«ӨҢІРЛІК ОҚУ ОРНЫ АЙМАҚ ДАМУЫНДА ЕРЕКШЕ РӨЛГЕ ИЕ»
– Мұхтар Әділбекұлы, Сіз басқаратын Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті еліміздегі тарихы терең, жоғары білім беру саласында өзіндік дара орны, бірегей дәстүрі бар оқу орнының бірі. Әңгімеміздің әлқиссасын 70 жылдық тарихы бар қарашаңырақтың бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ.
– Ізгі пікіріңізге рақмет! «Білім – бұл әлемді өзгерте алатын ең қуатты қару». Міне, 70 жылдан бері Аманжолов университетінің түлектері әлемді жақсартуға үлес қосып келеді. Айта кету керек, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті бірінші кезекте отандық жоғары мектептің бай дәстүрлері мен білім беру үдерісінің жоғары мәдениеті. Осы негізде университет қазіргі талаптарға сай аймақ пен ел үшін сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды даярлауда.
Бүгінгі таңда Amanzholov University көптеген маңызды артықшылықтарға ие заманауи білім беру алаңына айналды. Университет кең ауқымды экономикалық және гуманитарлық мамандықтарымен, жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құрамымен, заманауи білім беру технологияларымен, шетелдік жетекші университеттермен қос дипломдық бағдарламалар секілді инновациялық білім беру бағдарламаларын ұсынуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, іргелі ғылымды дамытуда қарқынды жұмыс атқарып, халықаралық білім беру және ғылыми қауымдастыққа терең интеграциялануда.
70 жыл ішінде университет жоғары білім саласында толағай жетістіктерге жетіп, елдегі жетекші оқу орындарының қатарында лайықты орын алды. Біздің университеттің мақсаты – білім, ғылым және индустрияны біріктіре отырып, аймақтың тұрақты дамуы үшін жоғары білікті адами капиталды қалыптастыру. Бүгінде студенттер саны 10 мыңға дейін өсті. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 98 пайызды құрайды. Университет Шығыс Қазақстанның ірі кәсіпорындары және ұйымдарымен кадр даярлау бойынша 450-ден астам келісімшартқа қол қойды. Серіктестікке 150-ден астам кәсіпорын тартылды. Білім беру бағдарламалары Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасы, «Қазцинк» ЖШС, «ҚазМинералс», ҚР Ұлттық ядролық орталығы, «УМЗ» АҚ, «ТМК» АҚ сияқты жұмыс берушілер тапсырысы бойынша белсенді түрде бейімделуде. Сондай-ақ, университет студенттерді АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азияның үздік университеттеріне жіберіп, әлемнің 120-дан астам жоғары оқу орындарымен серіктестік туралы келісімге ие. ШҚУ-да 100-ден астам білім беру бағдарламасы және шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен 14 қос дипломдық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда.
«QAZAQ»-ТЫҢ АНЫҚТАМАСЫ:
Мұхтар Әділбекұлы Төлеген – заң ғылымдарының кандидаты, философия докторы (PhD), профессор, Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының академигі.
Еңбек жолын 2001 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінің Солтүстік Қазақстан заң институтының маманы ретінде бастаған. Әр жылдары аталған оқу орны ректорының көмекшісі, оқытушысы, маманы, бөлім басшысы, факультет деканы қызметтерін атқарды.
2008-2018 жылдары аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының кеңесшісі, факультет деканының орынбасары, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының оқу және әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ректоры аппаратының басшысы, инновациялық жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры лауазымдарында еңбек етті.
2018 жылдан бері Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры.
3 оқу құралының, 70-тен астам ғылыми мақаланың авторы. Бірқатар мемлекеттік және салалық марапаттардың иегері.
