Түркітілдес журналистер қорының 12 жылдық белесі

0
2655

Журналистика уақыттың тамырын дөп басып, қоғамның үнін жеткізетін жауапты сала. Ақпарат ағыны толассыз жаңарып, цифрлық технологиялар адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған бүгінгі кезеңде шынайы дерекке сүйеніп, күрделі мәселені көпшілікке түсінікті тілмен жеткізудің маңызы бұрынғыдан да арта түсті.  Осындай жауапкершілікті ту еткен журналистердің кәсіби дамуына қолдау көрсету, шығармашылық ізденісіне жол ашу – Түркітілдес журналистер қорының он екі жылдық қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі.  2014  жылғы 11 қарашада негізі қаланған қордың он екі жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш 2026 жылғы 11 қарашада Алматы қаласында өтті. Жиынға белгілі журналистер, медиа саласының ардагерлері, баспасөз хатшылары, PR мамандары, кәсіпкерлер мен қордың серіктестері қатысты.

Ақ дастархан басында «Қазақ журналистикасының үздіктері-2026» арнайы марапаттары мен «Еркін сөз-2026» республикалық шығармашылық байқауының жүлделері табысталды. Қос бастаманың тоғысқан тұсы да осында. Бірі журналистикада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған тұлғалардың еңбегін ұлықтаса, екіншісі бүгінгі журналистердің кәсіби ізденісіне серпін беріп, қоғамдық маңызы бар тақырыптарды көтеруге ынталандырады.

Қор президенті, Қазақстан Әйел журналистер клубының жетекшісі Нәзия Жоямергенқызы бұл жиында ұйымның осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Біздің басты мақсатымыз – журналистердің кәсіби мүмкіндігін кеңейту, олардың еңбегін бағалау және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Журналистика қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан әріптестеріміздің білімін жетілдіру, жаңа технологияларды меңгеруіне көмектесу және кәсіби ынтымақтастықты дамыту біз үшін әрдайым маңызды, – деді Қор президенті.

Шын мәнінде, он екі жылдық тарих – қазақ журналистикасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Қор құрылған 2014 жылдың өзінде бірнеше маңызды бастама қолға алынды. Атап айтқанда, Қазақстан Әйел журналистер клубы, Жас журналистер мектебі және Медиа тренерлер мектебі жұмысын бастады. Бұл құрылымдар журналистиканың түрлі буынын біріктіріп, тәжірибе алмасуға, кәсіби білімді жетілдіруге және жас мамандардың қалыптасуына мүмкіндік берді. Қазақстан Әйел журналистер клубы әйел қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға және өзара қолдау ортасын қалыптастыруға бағытталса,  Жас журналистер  мектебі болашақ мамандарға ақпарат жинау, дереккөздермен жұмыс істеу, сұхбат жүргізу, материал әзірлеу және журналистік этиканы сақтау бойынша тәжірибелік білім беруді көздейді. Ал, Медиа тренерлер мектебі журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған тұрақты білім беру алаңына айналды. Қазақстан, Орталық Азия, Түркия, Еуропа және АҚШ мамандарының қатысуымен семинарлар, вебинарлар, тренингтер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, қор жанынан Мәдениет, Заң және Қаржы комитеттері құрылып, салалық журналистиканы дамытуға жол ашылды.

Іс-шара кәсіби адалдықты, шығармашылық ізденісті және ұлттық журналистиканың дамуына қосылған үлесті бағалауға арналды. Қазақ баспасөзінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгерлер атындағы марапаттар олардың кәсіби өнегесін дәріптеп, журналистикадағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға бағытталды.

«Qazaq» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлына Марат Қабанбай атындағы «Ұлттық баспасөздің жанашыры» марапаты табысталды. Ал Жолдасбек Дуанабай атындағы «Ақпарат айдынының үздігі» марапатына Қуаныш Ермекова ие болды.

