Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28-30 қыркүйек күндері Германияға жасаған ресми сапары елдің екі бірдей ірі қаласында өтті. Берлинде Мемлекет басшысы Германия басшылығымен және іскер топтардың өкілдерімен жүздессе, ал Мюнхенде Баварияның бизнес қауымдастығымен технологиялар мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың келешегін талқылаған мазмұнды кездесу өткізді.
Сапардың осы екі негізгі нүктесін жалғап тұрған өзек – өзара сенім мен нақты уағдаластықтардан оларды іс жүзінде жүзеге асыруға дейінгі жол. Қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Германия үшін қандай жаңа мүмкіндіктерге жол ашады? Екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеретін бастамалар нақты жобаларға қалай ұласпақ? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздейміз.
САУДА КӨЛЕМІНЕН ӨНДІРІС ТІЗБЕГІНЕ ДЕЙІН
Бүгінде Қазақстан мен Германия арасындағы талқылау тек сауда көлемімен шектелмейді. Күн тәртібінде шикізатты өңдеу, өнеркәсіптік кооперация, сенімді көлік дәліздерін дамыту, энергетика және білікті мамандар даярлау мәселелері тұр.
Астана мен Берлин арасындағы қарым-қатынастың экономикалық негізі берік. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 4,4 млрд долларға жетті.
2026 жылдың қаңтар-шілде айларында тауар айналымы 2,57 млрд долларды құрап, 4,4 пайызға өсті. Қазақстан экспорты 15,3 пайызға артып, 840 млн долларға жетсе, импорт көлемі 1,73 млрд доллар болды. Соның нәтижесінде сауда тапшылығы шамамен 893 млн долларға дейін қысқарды. Яғни, сауда көлемі өсіп келеді. Сонымен қатар, оның құрылымы да біртіндеп өзгеруде. Қазақстан Германияға тек шикізат жеткізуші ел ретінде қалмай, ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруды ұсынып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеті де осыған саяды: ресурстарды барлау мен өңдеуден бастап, қосылған құны жоғары өнім өндіруге дейінгі тұтас өндірістік тізбектерді бірлесіп қалыптастыру. Келіссөздер барысында энергетика, машина жасау, химия өнеркәсібі, аграрлық сектор және цифрлық технологиялар секілді басым бағыттар да талқыланды.
Келіссөздер барысында Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан жеке үлесін атап өтіп, бұл сапар Қазақстан мен Германия байланысын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Астана үшін жаңа деңгей – тек сауда көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар неміс компанияларының Қазақстан өнеркәсібін дамытуға ұзақ мерзімді негізде атсалысуын қамтамасыз ету. Бүгінде Қазақстанда Германияның қатысуымен құрылған мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Неміс капиталы энергетика, құрылыс, агроөнеркәсіп, көлік және басқа да салаларға тартылған.
Мемлекет басшыларының Бірлескен декларациясында өндірістік кооперацияны дамыту, аса маңызды шикізат түрлерін өңдеу, Қазақстан аумағында қосылған құнды арттыру және тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыру жөніндегі міндеттер жеке-жеке айқындалған.
ЖЕРГІЛІКТІ ӨНДІРІСТІ ДАМЫТУ БАҒЫТТАРЫ
Берлинде өзара сабақтас екі маңызды ұстаным айқын көрініс тапты. Біріншісі – Қазақстан Еуропамен стратегиялық ықпалдастықты жүйелі түрде нығайтып келеді. Екіншісі – Еуропамен байланыстарды кеңейту Қазақстанның дербес сыртқы саяси бағытына және өзге де ықпалды орталықтармен қалыптасқан сындарлы қарым-қатынасына сызат түсірмейді. Әртүрлі серіктестермен ашық әрі сындарлы диалог орната білу – Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымының маңызды ерекшеліктерінің бірі болып қала береді.
Екіжақты қарым-қатынасты дамытудың жаңа тәсілі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мюнхенде өткізген келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтардан көрініс тапты.
Алғашқы кездесу Siemens компаниясының басшылығымен (суретте) өтті. Компанияның Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылға жуық уақыт болды. Ендігі кезеңде тараптар өнеркәсіпті цифрландыру, автоматтандыру, энергетика мен коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, интеллектуалды инфрақұрылым және медициналық технологияларды дамыту мәселелерін талқылауда. Атап айтқанда, Siemens пен Silk Road Electronics компанияларының Qarmet кәсіпорнындағы жабдықтарды жаңғырту жобасы сөз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мақсаты тек жабдық сатып алумен шектелмейтінін нақты айтты. Елге өндірістік, инженерлік және сервистік қуаттарды қалыптастыру қажет. Яғни, Қазақстан технология мен өнімді тұтынатын нарық қана емес, жаңа құзыреттер қалыптасып, жұмыс орындары ашылатын, өндіріс ошақтары бой көтеретін серіктестік алаңына айналуы тиіс.