– Ғылыми әлеуетті нығайту – бәсекеге қабілетті елдер сапына бастар басты баспалдақ. Мемлекет басшысы отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының алдына ғылыми әлеуетті арттыру мәселесін қойып отыр. Аманжолов университеті кадр даярлаумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлес қосып келе жатқан болар?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың I Ұлттық Құрылтайдағы баяндамасы, ҚР Президенті жанындағы ғылым және технологияларды дамыту жөніндегі ұлттық кеңестегі ғылыми және ғылыми-технологиялық тәуелсіздік туралы ойлары бүгінгі таңда отандық ғалымдардың алдында ауқымды және терең саяси, тұжырымдамалық міндеттер қойып отыр. Биылғы жылы Құрылтайда ел Президенті озық технологияларға негізделген білім экономикасын қалыптастыру қажеттілігін атап өтті.
Елдегі заманауи және тиімді ғылым жүйесін қолдай білу осы бағыттағы жетістіктердің санын сөзсіз арттырады. Бүгінде Amanzholov University инновациялар, жаңа технологиялар мен талантты ғалымдарға арналған академиялық орталыққа айналып, елдің көптеген салаларына қажетті зерттеу жобаларын жүзеге асыруда. Мысалы, соңғы бес жылда профессорлық-оқытушылық құрам мен ғалымдар экономика, ақпараттық технологиялар, физика, тарих, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары, педагогика мен психология салаларында 200-ден астам монография шығарды.
Жалпы алғанда, біздің университет Президенттің тапсырмаларын тиянақты орындап, батыл идеяларды жүзеге асыруда. Заманауи алаңдар, шығармашылық кеңістіктер және инновациялық материалдық-техникалық база – соның дәлелі. Профессорлық-оқытушылық құрамының, қызметкерлер мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары университеттің даму жоспарына сәйкес жоғары мектептер, кафедралар базаларында, сондай-ақ ғылыми-зерттеу зертханалары мен орталықтарында жүзеге асырылады. Атап айтқанда, олардың қатарында өсімдіктердің биологиясы мен биотехнология зертханасы, цифрлық технологиялар мен модельдеу зертханасы, инновациялық технологиялардың ғылыми-өндірістік зертханасы, «Беткі инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығы, «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығы, «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты, «G-Global» алаңындағы экономикалық және құқықтық зерттеулер орталығы, StartUP академиясы бар.
Өткен оқу жылында біз «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығын аштық. Оған сенсорлық интеграция мен түзету зертханасы, STEAM зертханасы, «Дарынды балалар» зертханасы, LOGOLAB, психологиялық кеңес беру зертханасы, аппараттық психодиагностика мен психокоррекция зертханасы кіреді. Сондай-ақ, «Tribo-Tech» ғылыми-өндірістік учаскесі, полимер-композиттік материалдар зертханасы, технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығы, «Shygys-BASTAU» технологиялық паркі, Coursera орталығы, тұрақты даму орталығы және академик Бейбіт Мамраев атындағы ғылыми кітапхана базасындағы коворкинг орталығы құрылды. Бүгінгі таңда ШҚУ студенттерінің, қызметкерлерінің және жас ғалымдарының ғылыми әлеуетін дамыту үшін барлық жағдайлар жасалған.
– Ғылымды трендке айналдыру – заман талабы. Ол үшін жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызды екенін астын сызып атап өткен жөн. Жастардың ғылымға көптеп келуіне қандай мотивация жасау керек деп ойлайсыз? Университетте еңбек етіп жүрген жас ғалымдардың саны қанша? Олар оқу орнындағы ғылымды дамытуға қаншалықты үлес қосуда?
– Соңғы жылдары Amanzholov University ғылыми қызметте жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Университеттің машина жасау, материалтану, энергетика, биотехнология, гуманитарлық саладағы ғылыми әзірлемелері туралы бүкіл ел біледі. Ал, университет ғалымдары өңір мен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Университетте жалпы 89 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Оның қаржыландыру көлемі – 3 миллиард теңге. Бүгінде 120 профессорлық-оқытушылық құрамының және ғылыми қызметкерлердің WoS және Scopus мәліметтер базасында H-индекс көрсеткіштері бар, олардың 90%-дан астамы – жас буын өкілдері. Бүгінгі таңда Amanzholov University студенттері – қоғам мен ел экономикасына оң әсер ететін авторлық ғылыми жобаларды сәтті жүзеге асыратын, инновациялық ойлау қабілеті бар белсенді, білімді және өршіл жастар. Университетте әртүрлі бағыттағы ғылыми зертханалар, ғылыми-зерттеу орталықтары және Start UP академиясы жұмыс істейді. Аталған академия алаңында білім беру, туризм, экономика, ара шаруашылығы, IT-технологиялар және химия салаларына қатысты студенттердің, магистранттардың, докторанттардың 30 жобасы жүзеге асырылуда және олар өңір кәсіпорындарында іске асыруға дайын. Жақында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ғалымдары 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың әлеуетті жобаларын гранттық қаржыландыру байқауында 438 400 000 теңге сомасына 2 жобаны жеңіп алды.
