Жетекші университет Жамбылды ұлықтады

0
258

Уақыт өзгереді. Заман жаңарады. Бірақ халықтың жадында сақталған асыл сөздің ғұмыры үзілмейді. Өйткені елдің өткенін бүгінге, бүгінін келешекке жалғайтын алтын арқау – ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани мұра. Сол мұраның ішінде ғасырлар қойнауынан жетіп, қазақтың сөз өнерімен бірге жасасып келе жатқан Жамбыл жырының орны бөлек.

Жамбыл – өз дәуірінің шындығын жырға қосқан ақын ғана емес, халықтың үнін жоғалтпай жеткізген сөз зергері. Оның толғауынан елдің тағдыры, даланың тынысы, халықтың мінезі мен арман-аңсары сезіледі. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан ақындық дәстүрдің желісін үзбей, оны жаңа заманның белесіне алып шықты. Сондықтан Жамбыл мұрасы туралы сөз қозғау – бір ақынның шығармашылығын ғана таразылау емес, ұлттың рухани жолына үңілу. Арада қанша уақыт өтсе де, Жамбыл сөзі ескірген жоқ. Керісінше, әр буын одан өзіне қажетті ойды тауып, әр кезең оның мұрасына жаңаша көзқараспен келеді. Бір кезде халықтың мұңын сөйлеген жыр бүгін елдік пен бірліктің, отаншылдық пен адамдықтың мәнін тереңдете түсетін рухани сабаққа айналды.

ПРЕЗИДЕНТ ҚҰТТЫҚТАУ ЖОЛДАҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ

Осыны айғақтаған маңызды басқосудың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай өткен «Жамбыл және қазіргі дәуірдің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. Жиында ақын мұрасының сан қыры ғылыми тұрғыдан сараланып қана қоймай, тәуелсіздік жылдарындағы жаңа зерттеулер негізінде әзірленген «Жамбылтану» бес томдығының тұсауы кесілді.

Халықаралық басқосуға еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері жиналды. Жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, генерал-полковник, Халық Қаһарманы Сәт Тоқпақбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек қатысты. Сонымен бірге Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Манас, фольклор, ақындар поэзиясы бөлімінің басшысы Мээрим Көлбаева, Өзбекстаннан келген профессор Насриддин Назаров, елімізге белгілі ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, тарихшылар мен филологтар, профессор-оқытушылар және студент жастар бас қосты. Жиынның мән-мазмұны Мемлекет басшысының құттықтау хатында да айқын көрініс тапты. Президенттің құттықтауын ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында Жамбыл Жабаевтың ұлттық мәдениеттегі айрықша орнын атап өтіп, оның айтыс өнерінің өрісін кеңейтуге және қазақ-қырғыз әдеби-мәдени байланыстарының нығаюына қосқан үлесіне жоғары баға берді.

– Жамбыл Жабаев – ұлт мәдениетінде ерекше орны бар тарихи тұлға. Халқымыздың біртуар перзенті айтыс өнерінің өрісін кеңейтуге, қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Өз дәуірінің тыныс-тіршілігін асқан шеберлікпен суреттеп, жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Ақынның шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылып, барша адамзатқа ортақ қазынаға айналды, – делінген Президенттің құттықтауында.

Бұл – Жамбыл мұрасының ұлттық әдебиеттің аясында ғана қалмай, жалпыадамзаттық рухани кеңістіктен де өз орнын тапқанын аңғартатын баға.

ҰЛТТЫҚ СӨЗ ӨНЕРІНІҢ АЛЫП БӘЙТЕРЕГІ

Конференция барысында ҚазҰУ Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Жамбыл шығармашылығын зерделеудің қазіргі ғылым үшін маңызын атап өтті.

– Жамбыл мұрасының маңыздылығы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жамбыл – ұлттық поэзиямыздың алып бәйтерегі, халқымыздың рухани феномені. Оның бай мұрасы – отансүйгіштік пен елдіктің, бірлік мен парасаттың сарқылмас қайнар көзі», – деп ерекше атап өткен болатын. ХХ ғасырдың бірінші жартысында жыр-дастан дәстүрі жойылу қаупіне ұшыраған аласапыран заманда тарих сахнасына Жамбыл шықты. Ана тіліміз бен ұлттық жадымызды келешек ұрпаққа аман-есен жеткізе білді. Табиғи талантымен танылған ол көзі тірісінде-ақ «ХХ ғасырдың Гомері» әрі «қазақ поэзиясының алып тұлғасы» деген жоғары құрметке ие болды, – деді ректор.

