Балабақшадағы жаңа ізденіс

0
20

Бір түйір дәннің ішінде қанша сыр бар? Оны алақанға салып қараған адам үшін бұл – жай ғана жүгері дәні. Ал бала үшін ол – зерттеуге, бақылауға, еңбек етуге, тіпті жаңалық ашуға бастайтын кішкентай мүмкіндік. Дәнді қолына ұстап, топыраққа егіп, оның өзгерісін күн сайын бақылаған бала табиғатты танып қана қоймайды. Ол шыдамдылықты, жауапкершілікті, бірлесе жұмыс істеуді үйренеді. Алматыдағы №180 балабақшада өткен қалалық семинарда осы қарапайым әрекеттің бала тәрбиесіндегі үлкен мәні көрсетілді. Оңтүстік Кореяның мектепке дейінгі білім беру тәжірибесіне негізделген әдіс арқылы педагогтер баланың дайын ақпаратты жаттап алуынан гөрі, өз қолымен жасап, байқап, сұрақ қойып, жауап іздеуінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. «Бір дән – мың мүмкіндік» тақырыбындағы семинарда баланың табиғатпен байланысын күшейту, зерттеушілік қабілетін ерте жастан қалыптастыру, шығармашылығын дамыту және еңбекке баулу бағытындағы тиімді тәсілдер ортаға салынды. Қарапайым ғана жүгері дәні арқылы басталған жұмыс балабақшадағы білім берудің мазмұнына жаңаша қарауға жол ашты.

Шараның алғашқы сәтінен-ақ екі мәдениеттің үндестігі байқалды. Қатысушыларды №180 бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Гүлмира Жарқымбекқызы қарсы алып, семинарның мақсат-міндетімен таныстырды. Музыкалық сәлемде бүлдіршіндер қазақтың «Тор жорға» биін және корейдің «Құлпырған гүлдер» биін орындады. Бірі – ұлттық болмыстың белгісі болса, екіншісі – өзге мәдениетке қызығушылықтың көрінісі. Осылайша семинардың негізгі идеясы өнер арқылы да айқындала түсті.

Әдіскер Кәмшат Арманқызы «Бір дән – мың мүмкіндік» тақырыбын таныстырып, жобаның мазмұнына тоқталды.

Семинар қатысушылары алдымен балабақшаның тынысымен танысып, «Алтын дәннің ғажайып әлемі» атты көрмені тамашалады. Көрмедегі әр жұмыс – баланың қол еңбегінің нәтижесі. Бүлдіршіндер жүгері дәнін өздері егіп, оған күтім жасаған. Өскен өнімді жинап, тазалап, одан түрлі ойыншықтар мен қолөнер бұйымдарын әзірлеген. Жүгеріден тәтті бәліш пісіріп, попкорн жасап, өз еңбегінің нәтижесін де көрген. Мұндай тәсілде дайын жауап жоқ. Бала өзі байқайды, өзі сұрайды, өзі жасап көреді. Бір дәннің қалай өсетінін бақылау арқылы табиғатты таниды. Еңбек етіп, оның нәтижесін күту арқылы шыдамдылыққа үйренеді. Бірге жұмыс істеп, ортақ нәтиже шығарғанда топпен әрекет етудің мәнін түсінеді. Яғни мұнда жүгері баланың танымын дамытатын құрал.

№180 бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Гүлмира Оспанова шетелдік тәжірибені енгізудің басты ұстанымы оны дайын күйінде қайталау емес екенін атап өтті.

– Бұл – шетелдік тәжірибені Қазақстанға сол күйінде енгізу емес. Керісінше, ол өз мүмкіндіктерімізге жаңа қырынан қарауға жол ашты. Оңтүстік Кореяның озық тәжірибесін күнделікті жұмысымызбен ұштастырып, ұлттық құндылықтарымызбен үйлестіре отырып қолдану  негізгі мақсатымыз, – деді Гүлмира Оспанова.

Бұл ұстаным жобаның мазмұнынан да анық көрінеді. Шетелдік тәжірибеден алынған зерттеу, бақылау, тәжірибе жасау әдістері қазақы ортадағы еңбек тәрбиесімен, табиғатты аялау және бірлесіп әрекет ету құндылықтарымен сабақтасып отыр. Семинардың келесі бөлімінде педагог-психолог Нұргерім Асанбайқызы жасанды интеллект көмегімен әзірленген «Жүгері әлеміне саяхат» бейнеролигін ұсынды. Бүгінгі баланың ақпаратты қабылдау тәсілі өзгерген. Сондықтан балабақшадағы тәрбие үдерісіне заманауи технологиялардың енуі де заңды. Алайда технологияның өзі мақсат емес. Оның құндылығы – баланың қызығушылығын арттырып, қоршаған ортаны тануына көмектескенде. Осы тұрғыдан алғанда жасанды интеллект жобаның мазмұнын толықтыратын құрал ретінде пайдаланылған.

