Тарих ұлттың жадында қатталған тағдыр. Ал сол тағдырдың ең қасіретті беттерін ұмытпау бүгінгі ұрпақтың рухани парызы. 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қаныш Сәтбаев университетінде өткен «Халық қасіреті – жадымызда» атты тағылымды дөңгелек үстел де дәл осы ұлт жадысын жаңғыртуға бағытталған маңызды рухани алаңға айналды.
Іс-шараны университеттің Қоғамдық пәндер кафедрасы мен ғылыми кітапхана бөлімі ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – ел тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, өткеннің қасіретін ұмытпау, тарихтан тағылым алу және жас ұрпақтың бойына отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру болды. Қаралы тарихтың қасіретін жүрекпен сезіну, азаттық үшін құрбан болған арыстар рухына тағзым ету, өткеннен сабақ алып, келешекке сергек қарау жиынның негізгі өзегіне айналды. Дөңгелек үстел барысында ғалымдар, алаштанушы зерттеушілер, оқытушылар мен қоғам қайраткерлері тарихи зұлматтың себеп-салдары, Алаш арыстарының мұрасы, ұлттық жады мен тәуелсіздік тағылымы туралы мазмұнды пікірлер айтты. Кейде бір халықтың тағдырын түсіну үшін бір ғана тарихи дерек жеткіліксіз. Оны жүрекпен сезіну қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Сәтбаев университетіндегі бұл келелі кездесу құрғақ баяндамадан гөрі ұлттың жан жарасын ұғындырған рухани сұхбат іспетті өтті. Әрбір айтылған ой, әр пікір өткеннің өкінішін ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілікті де терең сезіндірді.
Кездесудің модераторы – Сәтбаев университетінің аға оқытушысы Тұрлыбек Сәлімұлы. Ал кіріспе сөз сөйлеген Е. Түркебаев атындағы Жобаларды басқару институты директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Нұғыманов Шындауыл Елмұратұлы тарихи сананы жаңғырту ұлт болашағы үшін аса маңызды міндет екенін атап өтті. Жиында негізгі пікір білдірушілер қатарында Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің қауымдастырылған профессоры, Мемлекет басшысының жарлығымен құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссиясының мүшесі Қабдөшев Болат Жоламанұлы сөз сөйлеп, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Өткенін ұмытқан ұрпақтың болашағы бұлдыр. Ұлттың рухын сақтайтын ең үлкен күш тарихи жады мен азаттық жолында құрбан болған арыстарға деген құрмет, – деп пікір білдірді Сәтбаев университетінің профессоры, алаштанушы ғалым Салқынбек Досалы Исаханұлы.
Алаш зиялыларының ұлт руханиятындағы орны туралы кеңінен әңгімелеп, жастарды тарихи танымға терең қарауға үндеді. Жиында Сәтбаевтанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, университеттің тарихи музейінің бас маманы Аспандияр Әденұлы, желтоқсаншы, аға оқытушы Ермахан Серікбайұлы да тарихи кезеңдердің тағылымы жөнінде мазмұнды ойларымен бөлісті.
Кездесуге қатысқан студент жастардың белсенділігі де ерекше байқалды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің 2-курс студенті, «Qyr balasy» қоғамдық қорының мүшесі Сәдір Мансұр мен Сәтбаев университетінің студенттері Мұрат Ілияс, Бахыт Жумайбеков тарихи тақырыптарға қатысты пікір білдіріп, өз ойларын ортаға салды. Бұл жастардың ел тарихына бейжай қарамайтын саналы буын болып қалыптасып келе жатқанын аңғартты. Жиынға қатысушылар өткенді ұмытпай, ұлт басынан өткен ауыр кезеңдерді кейінгі ұрпақ санасында сақтау, тарихи әділет пен рухани жауапкершіліктің маңызды көрінісі екенін ерекше атап өтті. Осындай тағылымды кездесулер жастардың ұлттық құндылықтарға құрметін арттырып, елге адал қызмет етуге тәрбиелейтіні де айтылды.

Кездесу соңында қатысушылар халқымыз бастан өткерген нәубет жылдарының тарихы ешқашан ұмытылмауы тиіс екенін тағы бір мәрте еске салды. Себебі, өткеннің қасіреті бүгінгі тәуелсіздіктің қадірін терең сезінуге жол ашатын үлкен сабақ. Ұлт руханиятын сақтау, тарихи сананы жаңғырту келер ұрпақ алдындағы ортақ парыз екені кеңінен айтылды. Сәтбаев университетінде өткен бұл тағылымды басқосу өткенге тағзым жасап қана қойған жоқ, жас ұрпақтың санасына елдік пен еркіндіктің бағасын сіңірген маңызды рухани мектепке айналды. Студент жастардың тарихқа деген қызығушылығы мен белсенді пікірі жиынның мазмұнын тереңдете түсті. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ халқының жүрегіне жазылмас жара салғанымен, сол зұлматтан аман қалған елдің рухы бүгінгі тәуелсіздіктің темірқазығына айналды. «Халық қасіреті – жадымызда» атты тағылымды кездесу де осы тарихи шындықты жас ұрпақтың санасына терең сіңірген рухани алаң болды. Өткеннің ауыр сабағын ұмытпау, болашақ алдындағы жауапкершілік. Себебі, тарихи жады әлсіреген жерде ұлттық сана да көмескі тартады. Ал, Алаш арыстары аңсаған азаттықтың қадірін ұғыну үшін ұлт басынан өткен нәубетті кезеңдерді жүрекпен сезіне білу қажет.
Осындай мазмұнды кездесулер елдік рухты бекемдеп, жастардың бойына тарихқа құрмет, Отанға адалдық, ұлтқа жанашырлық секілді асыл қасиеттерді сіңіреді. Тарихын таныған ұрпақ қана тамырынан ажырамайды. Ал, тамырын ұмытпаған халықтың рухы ешқашан әлсіремек емес. Осындай мазмұнды кездесулер ел жадындағы қасіретті көмескілетпей, тәуелсіздіктің қадірін тереңірек ұғындыратын рухани шамшырақ болып қала бермек.
Индира БІРЖАНСАЛ









