Елордада «Құрылтай феномені» таныстырылды

0
289

Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтына қарасты «Ұлы Дала тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шараның ашылуында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан оқып берді.

«Қазіргі кезеңде Қазақстан ғылымының алдында ұлттық тарихымызды, қоғамдық институттарымызды және тарихи тәжірибемізді жаңа ғылыми тәсілдер арқылы қайта қарастыру міндеті тұр. Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған әділетті, білімді және бәсекеге қабілетті қоғам құру жолындағы маңызды бағыттардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, бүгін таныстырылып отырған еңбек тек тарихи-танымдық басылым ғана емес, халқымыздың саяси мәдениеті мен мемлекеттік басқару дәстүрінің эволюциясын ғылыми тұрғыдан талдауға мүмкіндік беретін құнды зерттеу», – делінген құттықтау хатта.

Тұсаукесер модераторы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы «Құрылтай феномені» кітабы Ұлы Дала өркениетіндегі Құрылтай институтын кең ауқымда пайымдауға арналған зерделі ғылыми еңбек екенін атап өтті. «Жаңа кітапта адамзат тарихындағы алғашқы құрылтай дәстүрлерінен бастап қазіргі Қазақстандағы саяси жаңғыру үдерісіне дейінгі тарихи сабақтастық ғылыми тұрғыдан жан-жақты сараланған», – деді ректор.

Жоба бастамашысы әрі кітап авторы Омархан Нұртайұлы «Құрылтай» ұғымының мәнін терең ашу және оның Ұлы Даладағы мемлекеттік басқару дәстүрімен тарихи сабақтастығын ғылыми тұрғыдан зерделеу ұлттық тарихи сананы нығайтудың маңызды қадамы екенін айтты.

Кітап авторының бірі, ғалым Оразбай Зәріпбай Жұманұлы: «Аталған зерттеудің ерекшелігі – кітап мазмұны қазақ тіліне алғаш рет аударылған онға жуық ортағасырлық қолжазба негізінде дайындалған. Жинақталған тың деректер мен ғылыми зерттеулер нәтижесінде жарық көрген еңбек ұлттық мемлекеттілік тарихын терең пайымдауға, тарихи жадымызды жаңғыртуға және ұлттық сананы нығайтуға қызмет етеді», – деп атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, ҚР ҰҒА академигі Оразалы Сәбден, филология ғылымдарының докторы, профессор, дипломат Әділ Ахметов, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, дипломат Қуаныш Сұлтанов, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Ақымбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы сынды ғалымдар Құрылтай институтының дәстүр мен демократия сабақтастығын дамытудағы тарихи рөлін атап өтіп, авторлардың терең ғылыми ізденістеріне жоғары баға берді.

Тұсаукесер рәсімі соңында авторлар қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Құрылтай феномені» кітабының бірнеше данасын Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қорына табыстады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here