Жолдау жаңа міндеттер жүктеді

0
2823

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 35 жылдығы мен жаңа Конституцияның тарихи маңызын атап өтіп, ел дамуының бағыттарын айқындап, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.

Жолдаудағы бастамалар экономиканы жаңғыртуға, инфрақұрылымды дамытуға, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

«Халықтық құрылыс»: халық игілігіне бағытталған бастама

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп, елдің барлық өңірінде құрылыс жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл бастаманың халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуға тиіс екенін айтты.

«Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды. Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз», – деді Мемлекет басшысы.

Президент құрылыс жұмыстарын жекелеген жобалармен шектемей, барлық өңірде кең көлемде жүргізу қажеттігін де атап өтті.

«Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы мақсатта Үкіметке Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеу міндеті жүктелді.

«Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы Қордың негізгі мақсаты ел байлығын сақтау және арттыру, оны қазіргі әрі келешек ұрпақтың игілігіне жарату екенін атап өтті.

«Бірақ Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек. Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдауда жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін құрылыс жұмыстарына тарту және жобалардың орындалуын қатаң бақылау қажеттігі де айтылды. Жоспар бойынша, өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынып, білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық мекеменің құрылысы басталмақ. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, елді мекендерді газбен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген.

Мемлекет басшысы осы ел игілігін арттыруға арналған үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау беруді  атап өтті.

– «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтымақ.

Сапалы жолдар – жаңа экономикалық мүмкіндіктер

Жолдауда Мемлекет басшысы логистика елдің өсіп-өркендеуіне тікелей ықпал ететін маңызды фактор екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді», – деді Президент.

Оның айтуынша, теңіз жолдарындағы тұрақсыздық құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын арттырды. Қазақстан осы мүмкіндікті пайдаланып, Еуразиядағы жетекші логистикалық орталыққа айналуға тиіс. Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына тасымалданатын жүктің 85 пайызы еліміздің аумағы арқылы өтеді.

«Алайда барға қанағат етіп, тоқмейілсіп отыру – болашақта көш соңында қалу деген сөз. Біз халықаралық жүк тасымалы ағындарының толыққанды ұйымдастырушысы болуымыз керек. Бұл үшін отандық логистикалық операторларды дамытып, жүктерді шоғырландырумен және бөлумен айналысатын орталықтар құруға баса назар аударған жөн. Сондай-ақ, көлік тораптарының айналасынан жаңа өндірістер мен сауда орындарын ашу маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын заманауи теміржол және көлік жолдары желісін құруды стратегиялық міндет деп атады.

Осы бағытта бірқатар ірі жоба жүзеге асырылмақ. Келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу жоспарланған. Оның арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артпақ. Ал тамыз айында құрылысы басталған «Арал – Каспий» күре жолы Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтпақ.

Көлік жолдарының сапасы да назардан тыс қалмады. Жүк көлемі жыл сайын ұлғайған сайын жол инфрақұрылымын жаңғырту қажеттігі артып келеді. Осыған байланысты «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту, республикалық және жергілікті деңгейдегі жолдарды сапалы салу, автокөлік өткізу бекеттерін жаңғырту міндеттері қойылды.

«Қайталап айтамын: Бізге сапасы өте жоғары жолдар керек. Битум мен қиыршық тастардың сапасын алға тартып, сылтау айтуға жол берілмейді», – деді Мемлекет басшысы.

Президент шекарадағы ұзын-сонар кептелістерді азайтып, Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдік тасымалдаушыларға тиесілі болғандықтан, отандық жүк тасымалдаушыларға қолдау көрсету керектігін де атап өтті.

«Естеріңізге салайын: қызмет көрсетуге арналған заманауи инфрақұрылымы бар сапалы жолдар болмаса, Қазақстан жаһандық деңгейдегі транзиттік аймаққа, яғни Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айнала алмайды. Бұл жұмыстардың түпкі мәні – осында. Біз бұл міндетті қалайда орындауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көлік-логистика саласындағы тағы бір маңызды бағыт – әуе тасымалы. Президент Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі әуе дәліздері Қазақстан аумағы арқылы өтетінін елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басымдық екеніне тоқталды.

«Осы басымдығымызды тиімді пайдалану үшін жерде қызмет көрсетуге арналған озық инфрақұрылым құру қажет. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Ал, әзірге қыруар табыс уысымыздан шығып кетіп жатыр», – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгінде елімізде бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.

«Мұндай нысандарды бір мезетте салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады. Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент халықаралық көлік бағыттарын толық цифрландыру қажеттігін атап өтті.

«Жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзит ағындарын қағаз жүзінде басқару – ақылға қонымсыз іс. Бұл – құрдымға апаратын ең төте жол», – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа қуат көздері

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыруды ел экономикасының тұрақты дамуы мен технологиялық өрлеуінің маңызды шарты ретінде атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі кезеңді шын мәнінде «электр дәуірі» деп атауға болады. Сондықтан Қазақстан өзінің шикізаттық артықшылығын энергетикалық және технологиялық тұрғыдан өрлеу үшін пайдалануға тиіс.

Президент энергетика саласында қордаланған мәселелерге де назар аударды. Елде электр энергиясының тапшылығы байқалып, қыс мезгілінде қуат көзін көрші мемлекеттерден қымбат бағамен сатып алуға тура келетіндігін, жаңа генерация нысандарының құрылысы мен іске қосылу мерзімдерінің кейінге шегерілуі де саланың дамуына әсер етіп отырғандығын айтты.

