Академиялық адалдық – жемқорлыққа қарсы мәдениеттің іргетасы

0
45

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың теориялық және ядролық физика кафедрасында «Жемқорлыққа жол жоқ!» атты тәрбиелік іс-шара өтті.

Ғылымның табиғаты ақиқатқа ұмтылудан туады. Ал ақиқатқа жетудің бірден-бір жолы – адалдық. Зертханадағы әрбір өлшем, мақаладағы әрбір сілтеме, емтихандағы әрбір жауап зерттеушінің ар-ожданымен тексеріледі. Сондықтан академиялық орта үшін адалдық – жай ғана этикалық талап емес, ғылыми білімнің сенімділігін қамтамасыз ететін іргелі қағида.

Сыбайлас жемқорлық – қоғамдық институттарға деген сенімді әлсіретіп, әділ бәсекені бұзатын күрделі әлеуметтік құбылыс. Оған қарсы күрес құқықтық тетіктермен ғана шектелмейді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ең тиімді жол – жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Мұндай мәдениеттің ұясы, бір жағынан, отбасы мен мектеп болса, екінші жағынан – жоғары оқу орны.

Студент кезең – тұлғаның кәсіби және азаматтық бағдары түпкілікті орнығатын шақ. Осы жылдары бойға сіңген құндылықтар маманның кейінгі еңбек жолында шешім қабылдау үлгісін айқындайды. Демек, бүгінгі студенттің адалдыққа деген көзқарасы ертеңгі қоғамның сапасына тікелей әсер етеді.

Осы ғылыми-педагогикалық пайымды басшылыққа ала отырып, кафедра «Жемқорлықтан тыс университет» жобасы аясында «Жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында тәрбиелік іс-шара ұйымдастырды. Шараның мақсаты – білім алушылардың сыбайлас жемқорлық туралы түсінігін тереңдету, құқықтық сауаттылығын арттыру және адалдық, әділдік, жауапкершілік қағидаттарын тұлғалық ұстанымға айналдыру.

Іс-шара екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде студенттер арнайы әзірленген тест тапсырмаларын орындап, тақырып бойынша бастапқы білім деңгейін анықтады. Бұл әдіс қатысушылардың өз білімін сыни бағалауына мүмкіндік берді. Екінші кезеңде ашық пікірталас өрбіді. Білім алушылар академиялық адалдықты сақтаудың мәні, өз еңбегіне жауапкершілікпен қарау және қоғамдағы әділдіктің рөлі жайлы ой бөлісті. Пікірталас жастардың бұл мәселеге немқұрайлы емес екенін, керісінше, өз көзқарасын дәлелмен қорғауға дайын екенін көрсетті.

Ғылыми әдебиетте академиялық адалдық көпқырлы ұғым ретінде қарастырылады. Оның өзегін адалдық, сенім, әділдік, құрмет, жауапкершілік және батылдық сияқты іргелі құндылықтар құрайды. Бұл ұғым емтихан кезінде көшірмеуден әлдеқайда кең. Ол ғылыми деректің шынайылығын сақтауды, өзгенің идеясы мен еңбегіне тиісті сілтеме жасауды, плагиаттан бас тартуды және зерттеу нәтижесі үшін жеке жауапкершілікті мойындауды қамтиды.

Физика сияқты іргелі ғылым саласында бұл талаптың салмағы ерекше. Бұрмаланған бір эксперименттік нәтиже ондаған кейінгі зерттеуді жаңылыс жолға бастауы мүмкін. Сол себепті ғылыми адалдық – зерттеушінің жеке қасиеті ғана емес, бүкіл ғылыми қауымдастықтың ортақ капиталы.

Академиялық адалсыздық пен сыбайлас жемқорлықтың арасында тікелей байланыс бар екенін де атап өткен жөн. Оқу кезінде «оңай жолды» таңдауға дағдыланған жас маман кәсіби ортада да сол үлгіні қайталауға бейім. Керісінше, студенттік шақтан адалдықты ұстаным еткен тұлға жемқорлыққа қарсы ең сенімді қорған бола алады.

Университет қабырғасында жүзеге асатын мұндай бастамалар білім мен тәрбиенің ажырағысыз бірлігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің тәрбиесіз берілген білімнің қауіпті екені жайлы ойы бүгін де өз мәнін жойған жоқ. Абай атамыз да «Ғылым таппай мақтанба» деп, ізденіс пен адал еңбекті жоғары қойған.

Білікті маман болу – қажетті, бірақ жеткіліксіз шарт. Елдің шынайы болашағы білімі терең, ары таза, әділдігі мен жауапкершілігі жоғары тұлғалардың қолында. Жемқорлыққа қарсы күрес әрбір зерттеушінің, әрбір студенттің күнделікті таңдауынан басталады.

Гулия НУРБАКОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
физика-техникалық факультетінің доцент-зерттеушісі

Жанна ТАСЫБАЕВА,
PhD докторант

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here