Шойын жолдағы туризмнен түсер табыс қандай?

0
6992

Германиялық «Lernidee Trains and Cruises» компаниясының жалғыз қазақстандық серіктесі – «Тұран Азия» компаниясы. Неміс компаниясы арқылы 25 жылдан бері шетелдік туристер Орталық Азияға шойын жол арқылы екі апталық саяхат жасап келеді.  Бүгінде қос компания туристерді тасымалдайтын ірі турфирмалардың қатарына жатады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін өзге елдің азаматтарына танымал қос компанияның қызметіне тоқталады.

ШОЙЫН ЖОЛ ТУРИЗМІНЕ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Lernidee – неміс тілінен аударғанда «оқыту идеясы» деген мағынаны білдіреді. Немістің ірі туроператорының тарихы өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Берлинде орыс тілін үйрету курсы ашылғаннан бастау алады. Оқыту курсын ашқан адам – мұғалім Ханс Энгбердинг.

Саяхатқа шығу үшін туристерге ең алдымен орыс тілін меңгеру керек еді. Ханс Энгбердингтің ашқан курсының негізгі мақсаты да осы болды. Бірақ, неміс азаматының ересек оқушылары шыдамсыздық танытты. Жеткіншектер Кеңестер Одағына орыс тілін үйренбей-ақ тезірек барғысы келді. Содан мұғалім тығырықтан шығар жолды тез тапты. Ол балалардың меселін қайтармай, алыс жолға шығып, Транссібір жолымен пойызбен саяхаттай жүріп, орыс тілін үйретуге шешім қабылдады. Оқушыларына орыс тілін тәжірибе тұрғысында үйренудің нәтижесі тез болатынын ұқты. Сөйтіп, оқушылар Транссібір жолымен бірнеше мәрте саяхаттады. Ал, мектеп мұғалімі болса, саяхаттау үшін жаңа бағыт іздей бастады. Ханс Энгбердинг назарын бұл жолы Орталық Азияға аударды. Осылайша, неміс азаматы ойламаған жерден шойын жол туризміне қадам басты.

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ІЗІМЕН САЯХАТ

«Orient Silk Road Express» – Ұлы Жібек жолы арқылы өтетін теміржол круизіне берілген атау. Саяхат Қазақстанда басталатындықтан, Ханс Энгбердингке жаңа бағыттағы жобаны ұйымдастырып, іске асыру үшін қазақстандық серіктес компания қажет еді. Ол қазақстандық серіктес компанияны тапты да. Оған «Тұран Азия» компаниясы серіктес болды.

«Тұран Азия» компаниясының бас директоры Гүлғайша Қасенханованың айтуынша, екі мыңыншы жылдардың басында Жібек жолының бойымен туристерді қазақстандық вагондар тасымалдады. Вагондар ыңғайлы бола қоймады. Душ кабинасы тек бір вагонда ғана болды. Оның өзі пойыз Алматыдан шығып кеткен соң, жиі істен шығып қала берді. Туристердің тазалығын қамтамасыз ету үшін жолсеріктер әрқашан кезекшілікте тұратын-ды. Вагондардың дәретханаларына «Тұран Азия» қызметкерлері неміс туристері шұлықпен ыңғайлы жүру үшін арнайы кілемдер де төсеген. Шетелдік қонақтардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін отандық компания купелерге жаңа төсек-орындар сатып алған. Сондай-ақ, купелерді ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірген. Осылайша, туристерді шығыс мәдениетімен таныстырудың алғышарттары қалыптасты. Ал, қазір жағдай мүлдем жақсы жағына өзгерді.

Бүгінде «Orient Silk Road Express» пойызының құрамында қазақстандық вагондар жоқ. Олар ресейлік «Трансмашхолдинг», «Циркон-Сервис» және өзбекстандық құрастыру зауыттарында шығарылған жаңа вагондармен алмастырылған. Ұлы Жібек жолы ертеден бері келе жатқан шаһарлар: Бұхара, Ташкент, Самарқан, Хиуа арқылы өтетіндіктен, өзбектер шығыстық нақышта безендірілген арнайы вагондар жасап шығарды.