«Сондықтан еліміз 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жету керек. Бұл – біздің алдымызда тұрған стратегиялық міндет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы мақсатқа жету үшін жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы нысандар мен электр желілерін жаңғырту, «таза» көмір генерациясын және жаңартылатын энергия көздерін дамыту көзделіп отыр. Сонымен бірге атом энергетикасына ерекше мән беріліп, «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастау және «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын жеделдету мәселесі көтерілді.

Мемлекет басшысы атом энергетикасын дамытуда ұзақ мерзімді жоспарлаудың маңызын да атап өтті. Атом электр станцияларын уранмен қамтамасыз ету, мемлекеттік стратегиялық қор құру, шетелдік серіктестерді жоғары технологиялық өндірістер ашуға және ұлттық мамандарды даярлауға тарту мәселелерін жан-жақты пысықтау қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар Үкіметке 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімді қайта қарау міндеті қойылды. Президент энергетикалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда жеке инвестицияларды тартудың маңызын атап өтіп, мемлекет қаражаты жеке инвестиция тартуға кепіл болуы керектігін айтты.

Шағын және орта бизнесті қолдау

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің экономикадағы рөліне ерекше назар аударды. Президент отандық өндірушілерге жасалатын негізсіз кедергілерді сынға алып, бизнесті қорғаудың ұлттық экономиканың дербестігін нығайтумен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті. Президенттің айтуынша, кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысады. Сондықтан бизнесті әртараптандыру, орта кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру және технологиялық жаңғырту маңызды.

Сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің бір бөлігін шағын және орта кәсіпорындардың еншісіне  қалдыру, бұл ретте өнім жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдетіп, кәсіпкерлер үшін тұрақты ережелер қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Биылғы бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлердің заң бұзушылықтары 34 пайызға азайғанымен, айыппұл сомасы шамамен 11 пайызға өскен, ал жоспардан тыс тексерістер ондаған есе көбейген.

«Бизнеске «кедергі келтірмеудің» өзі үлкен көмек екенін іскерлік белсенділікке қатысты жүргізілген талдау анық көрсетіп отыр. Бұл орайда микро және шағын бизнесті тексеруге 2020-2023 жылдарда жарияланған мораторийдің пайдалы тәжірибесіне қайта жүгінуге болады. Бұл тәжірибе өз тиімділігін көрсетті. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің қаншалықты орынды екенін талқыға салуды ұсынамын. Бұл ретте бұған дейінгі мораторийдің артықшылықтары мен кемшіліктері түгел ескерілуі керек», – деді Президент.

Сонымен қатар Президент отандық өндірушілерге кедергі келтіру және импорттық тауарлардың құнын қолдан төмендету мәселелеріне тоқталып, кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажеттігін атап өтті.

Жаңа кезеңнің басымдықтары

Бұдан бөлек, Президент Жолдауында Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі даму бағдарын айқындайтын бірқатар маңызды міндеттер белгіленді. Жолдауда цифрлық экономиканы дамыту да басым бағыт ретінде көрсетілді. Елде цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары басталғанымен, Президент цифрландыруды тек бағдарламалық өнім сатып алумен немесе қолданыстағы үдерістерді автоматтандырумен шектеуге болмайтынын ескертті. Жасанды интеллектіні, цифрлық платформаларды және активтерді токендеу тетіктерін экономиканың нақты салаларында қолдану қажет. Бұл ретте азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан цифрлық құралдар арқылы табыс табуына, ал кәсіпкерлердің өнімін өткізуіне мүмкіндік жасау көзделеді. «Біздің мақсатымыз – шын мәнінде халықтық цифрлық экономика құру», – деді  Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Жолдауда экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін инфляцияны тежеу, халық табысын арттыру, инвестиция тарту және қаржы ресурстарын қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға тиімді пайдалану міндеттері де көтерілді.

Салық саясатына қатысты Президент заңнама өмірдің шындығынан алшақтамауы керектігін айтып, кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайту мен түсініксіз нормаларды реттеудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар салық салудағы әділеттілік пен көлеңкелі экономиканы азайту мәселелеріне назар аударылды.

«Әділ салық салу ашықтықты, яғни жаппай цифрландыруды талап етеді.Салық түсімін арттырып, көлеңкелі экономика мен жемқорлық сын-қатерлерін азайту үшін озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану қажет» – деді  Президент.

Халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті әлеуметтік және азаматтық инфрақұрылымды дамыту жоспарларымен де ұштасады. Президент келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салу көзделіп отыр.

Сондай-ақ әлеуметтік көмекті шын мұқтаж адамдарға бағыттау, білім беру саласындағы артық жүктемені азайту және мұғалімнің мәртебесін қорғау мәселелері қозғалды.

Тобықтай түйін

Жолдауда көтерілген бастамалар ел экономикасының бірнеше маңызды саласын қамтиды. Инфрақұрылым, энергетика, кәсіпкерлік пен цифрландыру бағытындағы міндеттер өзара сабақтасып, Қазақстанның алдағы даму бағдарын айқындайды. Алға қойылған мақсаттарға жүйелі жұмыс, ашықтық әрі ортақ жауапкершілік арқылы қол жеткізу еліміздің орнықты дамуына жол ашпақ.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here