Алматының білім және инновация кеңістігі тағы бір маңызды орталықпен толыға түсті. Almaty Management University (AlmaU) жанынан ашылған AlmaU AI Lab жасанды интеллект орталығы – жаңа технологиялар дәуіріндегі тың серпін, қаладағы ғылым мен бизнестің тоғысқан алаңы. Болашақ мамандарды даярлаумен қатар, қаланың өркендеуіне бағытталған практикалық шешімдер мен ғылыми жобалардың ордасына айналмақ. Елімізде жасанды интеллект туралы әңгіме тек заманауи тренд немесе технологиялық қызығушылық деңгейінде ғана қалып қоймай, терең философиялық және қоғамдық бағыттағы мәнге ие бола бастады. Бұл – еліміздегі білім беру, ғылыми зерттеу, инновация және мемлекеттік саясат салаларын жаңаша көзқараспен біріктіретін ерекше платформа. Унверситет ұсынған бастама технологияны енгізуден бұрын, ең алдымен ЖИ-дің адамзатқа қызмет ететін этикалық моделін қалыптастыруды мақсат етеді. Жасанды интеллектке «адамға бағытталған» көзқарасты дамыту – осы орталықтың басты ерекшелігі.

Адамдық болмысты алдыңғы орынға қоятын «Tolyq AI» тұжырымдамасы жасанды интеллект әлемінде бәсекелестік күшейген сайын технологиялық прогрестің адамзаттың ішкі дүниесіне әсері туралы сұрақтар жиі қойыла бастады. AlmaU бұл мәселеге жауап ретінде Абайдың «Толық адам» философиясына сүйенген «Tolyq AI» моделін ұсынды. Бұл – ЖИ-дің дамуын этика, адам құндылығы және қоғамдық мағына арқылы үйлестіруді мақсат ететін жаңа тәсіл.
«Жасанды интеллект қуатты қозғаушы күш, бірақ ол бағыт көрсететін компас емес. Бағытты адам анықтайды. Бізді ЖИ адамдарды алмастырады деген қорқыныш емес, роботша жұмыс істейтін адамдар алаңдатады. AlmaU орындаушыларды емес, шығармашыл тұлғаларды дайындайды», – деді университет президенті Асылбек Қожахметов құттықтау сөзінде.
Бұл ойдың өзі орталықтың философиялық негізін айқын көрсетеді: технология – құрал, ал оның бағытын анықтайтын – адам.


Білім беру жүйесін цифрландырудың жаңа кезеңі
AI Lab-тың алғашқы міндеті – университет ішіндегі білім беру процесін заманауи деңгейге көтеру. Бүгінде AlmaU университетінің оқу бағдарламаларына жасанды интеллектке негізделген жаңа буын платформалары – профессор Тимур Бәкібаев пен Қуаныш Әбішев әзірлеген Oqulabs және Delicatest AI жүйелері енгізілді. Бұл жаңашыл бастама білім берудің сапасын арттырып, студенттерге заманауи технологиялармен жұмыс істеудің кең мүмкіндігін ашып отыр. Еске сала кетейік, осы платформа арқылы тапсырмаларды автоматты бағалауға мүмкіндік беріп, студенттердің оқу динамикасын талдап және академиялық адалдықты бақылауда ұстауға көмектеседі.
Орталықтың ғылыми-инновациялық базасы мақсатты және гранттық қаржыландыру аясындағы жобалардың нәтижесінде қалыптасты. Аталған бастамалар ауыл шаруашылығы саласын технологиялық әртараптандыру және цифрлық трансформациялауға бағытталған. Осы жобалардың жемісті жүзеге асуының арқасында білім ордасының зертханасы ASUS және ZERDE Business Solutions компаниялары ұсынған екі заманауи мини-суперкомпьютермен жабдықталды. AI Lab тек теориялық база емес, нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған практикалық орта. «Қостанай минералдары» АҚ-пен бірге әзірленген руданың ылғалдылығын болжау моделі өндірістік үдерістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл жоба – ЖИ-дің өндірістік экономикаға тікелей әсерін көрсетеді.
«Бұл орталық Алматы қалаcы үшін нақты да тиімді практикалық шешімдер әзірлеуге үлкен мүмкіндік береді. Алдағы жылы AlmaU университетімен бірлесіп, қалалық ортаны жақсартуға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Әсіресе, жасанды интеллект бағытындағы стартаптарды қолдап, олардың дамуына ерекше көңіл бөлетін боламыз», – деді Алматы қаласының цифрлық даму департаментінің басшысы Олжас Жанабек.
Сондай-ақ орталық көлік логистикасы, экология, ресурстарды басқару, «қауіпсіз қала» жүйелері секілді ірі салаларға арналған шешімдерді әзірлеуге дайын. Алматы қаласының цифрлық даму департаменті AlmaU-мен бірлесе отырып, қала үшін жаңа AI-жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр.


Кәсіпкерлік пен стартап мәдениетінің жаңа алаңы
AlmaU AI Lab – студенттер мен жас кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік алаңы. Мұнда олар өз AI-жобаларын құрып, стартап жарыстарға қатысып, акселерациялық бағдарламалардан өте алады. Ең бастысы – серіктес компаниялардың деректер базасына қол жеткізіп, реальды бизнес-жобалармен жұмыс істеу мүмкіндігі бар.
Орталықтың ашылу шарасында AlmaU университеті мен Almaty HUB, Алматы қаласының әкімдігі, Teachers Lab және Tech People Community арасында маңызды меморандумдар жасалды. «AI in Education» тақырыбында өткен панельдік пікірталас ЖИ-ді этикалық қолдану мен білім жүйесін реформалаудың халықаралық деңгейдегі трендтерін талқылауға мүмкіндік берді.
Бұл орталық еліміздің ғылыми және білім беру саласындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. AlmaU AI Lab жасанды интеллектті адамның құндылығымен ұштастырып, технологияны ұлттық философиямен байланыстыра алатын сирек жобалардың бірі. ЖИ әлемі күннен-күнге өзгеріп жатқанда, AlmaU-дың ұстанған бағыты – тұрақты, адамға қызмет ететін, этикалық және жауапты технологиялық даму жолы. Бұл орталық еліміздегі жас таланттарға өз әлеуетін жүзеге асыруға, ал елдің өзі халықаралық білім кеңістігінде жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік береді.
AI Lab – адам мен технология арасындағы үйлесімді байланысты жаңа деңгейге шығаратын, болашақ мамандарды ойлы, саналы, жауапты тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған стратегиялық жоба. Білім мен технологияны ұштастырған бұл орталық алдағы жылдары қаланың инновациялық келбетін айқындайтын басты бастамалардың бірі болары сөзсіз. Жаңа орталықтан туындайтын тың идеялар мен батыл жобалар ел дамуына да өз үлесін қосатыны анық.
Индира БІРЖАНСАЛ









