Қазіргі таңдағы интеллектуализм мен білімге деген айрықша бетбұрыстар адамзат қоғамы мен еліміздің игі болашағына бағдарланған іргелі стратегия десек те болады. Сайып келгенде, бұл беталыс логикаға бағдарланған ғылыми таным мен дұрыс ойлауды қалыптастырумен, шығармашылық ойлауды жетілдірумен келіп шартталады. Осы салада қазақстандық философияда іргелі зерттеулер жүргізіп келе жатқан танымал ғалымдардың бірегейі – философия ғылымдарының кандидаты, доцент Асқар Лесхан Әмірханұлы болатын.
Лесхан Әмірханұлы – әлемдік философия тарихын жетік меңгерген, классикалық және академиялық философия өкілдерінің еңбектерін түпнұсқадан оқып, талқылауға машықтанған, өзіндік сүбелі ой пікірлері мен сындарлы ойларын паш еткен тұлға. Лесхан ағамыз отандық және әлемдік философиялық кеңістікте логика саласының жетік маманы, неміс, түрік, орыс, т.б. тілдерді меңгерген полиглот ретінде баршаға танымал ғалым.
Ол 1956 жылы 15 қарашада Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының тумасы, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті философия және экономика факультетінің философия бөлімінің түлегі. Ол студент кезінен-ақ өзінің білімге құштарлығымен, алғырлығымен, сөз тапқырлығымен, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын өмірге аса құштарлығымен ұстаздар және өзінің ортасында бірден-ақ көзге түсетін айрықша жан еді. Болашақ ғалым университетті үздік дипломмен тамамдағаннан кейін, Мәскеу мемлекеттік университетінде философия мамандығы бойынша аспирантурада оқып жүрген кезінде де, дәріс беретін ресейлік оқытушы-профессорлар қауымымен етене араласып, олармен философиялық дискурстарда емін еркін сұхбаттасып, сол ортада өзінің біліктілігімен, талантымен, философиялық ойлау машығының төлтумалылығымен танымал бола бастады. Нәтижесінде, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
Ол жас кезінен-ақ өзінің ізденістері мен білімін одан әрі жетілдіру үшін әрісі әл-Фараби, берісі Шәкәрім тәрізді әлемдегі озық дамыған елдерді аралап, тәлім алып, әйгілі кітапханалардан сусындап, олардың философтарымен тәжірибе алмасу қажеттігі туралы биік мақсаттар қойды. Ізденімпаз ғалым 1987-1990 жылдар аралығында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, 1992-1993 жылдары Түркия Респубикасының Стамбул университетінде, Германияның айтулы білім ошақтарында біліктілігін жетілдіріп қайтты.
Лесхан Әмірханұлы өзі ғана отандық философия ғылымының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып қана қоймай, ҚР философия ғылымының перспективасына да алаңдап, стратегиялық масштабта да ойлай білді, «болашақ философ қандай болуы тиіс?» деген модель бойынша жұмыс жасады. Сөйтіп, Қазақ ұлттық университеті жанынан 1992 жылы студенттердің біліктілігін арттыратын «Кіші Фараби» академиясын құрып, өзі басшылық жасады. Бұл академия өз қызметін университет көлемінде ғана емес, басқа да жоғары оқу орындарындағы жастармен, сондай-ақ, қала, ел ауқымындағы қоғамдық-танымдық бағыттағы ұйымдармен, интеллектуалды клубтармен тығыз байланыс орнатты. Ширек ғасырдан астам уақыт бойында «Кіші Фараби академиясы» қоғам өмірінің әртүрлі саласында сан қилы тақырыптарды пікірталастың талқысына салып, оған Қазақстан Республикасындағы танымал тұлғалар мен қоғам қайраткерлерін шақырып, жастарға ой салатын заманауи өзекті мәселелер бойынша кездесулер өткізіп, «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген кредоны да назардан тыс қалдырмады, ұрпақтарымызға өнегелі өмір сүрудің практикасын да көрсетіп берді. Ислам әлемінде есімі танымал болған теолог-ойшыл Халифа Алтай, елімізде белгілі арабтанушы ғалым, бұрынғы ҚР Бас муфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі, қазақтың танымал ақиық ақыны Мұхтар Шаханов, қазақ тілінің жанашыры болып жүрген Асылы Осман ханыммен, белгілі қоғам қайраткері, өнегелі ана Зейнеп Ахметова, Фарабитану саласында іргелі еңбек сіңірген философия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА мүшесі А.Х. Қасымжанов, танымал математика тарихшысы атанған фарабитанушы А. Көбесов сынды елімізге танымал рухани тұлғалармен өткізген бетпе-бет кездесулер «Кіші Фараби академиясының» атқарған ғибратты жұмыстарының бір парасы ғана.
Лесхан ағамыз қоғамдық ортадағы қарым-қатынастарда да ақжарқын жүзді, көңілі ашық, пейілі кең, ұтқыр сөйлейтін, сөзге шешен, үнемі қиыннан қиыстырып тауып айтатын, әзілдері – ойлы және терең мағыналы, төлтума және баршаға ұнамды болып келетін, «үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысу» технологиясын жетік меңгерген, қашан да адамдар арасында көңілді психологиялық климат қалыптастыратын, әңгімелескен сәттерінде философияны өмірмен, кез келген ситуациямен оңай байланыстыра алатын, төлтума ойларымен танымал айрықша жан. Сондықтан да, ол кез келген әлеуметтік ортаға сыйлы, ұйымдастыру қабілетімен де танымал тұлғаға айналды. Бұл – логикалық дұрыс ойлау машығын, шешендік өнерді толық меңгеріп қана қоймай, оны өмір тәжірибесінде қолдана білгендігінің айқын үлгісін көрсетеді.
Сонымен қатар, Лесхан ағамыз матлогика, көпмәнді логика, диалектикалық логика, формальды емес логика, софистика, шешендік өнер логикасы, т.б. жетік меңгеріп қана қойған жоқ, оларды сараптап, саралай келе, шығармашылық-креативті ойлаудың жаңа алгоритмін ұсынып, «продуктивті логиканың» негізін салушы (Б.М. Аташпен бірге) ғалым атанды.
Әрине, кейбір сарапшылар ойлап жүргендей, Лесхан Әмірханұлының шығармашылығы тек қана логика ғылымымен шектеліп қалмайды, ол аударма ісі саласында, ұлттық философия арнасында, эпистемологиялық мәселелер бойынша т.б. іргелі еңбектер жазған айтулы ғалым ретінде де баршаға танымал: өзінің ғылыми ізденіс саласында 200-ден астам ғылыми мақалалар, оқулықтар мен оқу құралдары және монографиялар жариялаған, ақындық таланты мен шеберлігі өз алдына бір төбе.
Нәтижесінде, осындай игі істері мен ғылымға сіңірген қажырлы еңбегі халық пен мемлекет тарапынан ресми түрде оң бағаланып, айтулы марапаттауларға ие болды: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ең жоғарғы мәртебелі лауазымы – Әл-Фараби алтын медаль, әл-Фараби атындағы күміс медаль, Ломоносов атындағы алтын медаль т.б. иегері атанды.
Бүгінгі таңда ағамыз үбірлі-шүбірлі, немерелі, бақытты отбасылық ғұмыр кешіп келеді, ұрпақтарын да адал, әділ, отаншыл, әлсізге қамқор, қайырымды болуға тәрбиелеп, соның жемісін көріп отыр.
Берік АТАШ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұстазы











