Посткеңестік кеңістіктегі тұңғыш президенттер тағдыры

0
2592

Тоқсаныншы жылдардың елең-алаңында ұзақ жылдар қаншама елді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» мықтап ұстап келген алып империя (КСРО) құлағаннан кейін одақтас республикалар Мәскеуден бөлініп шығып, өз алдына жеке отау тікті. Сөйтіп, азаттық алған елдер өздерінің тұңғыш басшыларын сайлады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» бүгін посткеңестік кеңістіктегі тұңғыш президенттердің тағдырын баяндайды.

Армения. Левон Тер-Петросян 1991 жылғы 17 қазандағы президент сайлауында сайлаушылардың 83,4% дауысын алып, тәуелсіз елдің тұңғыш президенті атанды. Екінші мерзімге 1996 жылы сайланды. Оған сайлаушылардың 60%-ы сенім артты. Дегенмен, 1998 жылы өз еркімен отставкаға кетті. Отставкаға кеткеннен кейін ол ұзақ уақыт саясатқа араласқан жоқ. Матенадаран ежелгі қолжазбалар институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Елді 7 жыл басқарған 76 жастағы Левон Тер-Петросян қазір «Армениялық ұлттық конгресс» партиясының жетекшісі. Оның партиясы 2012 жылы парламенттік сайлауда 7 орынға ие болғанымен, тұңғыш президент мандаттан бас тартты.

Әзербайжан. 1991 жылдың 8 қыркүйегінде өткен президент сайлауында Аяз Муталибов 98,5% дауыспен жеңіске жетті. Бірақ, бұл сайлауда тұңғыш президенттің бәсекелесі болған жоқ. Өйткені, бір апта қалғанда оның қарсыласы Зардушт Ализаде сайлауға қатысудан бас тартты. Өкінішке қарай, тұңғыш президент «тағында» көп отырған жоқ. Таулы Қарабақ үшін тартыста әзербайжандар армяндарға есе жібергендіктен, 1992 жылы 6 наурызда отставкаға кетуге мәжбүр болды. Алайда, арада екі ай уақыт өткеннен кейін оның жақтастары парламент ғимаратының алдында Аяз Ниязи оғлының президент мансабын қалпына келтіру талабын қойған шеру ұйымдастырды. 14 мамырда Жоғарғы Кеңестің сессиясында оның президенттік қызметін қалпына келтіруге залдағы 250 депутаттың 219-ы жақтап дауыс берді. Бұл шешіммен келіспеген оппозиция билікті басып алды. Сөйтіп, тұңғыш президент Мәскеуге қашып тынды. Оның үстінен қылмыстық істер қозғалды. Біраз жылдан кейін қылмыстық істер тоқтатылды. 2011 жылы еліне қайта оралып, тұңғыш президентке тиесілі мемлекеттік қамқорлыққа кенелді. 83 жастағы тұңғыш президент Бакуде тұрады.

Беларусь. Тәуелсіздік алғаннан кейін Еуропаның шығысындағы елде президент лауазымы болған жоқ. Бұл лауазым 1993 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін ғана пайда болды. Бірінші президент сайлауы 1994 жылы маусымда өтті. Сайлаудың бірінші турында 44,82% дауыс алған Александр Лукашенко қарсыластарын айқын басымдықпен жеңе алмаса да, екінші турда сайлаушылардың 80,34% дауысымен тұңғыш президент атанды. Содан бері аттан да, тақтан да түскен жоқ. 27 жылда өткен 7 сайлауда жеңіс тұғырынан көрінді. Алайда, соңғы сайлаудың қорытындысын Батыс елдері мойындаудан бас тартты. Сайлаудың қорытындысымен келіспеген мыңдаған адам бірнеше ай бойы шерулеткенімен, олар билік тарапынан басып-жаншылды. Белсенділер темір торға тоғытылды. Соған байланысты Батыс елдері 67 жастағы Лукашенко режиміне экономикалық санкция салып келеді. Бірақ, санкция құрсауында қалған Лукашенко Ресей Федерациясының материалдық қолдауының арқасында өліспей-беріспейтінін аңғартып отыр.