Халықаралық конференцияда Жамбыл мұрасы бір ғана әдебиеттану тұрғысынан қарастырылған жоқ. Ақын шығармашылығының тарихи-мәдени сипаты, айтыскерлік өнері, жыраулық дәстүрді дамытудағы орны, халық әдебиетіндегі қызметі, тілдік және көркемдік ерекшеліктері кеңінен талқыланды. Бұл мәселелердің әрқайсысы Жамбыл феноменінің күрделілігін аңғартады. Өйткені Жамбылды тек айтыскер ақын ретінде тану оның шығармашылық болмысын толық ашпайды. Оның жырларынан халықтың тарихи санасы, заманның қоғамдық тынысы, елдің арман-тілегі, ұлттық мінез бен дүниетаным көрініс табады. Конференцияда осы бағыттар бойынша мазмұнды баяндамалар жасалып, ақын шығармашылығын қазіргі ғылыми ізденістер тұрғысынан қарастырудың өзекті мәселелері сөз болды.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып ұлттық әдебиеттегі ірі тұлғалардың мұрасын бір-бірінен бөліп қарамай, өзара сабақтастықта зерттеудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Жамбыл шығармашылығын зерделеу қазақ әдебиетінің тарихи даму заңдылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл ретте Жамбылдың әдеби дәстүрдегі орны ғана емес, оның өзіне дейінгі жыраулық, ақындық мектептермен байланысы және кейінгі буынға әсері де зерттеуді қажет ететін маңызды бағыттардың бірі.

«ЖАМБЫЛТАНУ» – ҒЫЛЫМИ ІЗДЕНІСТІҢ ЖЕМІСІ

Конференция аясында көпшілік назарына ұсынылған «Жамбылтану» бес томдығы – жиынның мазмұнын толықтырған айтулы жаңалықтың бірі. Тәуелсіздік жылдарындағы жаңаша ғылыми көзқарас негізінде әзірленген бұл іргелі еңбек Жамбылдың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын жүйелі түрде саралауға арналған. Бес томдықта ақынның шығармашылық мұрасы ғана емес, оны қалыптастырған әдеби орта, дәстүрлі поэзиядағы орны, туындыларының көркемдік сипаты мен идеялық мазмұны кеңінен қамтылған.

Көптомдықтың жарық көруі – Жамбыл мұрасын бір арнаға түсіріп, жинақтап, ғылыми айналымға жүйелі түрде енгізудің маңызды нәтижесі. Ұлы тұлғаның мұрасын уақыт талабына сай қайта қарастырудың қажеттілігі де осында. Себебі әр кезең Жамбыл шығармашылығына өз сауалымен келеді. Бір буын ақын жырынан елдік рухты таныса, енді бірі оның тілдік шеберлігіне үңіледі. Зерттеуші үшін ол – тарихи дерек пен әдеби құбылыс. Сондықтан «Жамбылтану» бес томдығының ғылыми айналымға енуі – бір ақынның шығармашылығын қайта жинақтаудан әлдеқайда кең ұғым. Ол – ұлттық әдебиеттану ғылымының қорын толықтыратын, Жамбыл мұрасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін іргелі еңбек.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жамбыл Жабаевтың ұлылығы – сол дәуірдің шындығын адамзатқа ортақ құндылықтармен ұштастыра білуінде. Оның жырларында туған жерге деген сүйіспеншілік те, елдің бірлігі де, адамдық қасиет пен ар-намыс та бар. Сондықтан Жамбыл сөзі уақыт өткен сайын алыстамайды. Керісінше, жаңа ұрпақпен бірге қайта жаңғырып, жаңа мағына үстейді. ҚазҰУ төрінде өткен халықаралық конференция осы сабақтастықтың бір көрінісі. Ал «Жамбылтану» бес томдығы сол рухани мұраны ғылыми тұрғыдан жүйелеп, кейінгі буынға жеткізудің нақты жемісі. Ұлы ақынның 180 жылдығына арналған жиынның негізгі өзегі де осында тоғысты: Жамбылды ұлықтау – ұлттың сөз өнеріне, тарихи жадына, рухани тамырына тағзым ету. Жамбылдың жыры халықпен бірге туған. Халықтың жүрегінен шыққан сол сөз ғасырларды аттап, бүгінгі күнге жетті. Ендігі міндет – оны келер ұрпақтың жүрегіне жеткізу. Өйткені ұлттың рухани қазынасы сақталған жерде оның жады да жоғалмайды. Ал Жамбыл мұрасы – сол жадының ең биік белестерінің бірі.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here