Заманның даму бағытын айқындайтын басты күш – адам капиталы, ал оның әлеуетін арттыратын негізгі тірек – ғылым мен сапалы білім. Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар адамзат өміріне тереңдеп енген тұста білімді ұрпақ қалыптастыру, ғылыми ізденіске жол ашу және жас зерттеушілердің бастамаларын қолдау айрықша маңызға ие. Өйткені, елдің ертеңгі бәсекеге қабілеттілігі бүгінгі ғылымның қарымымен, жас буынның ізденісімен өлшенеді. Осы өзекті мәселелер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен III Халықаралық жас ғалымдар конгресінде кеңінен талқыланды.

Ғылымға серпін, жас буынға сенім
Университет қабырғасында ұйымдастырылған «Әлеуметтік жаңғыру және адами капитал: қазіргі сын-қатерлер мен даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми конференцияға АҚШ-тың Джонс Хопкинс және Дюкейн университеттерінің, Ресейдің жетекші ғылыми орталықтары мен Қазақстанның жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Әртүрлі елден келген ғалымдар мен зерттеушілер бас қосқан алқалы жиынның басты мақсаты – әлеуметтік жаңғыру үдерісіндегі ғылым мен білімнің орнын айқындап, адами капиталды жетілдірудің тиімді жолдарын ғылыми тұрғыдан зерделеу.
Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылды. Онда отандық ғылымның даму қарқыны мен жас зерттеушілерді қолдаудың маңызына назар аударылды. Министрлік мәліметіне сәйкес, соңғы бес жылда елімізде ғылымды қаржыландыру көлемі алты еседен астам өсіп, зерттеушілер саны 28 мыңнан асқан. Оның 47 пайызын жас ғалымдар құрайды. Бұл көрсеткіш ғылым саласына жаңа буынның белсенді араласып, зерттеу кеңістігінде өз орнын қалыптастырып келе жатқанының айқын көрінісі.
Конференцияда сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев Халықаралық конгрестің ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай басқосулар жас зерттеушілердің тәжірибе алмасуына ғана емес, ел дамуына қажетті өзекті мәселелерді ортақ ғылыми талқыға салып, нақты шешімдер ұсынуына мүмкіндік береді.
– Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған конгресс – жас зерттеушілердің басын қосып, халықаралық ғылыми әріптестікті бекемдеуге мүмкіндік беретін бірегей алаң. Біздің басты мақсатымыз – ел болашағы үшін өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылап, оларды шешудің нақты ғылыми жолдарын ұсыну. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айқындалған әлеуметтік саясатты жаңғырту мен халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттерін іске асыруда университет өзінің барлық ғылыми және инновациялық әлеуетін жұмылдырып келеді, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Расында, бүгінгі жоғары оқу орнының міндеті тек білім берумен шектелмейді. Ол жаңа идеялар туындайтын, ғылыми жаңалықтар дүниеге келетін, жас зерттеушілердің әлеуеті шыңдалатын зияткерлік орталық болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ-дың соңғы жылдардағы ғылыми жетістіктері мен жас ғалымдарды қолдауға бағытталған бастамалары назар аударуға тұрарлық. Университет басшысы атап өткендей, 2025 жылы ҚазҰУ зерттеушілері Мемлекеттік ғылыми сыйлыққа, алты мемлекеттік ғылыми стипендияға және жеті «Үздік ғылыми қызметкер» атағына ие болған. Ал, 2024-2026 жылдары 23 жас ғалымға Мемлекет басшысының атынан тұрғын үй берілген. Бұл ғылым жолын таңдаған жастарға көрсетілген нақты қолдаудың және олардың еңбегіне берілген жоғары бағаның белгісі.
Конференцияға қатысушыларды құттықтаған ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылымның дамуындағы жас зерттеушілердің орнына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, адами капиталды дамыту, ғылыми әлеуетті арттыру және жас буынның жаңашыл бастамаларына қолдау көрсету – елдің интеллектуалдық мүмкіндігін нығайтудың маңызды тетігі. Сондай-ақ, ол қазіргі технологиялық өзгерістер жағдайында ғылым мен білімнің өзара сабақтастығын күшейтіп, Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын атап өтті. Осы бағыттағы ізденістердің жас ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, университет ғылым мен өндірісті ұштастыру бағытында да бірқатар жобаны жүзеге асыруда. Энергетика және Су ресурстары министрліктерімен бірлескен бастамалар аясында жасанды интеллект технологияларын енгізу, су тасқыны мен құрғақшылықты алдын ала болжау мәселелеріне басымдық берілген. Осы мақсатта Farabi Supercomputer Center базасында TALSIM-NG және Delft-FEWS жүйелерін іске қосу жобалары қолға алынған. Мұндай технологиялық шешімдер ғылыми зерттеулердің практикалық маңызын арттырып қана қоймай, табиғи қатерлердің алдын алуға да мүмкіндік береді.
