес екенін түсіну маңызды. Ол кезінде Виктор Орбанмен бірге жұмыс істеген, оның бұрынғы серіктестерінің бірі саналады. Оның негізгі уәделері – халық табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықпен қатаң күресу – кезінде Орбанның өзі билікке келген шақта көтерген ұстанымдарды еске салады. Сондықтан, мұнда түбегейлі идеологиялық бетбұрыс туралы айтуға негіз жоқ.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here