Жаһандық дамудағы қазақ философиясының рөлі

0
740

Биылғы IV Қазақстандық философиялық конгресс «Қазақстан қоғамының философиясы: құндылықтық бағдарлар және даму перспективалары» тақырыбында 3-19 қараша аралығында еліміздің Алматы, Астана, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Өскемен қалаларында өтті.

Конгресс аясында пленарлық және секциялық отырыстар, халықаралық ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, ғылыми пікірталастар, мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Отандық және шетелдік ғалымдармен қатар жас зерттеушілердің, докторанттар мен студенттердің белсенді қатысуы бізді ерекше қуантты.

Биылғы конгрестің басты мақсаты – жаһандық өзгерістер жағдайындағы философияның миссиясын айқындау, Қазақстан қоғамының рухани-адамгершілік және құндылықтық бағдарларын зерделеу, еліміздің болашақ даму бағыттарын философиялық тұрғыдан пайымдау. Ең алдымен, қоғам дамуындағы философия мен гуманитарлық білімнің рөлін арттыру. Философияны тек академиялық пән немесе теориялық білім саласы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Ол қоғамның өзін-өзі тануының, тарихи тәжірибесін саралауының және болашақ даму бағдарларын айқындауының интеллектуалдық негізі болуы тиіс. Мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар шешімдерді қабылдау барысында философиялық-әдіснамалық және этикалық сараптаманың маңызын арттыру қажет.

Ғылыми-технологиялық прогрестің гуманистік негіздерін нығайту. Ғылым мен технологияның түпкі мақсаты – адамға қызмет ету, оның өмір сүру сапасын жақсарту, еркіндігі мен шығармашылық әлеуетін дамыту болуы керек. Технологиялық даму адамның қадір-қасиетін, құқықтары мен бостандықтарын шектемеуі тиіс. Осы орайда жасанды интеллектіні қолданудың этикалық қағидаттарын, цифрлық әділеттілік пен әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін зерттеу ерекше маңызға ие. Ұлттық философиялық мұраны жүйелі түрде зерттеу және оны әлемдік философиялық кеңістікке интеграциялау қажет.

Конгресс барысында әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Шәкәрім мұраларына, түркі және дала философиясына ерекше назар аударылды. Біздің міндетіміз – ұлттық философиялық мұраны тек тарихи тұрғыдан зерттеу ғана емес, оның идеялық әлеуетін бүгінгі қоғамның мәселелерін шешуге бағыттау. Ұлттық бірегейлікті сақтау мен жалпыадамзаттық құндылықтарды игеру бір-біріне қайшы келмеуі керек. Осы тұрғыдан алғанда әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы ілімі, Абайдың «Толық адам», Шәкәрімнің ар-ұждан философиясы және қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы арасындағы идеялық сабақтастықты зерделеу де маңызды.

Жас философтарды қолдау және ғылыми мектептердің сабақтастығын қамтамасыз ету. Қазақстандық философияның болашағы жас зерттеушілерге байланысты. Олардың ғылыми бастамаларын қолдау, халықаралық академиялық кеңістікке шығуына жағдай жасау, ғылыми пікірталас алаңдарын қалыптастыру – философиялық қауымдастықтың маңызды міндеттерінің бірі.

Философиялық білімді қоғамда кеңінен насихаттау. Философия академиялық кеңістіктен шығып, қоғамдық пікірталастардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, мәдени-ағартушылық жобалардың маңызды құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Қоғамдық философияны дамыту арқылы азаматтардың дүниетанымдық мәдениетін, әлеуметтік жауапкершілігін және сыни ойлау қабілетін арттыруға болады.

Конгрестің негізгі идеясы – Қазақстанның болашағы тек экономикалық өсіммен және технологиялық жетістіктермен емес, қоғамның интеллектуалдық, рухани және адамгершілік даму деңгейімен де айқындалады.

Менің ойымша, классикалық философия мен цифрлық философияны бір-біріне қарама-қарсы қою дұрыс емес. Бұл жерде мәселе олардың бірін таңдау туралы емес, философиялық ойдың тарихи сабақтастығы мен шығармашылық дамуы туралы болып отыр. Философия өзінің бірнеше мыңжылдық тарихында қоғамдық өзгерістерге, ғылыми жаңалықтарға және технологиялық төңкерістерге байланысты үнемі дамып, жаңарып отырды. Бірақ, оның іргелі мәселелері өзінің маңызын жоғалтқан жоқ.

Сократ, Платон, Аристотель, әл-Фараби, Кант, Гегель сияқты ұлы ойшылдар көтерген осы мәселелер цифрлық дәуірде де өзекті. Керісінше, жаңа технологиялық мүмкіндіктер олардың мазмұнын күрделендіріп, жаңаша қарастыруды талап етіп отыр. Мысалы, классикалық философиядағы сана мен ойлау мәселесі бүгінде табиғи және жасанды интеллектінің арақатынасы тұрғысынан зерттелуде. Таным теориясындағы ақиқат пен адасу мәселесі жалған ақпараттың таралуы, алгоритмдер арқылы ақпаратты іріктеу жағдайында жаңа сипатқа ие болуда. Еркіндік мәселесі адамның цифрлық технологияларға тәуелділігі, алгоритмдердің адам таңдауына ықпалы тұрғысынан қарастырылуда. Ал, классикалық этикадағы жақсылық пен жамандық, парыз бен жауапкершілік, әділеттілік мәселелері бүгінде жасанды интеллект этикасының, цифрлық құқықтардың және дербес мәліметтерді қорғаудың теориялық негізіне айналып отыр. Цифрлық философия адамның виртуалды кеңістіктегі болмысын, цифрлық бірегейлігін, жасанды интеллектінің табиғатын, адам мен машинаның өзара әрекеттесуін, цифрлық қоғамның құндылықтық негіздерін зерттейді.

Сонымен қатар, цифрлық технологияларды философиялық зерттеулерде қолданудың жаңа әдістері де қалыптасуда. Конгресс аясында «Философиялық ойлау мәдениеті және оның білім беру жүйесіндегі орны», «Диалектика тарихта және бүгін», «XXI ғасырдағы гуманитарлық білім: сұраныс дағдарысы ма, әлде жаңа миссия ма?» сияқты тақырыптардың талқылануы да кездейсоқ емес. Бұл мәселелер философиялық білімнің қазіргі қоғамдағы орнын қайта пайымдау қажеттігінен туындап отыр.

IV Қазақстандық философиялық конгрестің басты идеяларын біріктіретін ортақ мәселе – ғылыми-технологиялық прогресс жағдайында адам мен қоғам дамуының гуманистік бағдарын сақтау. Біз технологиялық тұрғыдан дамыған қоғам ғана емес, әділетті, интеллектуалдық әлеуеті жоғары, рухани кемел және адамгершілік құндылықтарға негізделген қоғам құруымыз керек. Философия – өткеннің интеллектуалдық мұрасы ғана емес, болашақты саналы түрде қалыптастырудың рухани және әдіснамалық негізі.

Аяжан Сағиқызы,
философия ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here