Аға туралы бір естелік жазсам деп жүргеніме талай уақыт болып еді. Жұмыс бабында неше мәрте жолығысып жүрсек те, сұхбат алудың сәті түспепті. Қазаққа тән «кейін жазармын, әлі уақыт бар» деген бейқамдық қой…
Енді, міне… «Өлді» деуге ауыз бармайды, «кетті» деуге көңіл қимайды…
Сол күндердің бірінде ағаның үйіндегі жеңгеміздің жазған естелік кітабы біздің жұмыс істейтін баспадан шығатын болды деген хабар жетті. Ағаның көмекшісі Ғалия сіңліміз қолжазбаны әзірлеп, баспаға жіберіпті. Және: «Ағаның жылдық асына дейін бұл еңбек жарық көрсе екен» деген аманатын қоса жеткізді.
Кітап уақтылы дайындалды. Ал бұл туынды туралы толығырақ кейін айта жатармын, әзірге осы жазбама себепкер болған қадірлі жандар жайында бірер ауыз сөз айтайын.
Солардың бірі – өз дәуірінің адал перзенті атанып, халық құрметін иеленген, абыройдың биік тұғырына көтерілген, бар саналы ғұмырын Алаш атты аталы жұрттың өркендеуіне арнаған, табиғи талғамы мен текті мінезі, сирек кездесетін парасаты арқылы өз биігін жасаған қайран Кенжеғали ағамыз – Сағадиев Кенжеғали Әбенұлы.
Аға туралы бұрын сырттай ғана еститінмін, ал жақын отырып сөйлескен, араласып-құраластығымыз болған жоқ. Мемлекеттік басқару ісінде жүрген, әдебиеттен алыстау жан шығар деп ойлағам, керісінше тілге дүйім жұртты тәнті ететін шешендігі бар. Әдетте есеп-қисаптың төңірегінде жүретіндердің көбі сөзге шорқақ келуші еді ғой. Ал ағамыз – баяғының билеріндей суырыпсалма, тілге ұста екен.
Кенжеғали ағамен мені жақындастырған – кітап.
…Бірде жұмыста отырғанда белгісіз нөмір хабарласты.
Телефонды көтергенім сол еді:
– Қызжібек қарындасым, мен – Кенжеғали Сағадиев деген ағаң боламын, – деп сөзді бірден өзін таныстырудан бастады.
– Иә, аға, тыңдап тұрмын, – дедім мен де іле жауап қатып.
– Айналайын қарындасым, телефон нөміріңді Қоғабай Сәрсекеевтің үйіндегі Гүлбаршын апайың берді. Жазған-сызған дүниелерімнің басын біріктіріп, көптомдық етіп шығарсам деп жүрмін. Алдағы мерейтойға дайындық еді. Осы жұмысыма жақсы редактор іздеп жүргенмін. Сонда Гүлбаршын апайың: «Кітаптарыңызды тап-тұйнақтай етіп дайындап береді» деп өзіңді айтты. Осы шаруаны қолға алуға қалай қарайсың? – деді аға сабырлы да сенімді үнмен.
Академиктің сенім арта сөйлеуі қуантқанымен, жауапкершілігі жоғары істен жүрексініп қалдым. Дегенмен:
– Аға, көптомдықтың жүгі ауыр болады. Сондықтан, ең алдымен материалдармен танысып көрсем… – дедім.
– Қазір Астанадамын. Жақын күндері Алматыға барамын, сонда кездесіп, кеңірек сөйлесейік, – деді аға нық түрде.
Келістік.
Бірнеше күннен кейін көмекшісі Ғалия хабарласып, ағаның жоғары оқу орнындағы қабылдау бөлмесіне келуімді сұрады. Белгіленген уақытта Абай даңғылы бойындағы университетке бардым. Кенжеғали аға күтіп отыр екен.
Ағамен бетпе-бет жүздесіп, арнайы таныстығымыз дәл сол сәттен басталды.
Бұл – 2015 жылдың оқиғасы еді.
Амандық-саулық сұрасып болған соң, аға ұзын үстелдің үстіне алдын ала дайындап қойған бірнеше папканы көрсетіп, таныстыруға кірісті. Әрбір папкадағы материалдарды тәптіштеп түсіндіріп, ертеректе қолмен жазылған ғылыми жұмыстарынан бастап, түрлі басылымдарда жарық көрген мақалаларына дейін ұқыппен ақтарып шықты. Академиктің жазу-сызу ісіне мұншалықты жауапкершілікпен қарайтынына куә болып, іштей қатты таңғалдым. Құр таңырқап қана қоймай, ағаның бірнеше папкасын қолтықтап үйге қайттым.