Бақытгүл Мәкімбай атындағы «Ақиқаттың алдаспаны» марапаты Айнұр Сембаеваға берілді. «Atameken Business» телеарнасының журналисі Маржан Жұмабай Индира Жылқайдарова атындағы «Қайсарлық пен кәсіби адалдық» марапатымен ұлықталды.

«JSK.KZ» журналисі Сағындық Жанысбаев Сәкен Орынбасарұлы атындағы арнайы марапаттың иегері атанды. Тележурналист, медиаменеджер Жанахмет Ағыбаевқа Тілеуқабыл Мыңжасар атындағы «Елмен егіз журналист» марапаты табысталды.

Медиаменеджер, продюсер, «Almaty TV» телеарнасының бас продюсері, Медиатренерлер мектебінің тәлімгері Ралида Мұқанова кәсіби шеберлігі мен шығармашылық көшбасшылығы үшін «The Best Woman in Media – 2026» марапатына ие болды.

Салтанатты кеште журналистермен кәсіби байланыс орнатып, сапалы ақпарат таратуға үлес қосып жүрген үш маманға ұйымдастырушылардың арнайы алғыс хаты табысталды.

Change PR агенттігінің PR директоры, PRшы клубының құрметті мүшесі Лаура Барысова қоғаммен байланыс саласындағы еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін алғыс хат алды.

ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметінің маманы, мобилограф, әскери тілші Мақсат Насырдың әскери журналистиканы дамытуға және сапалы медиаконтент әзірлеуге қосқан үлесі атап өтілді.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің маманы Баян Әлтайға кәсіби біліктілігі және журналистермен тиімді байланыс орнатудағы еңбегі үшін алғыс білдірілді.

Бұл кештің тағы бір маңызды арқауы – Түркітілдес журналистер қорының Halyk Bank-пен серіктестікте ұйымдастыратын «Еркін сөз – 2026» республикалық шығармашылық байқауы болды. 2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқау биыл он жылдық белесіне жетті. Осы уақыт ішінде жоба қазақтілді журналистердің қаржы және экономика тақырыптарын кәсіби тұрғыдан игеруіне, күрделі мәселелерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуіне мүмкіндік беретін маңызды шығармашылық алаңға айналды.

Қаржылық сауат  – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті мәселе. Несие алу, бөліп төлеу, отбасылық бюджетті жоспарлау, жеке қаражатты басқару, қаржылық алаяқтықтан қорғану және цифрлық технологияларға байланысты тәуекелдерді түсіну әр азаматтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты. Сондықтан журналистің міндеті ақпараттың астарындағы мәселені ашып, оқырманға дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін сенімді дерек ұсыну. «Еркін сөз» байқауының негізгі мақсаты да осы бағыттағы журналистік еңбекті қолдау, кәсіби білімді жетілдіру және халықтың қаржылық сауатын арттыруға үлес қосу.

Биылғы байқауда республикалық және өңірлік басылымдар мен ақпарат құралдарында жарияланған материалдар бағаланды. Қазылар алқасы жұмыстардың тақырыптық өзектілігіне, деректердің шынайылығына, мәселенің жан-жақты ашылуына, авторлық шеберлікке және материалдың аудиторияға берер пайдасына басымдық берді. Қазылар алқасының құрамында Зейін Әліпбек, Жанахмет Ағыбаев, Нәзия Жоямергенқызы, Дина Елгезек, Айбану Анарбаева, Гүлзат Нұрмолдақызы, Роза Қараева, Қарагөз Ыдырыс  және өзге де тәжірибелі мамандар болды.

