2026 жылғы 12 қарашада «Тұран» университетінде көрнекті қырғыз жазушысы, әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов атындағы орталық пен қаламгердің бюстінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Орталықты құру бастамасын Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Жеңишбек Асанқұлов көтеріп, университет ректоры Рахман Алшанов қолдады. Жобаны жүзеге асыруға Алматыдағы қырғыз диаспорасының өкілдері де үлес қосты.
«Адамға ең қиыны – күн сайын адам болу» атты іс-шараға Қазақстан мен Қырғызстанның дипломатиялық өкілдері, жазушылар, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері және университет қауымдастығы қатысты.


Салтанатты бағдарлама аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, әдеби-музыкалық қойылымдар ұсынылды. Сондай-ақ бюст авторы, мүсінші Надырбек Жээренчиевке Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігінің наградасы табысталды.
Жаңа орталықта ғылыми конференциялар, дәрістер, әдеби кездесулер мен көрмелер ұйымдастырылып, Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық мұрасын зерттеу және жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру бағытында жұмыстар жүргізіледі.
Орталықтың ашылуы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени-гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, екі халықтың ортақ рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды бастама болды.
Қали ҚАМБАРОВ