Linde компаниясымен ынтымақтастықтан да осы ұстанымның жалғасын көруге болады. Компания Қазақстанда жалпы құны 500 млн долларға дейін жететін жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Qarmet-пен бірлесіп Теміртауда ауа бөлу қондырғысын салу жобасы бар. Кездесу барысында мұнай-химия өнеркәсібі, сутегі инфрақұрылымы, көмірқышқыл газын ұстау және сақтау мәселелері де талқыланды. Ал, Aurubis компаниясының басшылығымен өткен кездесуде мыс шикізаты мен металл сынықтарын өңдеу, ілеспе металдарды бөліп алу, қайта өңдеу және өндірістің кейінгі кезеңдерін жолға қою мәселелері сөз болды. Қысқасы, бұл үш компания үш түрлі бағытты айқындайды: Siemens – технология мен цифрландыру, Linde – өнеркәсіптік инфрақұрылым және жаңа энергетикалық шешімдер, Aurubis – шикізатты терең өңдеу.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саясатты зерттеу институтының аға сарапшысы Валерий Ситенконың пікірінше, қазіргі сапар Қазақстан мен Германия арасындағы көпжылдық қарым-қатынастың заңды жалғасы бола отырып, екіжақты байланысты жаңа мазмұнмен толықтырып отыр.
Сарапшы өнеркәсіптік, технологиялық және шикізаттық ынтымақтастықты 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасының қабылдануын айрықша маңызды қадам деп санайды.
«Біз біртіндеп шикізат пен транзитке негізделген өзара іс-қимылдан бірлескен өндіріс құруға, стратегиялық маңызы бар материалдарды өңдеуге және Қазақстан аумағында технологиялық өндіріс тізбектерін қалыптастыруға бет бұрып келеміз», – дейді Валерий Ситенко.
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Лидия Пархомчик мәселенің тағы бір қырына назар аударады. Оның айтуынша, соңғы жылдардағы сауда өсіміне Қазақстаннан мұнай мен металдардың жеткізілуі, сондай-ақ Германиядан техника мен құрал-жабдық импортының артуы да ықпал еткен. Алайда, алдағы мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді.
Германияға ресурстарды тұрақты әрі сенімді жеткізу қажет болса, Қазақстанға оларды тереңірек өңдеуге мүмкіндік беретін технологиялар мен инвестициялар керек. Сондықтан, стратегиялық маңызы бар материалдарды игеру екі ел ынтымақтастығының ең перспективалы бағыттарының біріне айналып отыр.
Саясаттанушы, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Цифрлық әлеуметтік ғылымдар орталығының жетекшісі Рүстем Мұстафин бұл сапарға мәселенің практикалық қырынан қарауды ұсынады. Оның пікірінше, Германияның Қазақстанға деген қызығушылығы бірден бірнеше бағытта тоғысып отыр: энергетикалық ресурстар, стратегиялық маңызы бар материалдар және көлік-логистикалық әлеует.
Бұл ретте қаржыландыру, тәуекелдерді сақтандыру, қажетті инфрақұрылым және инвесторларға түсінікті әрі тұрақты ережелер айрықша маңызды. Сондықтан, Қазақстан-Германия инвестициялық-қаржылық платформасын құру туралы бастаманың мәні зор.
«Бұл платформа неміс және еуропалық капиталды Қазақстан тарапынан бірлескен қаржыландыру тетіктерімен, кепілдіктермен және тәуекелдерді бөлісу механизмдерімен ұштастыруға мүмкіндік беруі тиіс. Басқаша айтқанда, сапардың алғашқы күні ауқымды уағдаластықтарға қол жеткізумен ерекшеленсе, ендігі міндет – сол келісімдердің қағаз жүзінде қалмай, нақты жерде іске асуына жағдай жасау», – дейді саясаттанушы.
ҚАЗАҚСТАН–БАВАРИЯ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ФОРУМЫ
Президенттің Мюнхендегі сапары екіжақты ынтымақтастықтың тағы бір маңызды қырын айқындады. Бавария – Германияның қатардағы өңірі ғана емес, елдің ірі өнеркәсіптік әрі технологиялық орталығы. Сондықтан, Бавария Премьер-министрі Маркус Зёдермен, Ландтаг төрайымы Ильзе Айгнермен және Экономика, өңірлік даму және энергетика министрі Хуберт Айвангермен өткен кездесулердің практикалық мәні зор.