Байқаудың «Үздік ақпараттық телесюжет» аталымында «24KZ» телеарнасының тілшісі Еркебұлан Смадияров жеңімпаз атанды. Оның сюжетінде бөліп төлеу шарттары, пайыздық үстемелер және олардың отбасылық бюджетке түсіретін салмағы сөз болды. Журналист тұтынушының қандай да бір төлем міндеттемесін қабылдамас бұрын сатып алудың толық құнын есептеп, өзінің қаржылық мүмкіндігін бағалауы қажеттігін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

«Үздік мақала» аталымында «Жамбыл-Тараз» газетінің журналисі Арайлым Шабденова жеңіске жетті. Оның «Алаяқтар айылын жияр емес» атты мақаласы қаржылық алаяқтық мәселесін көтеріп, азаматтарды күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға және жеке қаражатының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға үндейді.  Ал,  «Сайттағы үздік мақала» аталымының жеңімпазы «El.kz» интернет басылымының тілшісі Амангүл Тілейқызы. Оның «ЖИ қаруға айналды: алаяқтардың жаңа айла-тәсілдерінен қалай қорғанамыз?» атты мақаласында жасанды интеллектіні теріс мақсатта пайдалану қаупі мен цифрлық кеңістіктегі алаяқтықтың жаңа тәсілдері талданған.

Үш аталымдағы жеңімпаздардың жұмыстары әртүрлі форматта әзірленгенімен, ортақ мақсаты бір. Ол  азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді дер кезінде көтеріп, қоғамға пайдалы әрі тексерілген ақпарат ұсыну.

Журналистиканың қоғамдық миссиясы да осында, мәселені көрсетіп қана қоймай, оның шешімін іздеуге, оқырманның ақпараттық сауатын арттыруға ықпал ету.  Қор  президенті  Нәзия  Жоямергенқызы  «Еркін сөз» жобасының он жыл бойы тұрақты жүзеге асуына қолдау көрсетіп келе жатқан  Halyk Bank ұжымына алғыс білдірді. Қаржы ұйымымен әріптестік аясында соңғы екі жылда еліміздің 11 қаласында семинар-тренингтер ұйымдастырылып, журналистердің қаржы саласындағы білімін жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүргізілген.

Мерейтойлық кеште журналистермен бірге қоғаммен байланыс саласының мамандары, баспасөз хатшылары, PR менеджерлері және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдап жүрген кәсіпкерлердің де еңбегі бағаланды. Атап айтқанда, отандық цифрлық қызмет көрсету саласын дамытуға үлес қосып жүрген «Қажет такси» компаниясының иелері мен құрылтайшыларына құрмет көрсетілді. Бұл да бүгінгі ақпарат кеңістігіндегі маңызды бір шындықты аңғартады.

Сапалы ақпараттық орта қалыптастыру тек журналистің міндеті емес. Бұл ретте мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, қоғаммен байланыс мамандары мен азаматтық қоғам арасында ашықтық пен сенімге негізделген байланыс болуы қажет. Он екі жылдық тарихы бар Түркітілдес журналистер қорының қызметі де осы ұстаныммен сабақтасып жатыр. Жас мамандарды қолдау, тәжірибелі қаламгерлердің еңбегін ұлықтау, халықаралық байланыстарды нығайту, қаржылық сауаттылықты насихаттау барлығы бір мақсатқа, қазақ журналистикасының кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған.

Тобықтай түйін

Уақыт өзгергенімен, журналистиканың қоғам алдындағы миссиясы өзгермейді. Ол шындықтың шырағын сөндірмеу, елдің сөзін сөйлеп, көптің көкейіндегі мәселені көтеру. Түркітілдес журналистер қорының он екі жылдық қызметі мен «Еркін сөз» байқауының он жылдық тарихы осы жауапкершілікті ту еткен ортақ еңбектің көрінісі. Бірі кәсіби дәстүрді дәріптеп, аға буынның өнегесін ұлықтаса, екіншісі жаңа буынның ізденісіне жол ашып, журналистік шеберліктің шыңдалуына мүмкіндік беріп келеді. Журналистің ең үлкен марапаты жазған дүниесінің оқырман жүрегіне жетіп, қоғамға ой салуы. Ал, еркін сөздің шынайы құдіреті ақиқатты айтуда, ақылға ой қосуда, елдің ертеңіне қызмет етуде. Қаламы қарымды журналистердің еңбегін бағалап, жас буынның қанатын қатайтуға бағытталған мұндай бастамалар жалғасын тапса, қазақ журналистикасының да көкжиегі кеңейе түспек.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here