Ғылымның жаңа көкжиегі – жасанды интеллект
Конференцияның пленарлық отырысында адами капиталды дамытудың халықаралық тәжірибесі, жоғары білім беру жүйесіндегі өзгерістер, жасанды интеллектінің ғылыми зерттеулерге ықпалы және цифрлық дәуірдегі ғалымның жауапкершілігі кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Дюкейн университетінің доценті Фаина Линьков, «Сириус» федералдық аумағы әкімшілігінің басшысы Дмитрий Плишкин және өзге де отандық әрі шетелдік сарапшылар өз ой-пікірлерін ортаға салды. Баяндамалар барысында жасанды интеллектіні білім беру мен ғылыми зерттеулерге енгізу, ғылыми деректерді цифрландыру, зерттеу экожүйесін қалыптастыру, дарынды жастарды қолдау және халықаралық ғылыми байланысты кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Бүгінде жасанды интеллект адамның мүмкіндігін кеңейтетін қуатты құралға айналып отыр. Алайда, технология қаншалықты дамығанымен, ғылыми ізденістің өзегінде адам, оның ойлау қабілеті, шығармашылық әлеуеті мен жауапкершілігі тұруы керек. Сондықтан, жаңа дәуірдегі білім жүйесінің басты міндеті – технологияны меңгерген ғана емес, оны қоғам игілігіне бағыттай алатын, дербес ойлайтын, тың шешім ұсына білетін ұрпақ қалыптастыру.
Осы орайда конференцияда көтерілген мәселелердің маңызы айқындала түседі. Өйткені, адами капиталды дамыту – мемлекеттің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық бағыт. Ал, оның іргетасы сапалы білім, іргелі ғылым және ізденімпаз жас буын арқылы қаланады. Халықаралық конгресс аясында шетелдік және отандық делегаттар университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен де танысты.
Қонақтар Farabi Supercomputer Center, Ми институты, Қазақстан-Қытай қашықтан зондтау зертханасы, Farabi Hub орталығы, сондай-ақ Huibo Robotics пен KUKA Robotics орталықтарының жұмысын көрді. Бұл нысандар университеттің ғылыми әлеуетін танытатын маңызды алаңдар. Мұнда заманауи есептеу технологиялары, нейроғылым, қашықтан зондтау, робототехника және инновациялық жобалар бағытындағы жұмыстар жүзеге асырылуда. Ғылымның теориялық тұжырымдары осындай зерттеу орталықтарында тәжірибемен ұштасып, нақты нәтижеге жол көрсетпек.
Әсіресе, робототехника мен жасанды интеллект саласындағы зерттеулердің білім беру, өндіріс, медицина және басқа да маңызды бағыттар үшін берері мол. Мұндай мүмкіндіктермен танысу шетелдік ғалымдарға Қазақстандағы ғылыми ортаның даму бағытын бағамдауға, ал отандық зерттеушілерге халықаралық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Жалпы, III Халықаралық жас ғалымдар конгресі ғылым кеңістігіндегі жаңа идеялар мен тәжірибелер тоғысқан маңызды алаңға айналды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Түйіндей айтқанда, ҚазҰУ төрінде өткен халықаралық конгресс ғылымдағы жаңа бағыттарды саралап қана қоймай, жас зерттеушілердің тың идеялары мен Халықаралық тәжірибенің тоғысуына мүмкіндік берді. Басқосуда көтерілген мәселелердің барлығы бір мақсатқа адами капиталдың сапасын арттырып, ғылымды қоғам дамуының қозғаушы күшіне айналдыруға бағытталған. Себебі, ғылымға жасалған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Ал, жас ғалымға көрсетілген қолдау – елдің ертеңіне артылған сенім. Білім мен ізденісті басты құндылық санаған мемлекет қана уақыт талабына сай дамып, жаһандық бәсекеде өз орнын айқындай алады.
Индира БІРЖАНСАЛ