ОРТА АЗИЯҒА САПАРДЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

«Orient Silk Road Express» пойызының екі апталық саяхаттың екі бағыты бар. Біріншісі – Қазақстан-Қырғызстан-Тәжікстан-Өзбекстан, екіншісі – соңғы нүктесі Ашхабадта қойылатын Қазақстан-Өзбекстан-Түркіменстан бағыты. Пойызбен екі апталық саяхатын аяқтаған туристер тобы үйлеріне ұшақпен ұшады. Ал, пойыз жаңа туристерді алып, Ашхабадтан Алматыға кері қайтады.

«Біздің серіктесіміз «Orient Silk Road Express» жыл сайын Алматыдан көктемде екі рет, күзде төрт рет сапар шегеді», – дейді Гүлғайша Қасенханова.

Турдың құны 3,5 мың доллардан басталғанымен, круиздік пойыздарда мүлдем бос орын болмайды. 2008 жылы әлемдік қаржылық дағдарыс орын алған тұста да аталмыш жобаның табысы төмендемеген екен.

«Біз бұл жобамызбен мақтана аламыз. Турфирма жыл сайын әртүрлі шетелдік көрмелерге қатысады. Шетелдік компания өкілдері «Кіммен бірге жұмыс істеп жатырсыздар?» деген сауалды жиі қояды. «Lernideе Trains and Cruises»-пен бірге 25 жыл серіктес болу – біз үшін сапа белгісі», – деп санайды компания басшысы.

Компания қызметкерлері 2016 жылы Ханс Энгбердингпен Ақтау қаласына сынама бағыт жасап қайтты. Содан бері неміс кәсіпкерлері алдағы уақытта «Алматы-Маңғышлақ» круиздік бағытын іске қосуға қызығушылық танытып отыр. Ол турасында Ханс Энгбердинг: «Онда таңғажайып табиғатпен қатар тамаша туристік инфрақұрылым – Ақтау мен Атырауда бес жұлдызды қонақ үйлер мен тұрақты әуе қатынасы бар», – деп ағынан жарылды. Бірақ, жаңа бағытты іске қосу үшін қосымша арнайы вагондар қажет. «Orient Silk Road Express» қажетті вагондарды «Узбекистон темир йуллари» және «Российские железные дороги» компанияларынан жалға алуына болады. Ханс Энгбердинг вагондарды жалға алып, жаңа Алматы-Маңғышлақ бағытын іске қосып қана қоймай, болашақта бағытты Иранға дейін созуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Lernidee Trains and Cruises» компаниясының туристерге арналған Орта Азия елдері бойынша 14 күндік сапары 6 қазанда Алматыдан басталып, 19 қазанда Түркіменстан астанасы Ашхабадта аяқталады. Осы уақыт аралығында пойыздағы туристер Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан елдерінің 9 қаласында аялдап, жергілікті жерлердің тарихымен, табиғатымен, салт-дәстүрлерімен, ұлттық тағамдарымен танысады. Бұл сапардың құны – 4 910 доллар.

«Lernidee Trains and Cruises» компаниясы 3-18 қыркүйек аралығында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның 9 қаласына аялдайтын 16 күндік турды да ұсынып отыр. Бұл сапар Алматы қаласынан басталады. Ал, кері бағыттағы басқа туристерге арналған сапар 20 қыркүйекте Ташкентте басталып, 5 қазанда Алматыда аяқталады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын кең байтақ жеріміздің қадірін арттырып, қазақстандық шойын жол туризмінің дамуына өлшеусіз үлесін қосып отырған «Тұран Азия» компаниясының мұндай бастамаларын қолдамасқа болмайды. Өйткені, турзимнің бұл түрінен қыруар қаржыға кенеліп отырған елдердің қатары аз емес. Айталық, бір ғана канадалық «Rocky Mountaineer» пойызының 13 күндік Ванкувер-Джаспер бағыты 5 мың доллардан басталады. Жапондық «Shiki-Shima» пойызымен саяхаттау үшін кемінде 4 мың доллар төлеу керек.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here