Он томдықтың «бас-аяғын реттеу» – ауызға жеңіл болғанымен, іс жүзінде баспаханаға дейінгі талай кезеңді талап ететін машақатты жұмыс екенін бұл саланың мамандары жақсы біледі. Ал Кенжеғали ағамыз кітап құрастыру, дайындаудың бүге-шүгесін бізден де жіті меңгерген жан болып шықты. Сөйтіп, аманатталған іске кірісіп кеттік.
Әр кітапты әзірлеу барысында мен ағаның әсерлі әңгімелерін тыңдауға әдейі уақыт бөліп жүрдім. Сол сәттерде аға жеңгеміз жайында, екеуінің жастық шағы, студенттік кездері, отбасы болып құрған күндері туралы тамаша естеліктер шертетін. Осылайша мен үшін жеңгейді тануыма да себепкер – ағаның көптомдығы болды.
Он томдықтан кейін біраз уақыт өткенде, аға тағы да екі-үш кітап дайындауды ұсынды. Соңғы кітапты тапсырып болған кезімде, аға денсаулығына байланысты Кореяға емделуге бара жатқанын, оралысымен шыққан кітаптарына қолтаңба жазып беретінін, міндетті түрде хабарласатынын айтты.
Өкінішке қарай, жер жүзіне «коронавирус» деген дерт жайылып, байланыстар үзіліп, ағамен қайта жүздесу бұйырмады…
(Ал он томдықты құрастыру барысы туралы реті келгенде бөлек әңгімелерміз.)
* * *
Уақыт өте экономика ғылымдарының кандидаты, Әбітайқызы Нағытай жеңгейді жақын тануға ұмтылдым. Ғалымның ой-толғамдары, түрлі тақырыптағы мақалаларымен таныстым.
Айта кетуім керек: жеңгей деп атауымның да себебі бар. Кенжеғали ағамен алғаш жүздесіп, жөн-жосығымызды сұрасып-білісіп отырғанда, сүйегі жағынан екеуміздің түбіміз бір жұрттан екеніміз анықталып, мен ол кісіге қарындас болып шықтым.
Шынында да, Кенжеғали аға мен Нағытай жеңгейдің отбасылық өмірі – «өнегелі өмір» деп баға беруге толық лайық. Олардың бір-бірі туралы жазған естеліктерін оқыған жан, бұл шаңырақтың қандай жарасымды, үйлесімді болғанына еш күмәнданбайды.
Жар қадірін, жанның қадірін ұғындырған бұл кітапты сол кезде баспаға дайындау үстінде отырып-ақ бір деммен оқып шыққаным есімде.
Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін асыл қасиеттер мен ұлы құндылықтарға қайта табысқандай, жан сарайымды адамдықтың саф ауасы тазалап өткенін сездім…
«Сыңарым еді…» – атауының өзі-ақ естеліктің өзегін ашып тұр. Алпыс жыл бойы бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен қос жанның бүкіл өмір жолы бұл кітапта шынайы, табиғи, терең сезіммен өрілген.
Автор жүрегін тырнаған сағыныштың, еріксіз шаншитын мұңның, тоқтаусыз толғаныстың бәрін айна-қатесіз жеткізеді.
«Асыл да ардақтым – Кенжекемнің «Өмір белестері» атты ғұмырнамалық естелік кітабын жүрегімнің лүпілін сезінген күйі қолыма аламын да, парақтай бастаймын. Сол сәтте Кенжекемнің үні жақыннан естілгендей болады. Кітаптың әр беті өзімен сырласа келгендей, жарық күндерге жетелеп, өткеннің әр сәтін қайта тірілткендей әсер етеді. Тіршіліктің күйбеңі саябырсыған қысқа бір мезеттерде оңаша отырып айтатын әңгімелері қазір санамда жаңғырып, көңіл төрімнен орын алыпты.
Қайран Кенжекем, асылым да ардақтым! Сыңарым да, сұңқарым да, алыбым да, айбыным да, айдыным да – бір өзің едің!
…Егер мына өмірде сені жолықтырмасам, алпыс жылдан аса ғұмырды сенің қасыңда өткізбесем, мен кім болар едім, қандай күн кеше алар едім?!
