ҚазҰУ-дың ғылыми әзірлемелері Түркиядағы COP31 саммитінде таныстырылды

0
169

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми жобалары Түркияда өтіп жатқан COP31 халықаралық климаттық саммитінде таныстырылды.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар, сарапшылар мен халықаралық ұйым өкілдері жаһандық климаттық дағдарыстың алдын алу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және тұрақты экологиялық орта қалыптастыру мәселелерін талқылауда.

Халықаралық саммит аясында Қазақстанның арнайы павильоны жұмыс істеп тұр. Онда мемлекеттік мекемелер мен отандық компаниялардың әзірлемелерімен қатар, еліміздің үш жетекші жоғары оқу орны әзірлеген алты инновациялық жоба ұсынылды. Соның ішінде үш ғылыми жоба ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. 

Бірінші жоба ҚазҰУ мен Қытайдағы Солтүстік-Батыс политехникалық университеті іске асырып жатқан NKSAT микроспутнигі. Бірлескен жұмыс ғарышты зерттеуге, білікті мамандарды даярлауға және ортақ спутниктерді әзірлеуге жол ашады. Сонымен қатар микроспутник арқылы Жерді қашықтықтан зерттеуді жүргізуге мол мүмкіндік береді. Ғарышқа ұшырылатын микроспутник Жердің гравитациялық өрісін және радиациялық сәулеленуді өлшеу, геологиялық барлау жүргізу бойынша негізгі үш міндетті орындайды.

Университет ғалымдары таныстырған тағы бір ғылыми бағыт климаттың өзгеруі мен мұздықтардың еруін зерттеуге арналған. География және табиғатты пайдалану факультетінің мамандары бұл бағытта жүйелі ғылыми бақылау мен мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді. Саммитке келген қонақтарға Жерді қашықтан зондтау технологияларының мүмкіндіктері, өзен-көлдердің тартылуы, құрғақшылықтың алдын алу және су ресурстарының жай-күйін бағалау бағыттарындағы ғылыми зерттеулер таныстырылды. Сонымен қатар университет базасында жүзеге асырылып жатқан ғылыми бастамалардың нәтижелері мен олардың экологиялық мәселелерді шешудегі маңызы көрсетілді. 

Ал үшінші жоба көмір қалдықтарын тиімді кәдеге жаратуға бағытталған. Ғалымдар өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы метан өндіру және қалдықсыз технологияларды дамыту жолдарын ұсынды. Бұл бастама көмір өнеркәсібінен шығатын қалдықтардың қоршаған ортаға әсерін азайтып қана қоймай, оларды пайдалы ресурсқа айналдыруға бағытталған.

ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми әзірлемелері саммитке қатысушылар мен павильон қонақтарының қызығушылығын тудырды. Айта кетейік, университет зерттеушілерінің ғылыми әзірлемелері COP31 саммитінің негізгі мақсатымен үндеседі.

Бұған қоса, ҚазҰУ делегациясы «Су мұнаралары саласындағы серіктестік: криосфераны зерттеуден – Орталық Азияның климаттық тұрақтылығын арттыруға дейін» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысты. 

Іс-шараға ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің бағдарлама менеджері Лариса Когутенко, жоғары оқу орындарының өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар жиналды. 

Қатысушылар су ресурстарын сақтау, климаттық тәуекелдерді төмендету және табиғи экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар Орталық Азиядағы экологиялық қауіпсіздікті нығайту, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы басым міндеттер талқыланды.

Айта кетейік, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-ші конференциясы (COP31) Анталья қаласында 2026 жылғы 9-20 қараша аралығында өтіп жатыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here