Ал тәрбиешілер Гүлім Серікханқызы мен Айжан Тұрапқызы «Сары дәннің сыры» атты ұйымдастырылған сабақ арқылы балалардың бақылау, ойлау, сұрақ қою және өз ойын жеткізу қабілетін көрсетті. Бұдан кейін логопед Назым Мұсақызы «Миға шабуыл» шығармашылық ой қозғауы ұйымдастырылды. Мұнда да басты назар баланың дайын жауапты жаттап алуына емес, өз ойын еркін айтуына аударылды.

 Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтың әдіскері Жанар Әнуарбекқызы семинар барысында тәрбиеші, психолог, логопед жұмысының өзара байланысына назар аударды.

– Мұндай семинарлар педагогтер үшін де пайдалы. Оған дайындық барысында мамандар кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Бүгін логопед пен психологтің, тәрбиешілердің жұмысын көрдік. Мектепалды топтағы балалар да өз ойларын еркін әрі жақсы жеткізе алатынын көрсетті, – деді Жанар Тұралина.

Шараға Түрксіб ауданы Білім бөлімінің басшысы Жанна Қадылханқызы, қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтың әдіскері Жанар Әнуарбекқызы, республикалық «Білім айнасы» бұқаралық ақпарат құралының журналисті Ақерке Амангелдіқызы, Түрксіб ауданының мобильді тобы мен әдістемелік бірлестік мүшелері қатысты.

Семинар бағдарламасында балабақша тынысымен танысу, «Алтын дәннің ғажайып әлемі» көрмесі, «Жүгері әлеміне саяхат» бейнеролигі, «Сары дәннің сыры» ұйымдастырылған іс-әрекеті, «Миға шабуыл» шығармашылық ой қозғауы қамтылды. Шара соңында әдіскер Кәмшат Арманқызының ұйымдастыруымен «Екі жұлдыз, бір тілек» қорытынды бөлімі өткізіліп, қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Бүгінде Алматыдағы мектепке дейінгі ұйым педагогтері Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, Германия, Польша және Ұлыбританияның тәжірибесін зерделеп, тиімді әдістерін өз жұмыстарына енгізіп келеді.Бұл – заман талабына сай ізденістің көрінісі. Бірақ кез келген жаңашылдықтың өміршеңдігі оның ұлттық негізбен қаншалықты үйлесетініне байланысты.

Семинар барысында ұсынылған әрбір тәжірибелік жұмыс баланың білімді дайын күйінде қабылдауынан гөрі, оны өз қолымен жасап, бақылап, байқап, іздену арқылы меңгеруінің маңызын көрсетті. Бір қарағанда қарапайым ғана жүгері дәнінен басталған жұмыс балалардың табиғатқа қызығушылығын оятып қана қоймай, еңбекке баулудың, зерттеуге жетелеудің және бірлесіп әрекет етудің тиімді құралына айналған. Бұл – мектепке дейінгі тәрбиеде үлкен нәтижеге жету үшін күрделі әдістен бұрын, баланың қызығушылығын дұрыс бағыттай білудің маңызды екенін аңғартты. Семинар соңында қатысушыларға Кореядағы мектепке дейінгі білім беру жүйесінің ерекшеліктері мен педагогикалық тәжірибесін таныстыратын бейнематериал көрсетілді. Бейнеролик арқылы корей балабақшаларындағы балалардың табиғатпен байланысы, зерттеу жұмыстарына ерте жастан тартылуы, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған заманауи әдістері таныстырылды. Бұл бейнематериал семинар барысында ұсынылған тәжірибелік жұмыстарды халықаралық білім беру тәжірибесімен сабақтастырып, педагогтерге жаңа идеялар мен тың ізденістерге жол ашты.

Түйіндей айтқанда, мұндай семинардың құндылығы – дайын әдісті көрсетіп қана қоюында емес, педагогке балаға басқа қырынан қарауға мүмкіндік беруінде. Бүгінгі баланың әр сұрағы ертеңгі ізденістің бастауы. Ал сол сұраққа жауап іздеуге жағдай жасау, баланың өз бетімен байқап, зерттеп, нәтижеге жетуіне мүмкіндік беру заманауи тәрбиешінің басты міндеттерінің бірі. Бір дәннен басталған шағын тәжірибе осындай үлкен ойға жетеледі. Демек, баланың бойындағы мүмкіндікті дер кезінде байқап, оны дұрыс бағыттай білсек, кішкентай ғана дәннің өзінен мың мүмкіндік өндіруге болады.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here