Бағымды аштың! Ана атандырдың, бүгінде ардақты әже болып отырғаным – сенің арқаң. Алаштың игі жақсыларына келін болып, үлкендердің батасын алу – маған бұйырған ең үлкен несібе. Мұның бәрі – бір Жаратқанның мейірімі мен сенің сүйеуің, асыл ардағым!».
Осындай пәк махаббат! Көңілді тербетіп, жүректі елжірететін асыл сезімнің шуағы! Бұл сөздерден «махаббат, қызық мол жылдардың» нәзік лебі аңқып тұр.
Аяулы жар «жүрегінің түбіне кір жасырмай» ақтарылып сыр шертеді. Өткен шақтың күллі суреті көз алдыңызға анық, айқын елестейді.
«…Өмірімде екі рет жалғыздықтың дәмін таттым.
Біріншісі – бала кезімде. Әкем әскерде қаза тауып, шешем басқа шаңырақ көтеріп, нағашыларымның қолында қалғанымда…
Оқуға түстім. Сол кезде Алла маған рақымын төгіп, Кенжекең секілді адал, адамгершілігі мол азаматтың назарын бұйыртты. Разымын! Алпыс жылдан аса бірге ғұмыр кештік. Балалы-шағалы болдық. Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік жасадық. Өмірімде «бақытсызбын» деп айта алмаймын.
Нағыз бақытым – Кенжекеңмен бірге өткен уақыт. Шүкір! Әке орнына – әке-ақылшым, аға орнына – аға-сүйенішім болды. Кемшілігімді толтырды, бетімнен қақпай, еркіндігімді сыйлады. Жанымнан табылған жанашырым еді. Өмірімнің мәні, балаларымның әкесі, немерелерінің атасы… Екінші рет жалғыздықты Кенжекемнен айырылғанда сезіндім…».
Жүректе уақыт пісіріп, тереңде қайнап шыққан сезімдердің сөзге осылай айналатыны анық.
Марқұм Кенжеғали ағамызға арналған бұл еңбек – Нағытай жеңгемізге деген құрметімізді бұрынғыдан да арттыра түсті. Задында, адамдардың өзара бір-бірімен жақын, іштей қатты сыйлас, ықыластас жүруіне осындай себептер де кейде әсер етеді екен.
Бүгінде Кенжеғали ағамыздың артында қалған әулеттің үлкені болып, абыройлы Нағытай жеңгей отыр. Құдіреті күшті Хақ тағала сол ардақты анамызға амандық, тұтас әулетіне тыныштық, бірлік берсін деп тілеп, осы шағын жазбамызды тәмамдасақ дейміз…
Қызжібек БӘКІР,
Ақпарат саласының үздігі.
РЕДАКЦИЯДАН:
2014 жылы «Қазақ» газетінің екінші тынысын ашқан Қоғабай Сәрсекеев дүниеден өткенде «Газеттің күні енді не болар екен?!» деген екіұдай пікірлердің басы қылтиып шыққаны да, тіпті редакция қызметкерлерінің желдей ескен жорамалдардан дағдарып қалғаны да жасырын емес. Өкінішке қарай, марқұм Қоғабай Сәтенұлының қазасынан кейін көбі «өзі жоқтың – көзі жоқ» дегенді ұстанды. Сол кезде Қоғабай Сәтенұлының жары Гүлбаршын Мүталапқызы газетті сақтап қалды. Қоғабай ағаның жора-жолдастары алға шықты. Материалдық көмектерін аямай берді. Манаш Қозыбаевтың асыл жары Сара жеңгейдің көмегін қалай ұмытайық. Өкінішке қарай, Сара Пішенбайқызы 2021 жылы өмірден өтті. Жеңгейдің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын демекпіз.
Жоғарыдағы мақаланы оқи отырып, Нағытай Әбітайқызының руханиятқа жанашырлығына көзің жете түседі. Былтыр Қоғабай Сәрсекеевтің өмірден өткеніне 10 жыл болғанда ұрпақтары үйінде Құдайы ас берді. Сол кезде Қоғабай ағаның көзі тірі жора-жолдастары көптеп жиналды. Әңгіме барысында Нағытай жеңгей газеттің ауыр жағдайын айтып, қолдарынан келгенше көмек беруін тілге тиек етіпті. Міне, редакция атынан Сара Пішенбайқызына, Нағытай Әбітайқызына, Гүлбаршын Мүталапқызына алғыс айтамыз.