Қазақстан тарапынан компаниялар арасындағы тікелей байланысты кеңейту, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Алайда, ең мазмұнды бастамалар Қазақстан-Бавария технологиялық форумында көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның алдына қойып отырған міндетті барынша түсінікті түрде тұжырымдады.
«Біздің мақсат-мұратымызды қарапайым формуламен көрсетуге болады: Баварияның технологиялары қолданылып, неміс сапасына сай Қазақстанда өндірілген өнім», – деп атап өтті Президент.
Осы формуланың ар жағында нақты бағыттар тұр: машина жасау, металлургия, электр техникасы, өнеркәсіпті автоматтандыру, роботтандыру, өндірісті цифрлық басқару, микроэлектроника және агроөнеркәсіп кешені.
Егер өндіріс пен технология екіжақты ынтымақтастықтың жаңа моделінің өзегіне айналса, Қазақстанға технологиялық компаниялар, инженерлік орталықтар, сервистік бөлімшелер, зерттеу ұйымдары мен инвесторлар бір ортада тоғыса алатын алаңдар қажет. Осы тұрғыдан алғанда, күн тәртібіне Alatau City жобасы шығады. Қазақстан шетелдік бизнеске тек нарық, шикізат немесе жекелеген өндіріс алаңын ғана емес, технология, зерттеу, өндіріс пен инвестиция тоғысатын жаңа кеңістік ұсынуда. Яғни, әңгіме технологияның идея мен ғылыми әзірлемеден бастап, нақты өндіріске еніп, дайын өнім ретінде нарыққа шығуына дейінгі бүкіл жолын қамтитын орта қалыптастыру туралы болып отыр.
Бұл ұстаным Қазақстанның Баварияға жасаған ұсыныстарымен де үндеседі. Атап айтқанда, Президент Bavarian Chips Alliance ұйымының қатысуымен серіктестік бағдарламасын іске қосуды, сондай-ақ Транскаспий бағыты бойында өнеркәсіптік және логистикалық хабтар желісін дамытуды ұсынды. Сонымен қатар, Алматыда Бавария экономикасының өкілдігін ашу туралы ұсыныс айтылды. Мұндай өкілдік тек Қазақстан нарығымен ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдерінің нарықтарымен жұмыс істей алар еді.
АДАМ КАПИТАЛЫ
Бұл жүйенің толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін тағы бір маңызды фактор бар. Ол – адам капиталы. Германия Қазақстан үшін озық технологиялар мен заманауи жабдықтарымен ғана емес, мамандар даярлау жүйесімен де қызықты. Сапар барысында жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ дуальды білім беруді дамытуға ерекше мән берілді. Өнеркәсіптік жобалар үшін мұның маңызы зор. Қазақстанға заманауи кәсіпорын келген жағдайда, оған инженерлер, операторлар, бағдарламашылар, технологтар, автоматтандыру және сервистік қызмет мамандары қажет болады.
2026 жылы Қазақстан мен Еуропалық одақ виза рәсімдерін жеңілдету жөніндегі келісімге қатысты келіссөздерде айтарлықтай ілгеріледі. Келіссөз жүргізуші тараптар келісім жобаларын әзірлеу жұмысын аяқтады. Енді құжаттарға қол қою алдында қажетті ішкі рәсімдер жүргізілуде.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Мемлекет басшысының Германияға жасаған үш күндік ресми сапары барысында Берлин мен Мюнхен Қазақстан-Германия қарым-қатынасының екі негізгі қырын айқындады. Біріншісі – өзара сенім мен күрделі халықаралық мәселелерді қоса алғанда, ашық саяси диалог. Екіншісі – ортақ экономикалық жұмыс. Мемлекет басшысы бұл үдеріске айқын бағыт-бағдар беріп отыр: Германия басшылығы мен бизнесінің назарын Қазақстанның мүмкіндіктеріне аудару, инвестицияны елдің индустриялық дамуымен сабақтастыру және саяси диалогты екі мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделерімен ұштастыру.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары тағы бір «үлкен құрылыстың» басталғанын аңғартады. Бұл жолы әңгіме тек инфрақұрылым жайында емес, өнеркәсіп пен технологияны жаңа деңгейге көтеру туралы болып отыр. Оның өзегінде – Қазақстанның ресурстары мен мүмкіндіктерін Баварияның озық технологияларымен және неміс сапа стандарттарымен ұштастыру идеясы жатыр.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ









