Ғалымдардың фермерлермен кездесуі тұрақты өткізіледі

0
1138

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстан ғылымының дамуына, отандық ғылы­ми-зерттеу жетістіктерінің өндірісте, ауыл шаруашылығында пайдаланылуына баса назар аударып, ғылым саласы жалпы елдің экономикасын көтеруге жұмыс істеу керек деген тұжырымдарын үнемі айтып келеді. Осыған байланысты бүгінде ауыл шаруашылығында ғы­лыми инновациялық жаңалықтарды қолданысқа енгізу барысындағы сұраныстар айтарлықтай артып келеді.

Біз мұны Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі Агро-Даму басқармасының жанында 2020 жылы 17 тамызда құрылған «Call center» орталығына жер-жерден келіп түсіп жатқан сауалдардың көптігінен байқаймыз. Құрылған күннен бері бір жылдың ішінде ауыл шаруашылығы саласына қатысты 300 мыңнан аса сұрақтар мен өтініштер келіп түсті.

Агро-Даму басқармасының негізгі бағыты – ғылыми өндірісті интеграциялау, ақпараттық-консалтингтік қызмет көрсету, бізде өткізілетін конференция, семинарлар, дөңгелек үстелдерде және т.б. өзекті мәселелерді үнемі талқылау болып табылады. Осы іс-шаралардың барлығын біз «Call center» арқылы өткіземіз. ҚазҰАЗУ сайтындағы Агро-Даму парақшасында Қазақстанның 14 облысы бойынша агробаза жүйесі жүктелген, ол жерде 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушілерінің ақпараты, қандай шаруашылықтың немен айналысатындығы анық көрсетілген. Мұның аграрлық секторға тигізе­тін пайдасы зор екенін біздің іс тәжірибеміз байқатып отыр.

Уақыт сұранысына байланысты университеттің қолға алған бір ұтымды шарасы – Фермер сағатын өткізу. Мәселен, биылғы жаздағы батыс өңіріндегі қуаңшылық салдарымен күресу мақсатында ҚазҰАЗУ мен Ақтөбе облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен «Ақтөбе облысында АӨК дамытудағы инновациялық технологиялар трансферті» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өткізілді. Онда аталған облыстың ауыл шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер және жеке шаруашылықтар мен ірі кәсіпорындарды дамытуда жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Онлайн дөңгелек үстелге жалпы 150-ге жуық фермерлер мен кәсіпкерлер қатысып, өздерін мазалайтын сұрақтарды қойды. Атап айтқанда, Ақтөбедегі «Айс плюс» ЖШС директоры Қуаныш Ищанов ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу технологиясын дамыту жайын, Алға ауданындағы «Абылай» ШҚ жетекшісі Қыдырбай Кусупов бруцеллёзге кандай тиімді вакцина бар екенін және егілген малды неге үш жылға дейін сатуға тыйым салынғанын сұрады.

Сауалдарға ҚазҰАЗУ тарапынан АШҒА академигі, профессор Әбдірахман Омбаев, ҚР ҰҒА академигі, профессор Сағынбай Қалдыбаев, а-ш.ғ.д., профессор Сергей Олейченко,  т.ғ.д., профессор Есенкул Калыбекова сияқты белгілі ғалым-мамандар жауап қайтарып, ақыл-кеңестерін берді.

Сондай-ақ, ҚР ҰҒА академигі, ҚазҰАЗУ профессоры Теміржан Айтбаев жақында «Call Center» орталығында өндірушілер үшін «Картопты сақтаудың тиімді сорттары мен тиімді технологиялары» атты онлайн-консультация өткізді.

Ал, 2021 жылдың 23 қыркүйегінде «1:1 ғалымдардың фермерлермен кездесуі» атты  «Фермер сағаты» онлайн ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылды. Бұл жолы да қойылғанн сұрақтар маңызды және әртүрлі болды. Фермерлердің сұрақтарына университетіміздің белгілі ғалымдары – а-ш.ғ.д., профессор, Аграномия кафедрасының меңгерушісі Серік Кененбаев, а-ш.ғ.д., профессор Тастан Атақұлов, а-ш.ғ.д., профессор Серік Жантасов, PhD докторы Сандуғаш Сауранбай тиянақты түрде жауап берді.

Көбінесе  онлайн форматта өткізілетін бұл «Фермер сағаты»  ауыл шаруашылығында қордаланған өзекті мәселелерді шешу және жеке қожалықтар мен ірі кәсіпорындарды дамытуда жаңа технологияларды енгізу, тәжірибе алмасу, диалог өткізу үшін өте қажетті алаң болып табылады.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here