«Кітап – адамзаттың рухани қазынасы»
Қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда кітаптың орны өзгерген жоқ. Керісінше, рухани құндылықтардың қадірі артып тұрған кезеңде кітаптың қоғам үшін маңызы бұрынғыдан да тереңдей түсті. Осы орайда 2026 жылдың 16 мамырында Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық – ел болашағына бағытталған маңызды құжаттардың бірі.
Бұл бастама – жай ғана кітап оқу мәселесі емес. Бұл – ұлттың интеллектуалдық деңгейін көтеру, жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту, қоғамда білім мен мәдениеттің салмағын арттыру жолындағы нақты қадам.
Мен бала кезімнен кітап оқуға құмар болып өстім. Ауылдағы кішкентай кітапхана біз үшін ерекше әлем секілді еді. Жазғы демалысқа шыққаннан кейін бір-бірімізбен жарысып, асыға барып, ертегілер мен повестерді, тарихи шығармаларды қызыға оқитынбыз. Кітап сөрелерінің арасындағы тыныштық, жаңа кітаптың иісі, кітапханашы апайдың жылы жүзбен қарсы алуы – бала көңілде ұмытылмас әсер қалдырды.
Ол кезде ата-аналарымыз совхоздың қарапайым жұмысшылары газет-журналдарды үзбей жаздырып алатын. Үйге келген әр басылымды отбасы болып кезектесіп оқитынбыз. Әкем мақалаларды дауыстап оқып берсе, анамыз тәрбиелік мәні бар дүниелерді талқылайтын. Осындай орта бізді кітапқа жақын етіп тәрбиеледі. Шын мәнінде, кітап оқу мәдениеті ең алдымен отбасынан басталады.
Бүгінде заман өзгерді. Ақпарат алудың мүмкіндігі артты. Алайда кітаптың тәрбиелік және танымдық маңызы ешқашан төмендеген емес. Осы тұста кітапханашы мамандардың еңбегі ерекше құрметке лайық.
Көпшілік кітапханашыны тек кітап беретін қызметкер ретінде қабылдауы мүмкін. Бірақ, шын мәнінде кітапханашы – оқырман мен руханият арасындағы алтын көпір. Әсіресе, балалар мен жастардың кітапқа қызығушылығын арттыруда кітапханашының рөлі айрықша.
Қазіргі кітапханашы заман талабына сай жаңашыл, шығармашыл, ізденімпаз болуы керек. Олар түрлі әдеби кештер, кітап көрмелері, кездесулер, оқырман клубтарын ұйымдастырып, жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятып келеді. Кейде бір кітапханашының дұрыс бағыт-бағдары адамның өмірлік жолына әсер етуі мүмкін.
Өзім қызмет атқарып жүрген Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхана ұжымында да оқырман мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кітап көрмелері, әдеби-танымдық кездесулер, ақпараттық сағаттар, кітап таныстырылымдары мен түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Әсіресе, студент жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жаңа форматтағы жобалар қолға алынуда. Бұл – кітапхананың тек кітап сақтайтын орын емес, рухани әрі мәдени орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.
Президент Жарлығында жаңа форматтағы кітапханаларды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі де өте орынды. Бүгінгі кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес. Ол – білім мен мәдениеттің, шығармашылық пен еркін ойдың орталығы болуы тиіс.
Қазіргі заман кітапханаларында электронды дерекқорлар, мультимедиялық аймақтар, коворкинг орталықтары, шығармашылық кеңістіктер мен ашық оқу алаңдары қамтылған. Оқырмандарды кітапханаға тарту үшін заманға сай қолайлы орта қалыптастырылған.
Әлемдік тәжірибеде кітапханалар қоғамның ең белсенді мәдени орталығы болып саналады. Қазақстандағы кітапханалардың да осы бағытта жаңғыруы, жаңаруы – уақыт талабы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерді. Бұл – кітапхана саласы үшін тарихи маңызы зор шешім.
Осы уақытқа дейін кітапхана ісін жүйелейтін арнайы заңның болмауы сала мамандары үшін үлкен мәселе болып келген еді. Ал жаңа заң кітапханалардың мәртебесін көтеруге, кітапханашылардың кәсіби беделін арттыруға, кітап қорын толықтыруға және баспа ісін дамытуға тың серпін береді деп сенеміз.
Кітапхана – ұлттың рухани жады. Ал кітап оқитын ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.
Бүгінгі жас ұрпақ технологияны еркін меңгергенімен, кітаппен де дос болуы керек. Себебі, кітап адамды ойлауға, саралауға, терең танымға тәрбиелейді. Рухани бай, білімді, парасатты қоғам қалыптастырудың басты жолы да осы.
Президент бастамалары елімізде кітап оқу мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді деп сенеміз. Өйткені, оқитын ұлт қана – зерделі ұлт бола алады.
Сағындық Бақыт Әбдірахманқызы,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің
Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхананың бас кітапханашысы