Грузия. Звиад Гамсахурдия 1991 жылы сәуірде тұңғыш президент болып сайланды. Алайда, оның президенттік қызметі ұзаққа созылған жоқ. 1992 жылдың қаңтарындағы төңкерістен кейін елден қашып кетіп, қуғынға ұшырады. 1993 жылдың күзінде батыс Грузияда қуғынға ұшыраған үкіметті басқарды. Онда орталық билік пен оның жақтастары арасында болған азаматтық соғыста тұңғыш президенттің жақтастары жеңіліске ұшырады. Сол жылдың 31 желтоқсанында қашқында жүрген Звиад Гамсахурдия 54 жасында жұмбақ жағдайда ажал құшты. Оның өліміне қатысты тергеу қазіргі уақытқа дейін жалғасып келеді.

Қырғызстан. 1991 жылы 31 тамызда Алатаудың ар жағындағы елдің тұңғыш президенті Асқар Ақаев болды. Билігін одан әрі нығайту мақсатында 1994 жылы жалпыхалықтық референдум өткізіп, өкілеттілігін ұзартып алды. Ал, 1995 жылы екінші мерзімге президент болып қайта сайланды. 2000 жылы үшінші мерзімге сайланған тұңғыш президент үш жылдан кейін референдум арқылы өкілеттігін тағы ұзартты. Тіпті, президент отбасы мүшелерін және туыстарын батыл түрде билікке әкеле бастады. Династиялық жүйе енгізгісі келген тұңғыш президенттің әрекеті халық арасында наразылық тудырды. 2005 жылы Ақаевтың авторитарлық билігіне қырғыз халқының наразылығы «Қызғалдақ төңкерісі» арқылы көрініс тапты. Ақаев билікті әулетіне үлестіргені, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоя алмағандығы және конституцияны өзгерткені, бюджеттің «сауын сиыры» болған «Кумтор» алтын кенішін шетелге жалға бергені үшін айыпталды. Төңкерістің нәтижесінде Ақаев отбасымен бірге Ресейге қашуға мәжбүр болды. Елді 14 жыл басқарған 77 жастағы академик бүгінде Мәскеуде тұрады.

Латвия. Бұл елде Беларусь сияқты президент лауазымы бірден енгізілген жоқ. Бір қызығы, президентті халықтың орнына халық сайлаған депутаттар 4 жылға сайлайды. Өйткені, елдің басқару жүйесі – парламенттік республика болғандықтан, атқарушы билік премьер-министрдің қолында. Ал, тұңғыш президент Гунтис Улманис елді 1993-1999 жылдары екі мерзім қатарынан басқарды.

Литва. 1993 жылы 14 ақпанда өткен президент сайлауында 60% дауыспен жеңіске жеткен Альгирдас Бразаускас елді 1998 жылға дейін басқарды. 2001-2006 жылдары премьер-министр болды. 2010 жылы аты жаман аурудан 78 жасында қайтыс болды.

Молдова. 1991 жылы 8 желтоқсанда өткен президент сайлауында елдің тұңғыш президенті болып Мирча Снегур сайланды. 1996 жылғы екінші президент сайлауы кезінде ол бірінші турда салыстырмалы түрде қарсыластарынан көп дауыс (38,7%) алғанымен, екінші турда Петр Лучинскийден (54,02%) жеңілді. Тұңғыш президенттің қызы Наталья Герман да саясатпен айналысады. Бір жылдары премьер-министр болған Наталья Мирчевна 2017 жылдан бері БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі.

Өзбекстан. Оңтүстіктегі көрші елді Ислам Каримов азаттық алған 1991 жылдан өмірінің соңына (2016) дейін басқарды. Ол президент сайлауында төрт рет жеңіске жетті (1991, 2000, 2007, 2015). Ұлттық референдумдар арқылы өкілеттік мерзімін екі рет ұзартып алды (1995, 2002).

