Ұлттық рухтың ұлы тіні: Ахмет мұрасы – ұрпаққа аманат

0
2347

Алматы қаласында Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының рухани мұрасын ұлықтауға арналған «Ұлттық рухтың ұлы тіні» атты қазақ тілі апталығы өтті. 2026 жылғы 3-5 қараша аралығында ұйымдастырылған тағылымды шара ұлттың рухани негізі, тілдің тағдыры, ұлттық білім мен қоғамдық сананың сабақтастығы мәселелерін кеңінен қамтыды.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп ұлт болашағын тіл тағдырымен сабақтастырған Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөзі арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, жаһандану дәуірінде ұлттық болмыс пен тілдік тұтастықты сақтау мәселесі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Осы орайда Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде ұйымдастырылған «Ұлттық рухтың ұлы тіні» атты тіл апталығының мәні ерекше. Апталықтың негізгі мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл біліміне, әдебиетке, ұлттық білім беру жүйесіне және қоғамдық ойға қосқан өлшеусіз үлесін терең таныту, ғұламаның ғылыми-ағартушылық мұрасын қазіргі білім беру кеңістігімен байланыстыру.

Үш күнге созылған апталық аясында оқытушылар, білім алушылар, ғалымдар, тіл мамандары мен арнайы шақырылған қонақтар бас қосып, Ұлт ұстазының өнегелі өмірі мен тағылымды мұрасы төңірегінде ой бөлісті. Іс-шаралар мазмұны ғылыми мұраны зерделеу, тіл білімі мен әдебиеттану, ағартушылық идеялар, ұлттық құндылықтар және заманауи білім беру мәселелерін қамтыды. Апталықтың алғашқы күнінде 400-ге жуық студент қазақ тілі пәнінің оқытушыларымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы музейіне арнайы барып, Ұлт ұстазының өмір жолы мен қоғамдық қызметіне қатысты тарихи деректермен танысты. Музейге экскурсия – жай ғана тарихи орынға саяхат емес, ұлт тағдыры үшін күрескен тұлғаның азаматтық болмысын, ағартушылық мұратын тереңірек тануға мүмкіндік берген тағылымды сапар болды.

Ахмет Байтұрсынұлының өмірі – ұлтқа қызмет етудің, білім мен ғылымды ел игілігіне жұмсаудың жарқын үлгісі. Ол әліпби түзеп, оқулық жазып қана қойған жоқ, тұтас бір ұлттың сауатын ашуға, санасын оятуға, рухани дербестігін қалыптастыруға күш салды. Сондықтан, оның мұрасы – өткеннің еншісінде қалған тарихи құбылыс емес, бүгінгі ұрпақтың рухани бағдаршамы. Апталық аясында ұйымдастырылған «Ұлт ұстазы» атты студенттік эссе байқауы да білім алушылардың Ахмет мұрасына деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Байқау барысында студенттер Ұлт ұстазының шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне, тіл мен ұлт тағдыры туралы көзқарастарына қатысты өз ойларын жазбаша жеткізді. Бұл бастама жастардың тарихи танымын кеңейтіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарға деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етті.

Апталықтың қорытынды шарасы 5 қараша күні өткен әдеби-сазды кездесуге ұласты. Кездесудің мазмұнды бөлігі – ахметтанушы ғалымдар Райхан Имаханбет пен Әділет Ахметпен болған сұхбат. Ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, ғылыми мұрасы, ұлт тарихындағы орны мен бүгінгі қоғам үшін маңызы туралы ой қозғады. Студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ғалымдармен еркін пікір алмасты. Әдеби-сазды бағдарламада ұлттық өнер мен рухани мұраны ұштастырған шығармашылық қойылымдар ұсынылды. Күй, ән, би және көркем сөз арқылы Ахмет идеяларының көркемдік-танымдық қырлары ашылды. Сонымен қатар, «Ұлт ұстазы» эссе байқауының жеңімпаздары марапатталып, үздік жұмыстардың авторларына құрмет көрсетілді.

Бұл апталықтың басты ерекшелігі – Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын тек тарихи тұлғаның өмірбаяны деңгейінде таныстырумен шектелмей, оның идеяларын қазіргі білім беру, ғылым және жастар тәрбиесімен сабақтастыруға ұмтылыс жасауында. Бүгінгі университет қабырғасында білім алып жүрген жас ұрпақ үшін Ахмет мұрасын тану – тек өткен тарихты білу емес. Бұл – ана тілінің қадірін түсіну, ұлттық ойлау жүйесін қалыптастыру, білім мен ғылымға адалдық таныту, ел алдындағы азаматтық жауапкершілікті сезіну.

Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт ұстазы» атануының өзі – оның халқына сіңірген еңбегінің, ұлт болашағына арнаған ғұмырының тарихи бағасы. Оның ағартушылық жолы бүгінгі білім беру саласының өкілдеріне де үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, ұлттың рухани іргетасы білімді ұрпақпен, ал білімді ұрпақтың қалыптасуы ана тіліндегі сапалы біліммен тікелей байланысты. «Ұлттық рухтың ұлы тіні» атты апталық осы сабақтастықты айқындаған тағылымды бастама болды.

Ұлт ұстазының мұрасын ұлықтау – бір реттік шарамен шектелетін міндет емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани парыз. Ахмет аманат еткен тіл, білім, ғылым және ұлттық сана құндылықтары бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ендеше, Ұлт ұстазының мұрасын зерделеу, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік ұстанымға айналдыру – баршамызға ортақ міндет.

Ұлттың рухы – тілінде, тілдің тірегі – ұрпағында. Ахмет мұрасы ұрпақпен бірге жасай береді.

Арайлым ШОРМАҚОВА, PhD

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here