Ресей. Борис Ельцин тарихқа Ресей Федерациясының алғашқы жалпыхалықтық сайланған басшысы ретінде енеді. Оның билік ету кезеңі Тамыз төңкерісімен, Кеңес Одағының ыдырауымен, Жоғарғы Кеңестің таратылуымен, жаңа Конституцияның қабылдануымен, Бірінші және Екінші шешен соғыстарының басталуымен  ерекшеленді. 1999 жылы 31 желтоқсанда өз еркімен отставкаға кетті. 2007 жылы 23 сәуірде 76 жасында Орталық клиникалық ауруханасында жүрегі тоқтады.

Тәжікстан. 1991 жылы 24 қарашада тұңғыш президент болып сайланған Рахмон Нәбиев 1992 жылдың қыркүйегінде сол жылдың мамыр айында басталған Азаматтық соғыс кезінде отставкаға кетті. 1993 жылы 11 сәуірде Худжандтағы үйінде 62 жасында жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ресми мәлімет бойынша, ол инфаркт алған. Бірақ, туыстары мен жақтастары оның өлімін билікпен байланыстырады.

Түркіменстан. 1985-1991 жылдары Түркіменстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Сапармұрат Ниязов тәуелсіз елдің тұңғыш президенті болды. Осылайша, табиғи газға бай елде Ниязов дәуірі басталды. Президенттік билік қолға тиісімен өзіндік саясат жүргізді. Аз жылдың ішінде Түркіменстан әлемдегі санаулы «жабық елдің» бірі болып, Орталық Азияның «Солтүстік Кореясына» айналды. 1999 жылғы жалпыхалықтық референдум арқылы оған «Мәңгілік президент» атағы берілді. Алайда, бұл өмірде ештеңе де мәңгі емес. Содан «мәңгілік президент» саналған Түркіменбасы 2006 жылы 66 жасында жүрек ауруынан қайтыс болды.

Украина. Тұңғыш президент Леонид Кравчук елді 1991-1994 жылдары басқарды. Президент сайлауында сайлаушылардың 61,6% дауысын алды. Дегенмен, 1994 жылы мерзімінен бұрын президенттік сайлауға келісті. Бірінші турда ол басқа кандидаттар арасында ең көп дауыс жинағанымен, екінші турда Леонид Кучмаға жол берді. 1994-2006 жылдары Украина Жоғарғы Радасының депутаты болды. 2021 жылы 29 маусымда 87 жастағы тұңғыш президенттің жүрегіне ота жасалды. Отадан кейін жансақтау бөлімінде жатты. Қазір оның денсаулығы тәуір.

Эстония. 1992 жылғы президент сайлауы жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Сол тұстағы заң бойынша егер бірде-бір кандидат сайлаушылардың 50%-дан артық дауысын жинай алмаса, онда президентті таңдау құқығы Парламентке беріледі. 1992 жылы Леннарт Мери президенттік билікке осындай жолмен келді. Сайлаудың бірінші турында кандидаттар қажетті дауысты жинай алмағандықтан (Леннарт Мери – 29,8%, қарсыласы Арнольд Рюйтель – 42,2% дауыс жинады), екінші турда соңғы сөзді депутаттар айтты. Леннарт Мериге 101 депутаттың 59-ы өз дауысын берді. 1992 жылы Конституцияға өзгерістер енгізіліп, президенттің өкілеттігі айтарлықтай шектелді. Президент атқарушы билік жүйесіне кірмейді және негізінен өкілдік және түрлі ресми-құқықтық функцияларды орындайтын символдық тұлға болып табылады. Өйткені, Эстония – парламенттік республика. Ал, президент сайлауы парламентте немесе арнайы сайлау алқасында дауыс беру жолымен өтеді. Президент бес жыл мерзімге сайланады, бір адам қатарынан екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды. 1996 жылы Леннарт Мери бесінші турда 372 арнайы сайлау алқасының 196 дауысын алды. Оның екінші президенттік мерзімі 2001 жылы аяқталды. 2005 жылы оның қатерлі ісікке шалдыққаны анықталды. Содан 2006 жылы 77 жасында ауруханада қайтыс болды. Қазір Таллин халықаралық әуежайы Леннарт Мери есімімен аталады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here