Менің ойымша, «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау жөніндегі құзыреттер орталығы» жобасы ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл жоба ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оңалту және дамыту бойынша жаңа техникалық құралдарды әзірлеу тұрғысынан қолданбалы маңыздылығымен ерекшеленеді. Екінші жоба «Су объектілерін тазарту үшін композициялық сүзгі материалдарын өндіру технологиясын коммерцияландыру» деп аталады. Бұл жоба тұщы судың сапасының төмендігі сияқты әлемдік проблеманы шешуге бағытталған. 2050 жылға қарай Қазақстан су тапшылығы бар елдер санатына кіруі ықтимал. Қазірдің өзінде елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға мұқтаж. Өзекті мәселе бойынша жұмыс жасай отырып, университет ғалымдары екі жыл ішінде кәсіпорындар үшін немесе тұрмыстық ортаға бейімделуі мүмкін белгілі бір ластаушы заттар үшін мақсатты сорбент материалдарын өндіруді жоспарлап отыр. Университеттің ғылыми деңгейінің, коммерциялық тартымдылығының, инновациялығының ең айқын көрсеткіштерінің бірі – ғылыми-зерттеу нәтижелерін патенттеу. 2018-2023 жылдары 43 патент, 75 авторлық куәлік алынды және 60-тан астам патентке өтінім берілді. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері орындаған ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемі 2024 жылы 813 716,51 теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 200 пайызға өсті.
«ҒАЛЫМДАРДЫ МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНАН ДАЙЫНДАУДАМЫЗ»
– Білім ордасындағы кадр тапшылығын жою, ғылыми жұмыстардың сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Біздің артықшылығымыз – ғалымдарды мектеп қабырғасынан бастап дайындауымызда. Университетте болашақ ғалымдардың ғылыми зерттеулер жүргізуіне қолайлы жағдайлар жасалған. Бізде ерекше бір мысал бар, онда жас зерттеуші, төртінші сынып оқушысы Нина Журавлёва біздің университет базасында «Спирулин платенсис көк-жасыл балдырларын картопты тамыр арқылы суаруда және ұсақ дисперсиялық суаруда биотыңайтқыш ретінде пайдалану» атты ғылыми жобасын жасаған.
Айта кету керек, біз жыл сайын пәндік олимпиадалар ұйымдастырып, олардың жеңімпаздарына тегін оқу гранттарын тағайындаймыз. Осылайша, университеттің дамуына өз үлесін қосатын дарынды және қабілетті студенттер қатарын қалыптастырамыз.
Екіншіден, таланттарды басқару жүйелерін дамыту арқылы біз студенттер мен қызметкерлердің өсуіне қолайлы орта қалыптастырып, олардың өз қабілеттерін тиімді пайдалануына жағдай жасап отырмыз. Біз жоғары тиімді қызметкерлерді белсенді түрде тартамыз. Оларды университетте қалуына жағдай жасай отыра оларды дамытамыз. Жас ғалымдарға оралсақ, біз оларға ерекше қолдау көрсетуге тырысамыз. Мысалы, «Жас ғалым» бағдарламасын іске асырған сәттен бастап Amanzholov University-дің 10 зерттеушісі ипотекалық несие алушылар тізіміне енгізілді. Олардың төртеуі биыл өз пәтерлерінің кілтін алды. Атап айтқанда, Нұртөлеу Мағазов, Меруерт Мәулет, Дидар Сейітжан және Әсел Жылқашинова. Соңғысы, тіпті, Астана қаласынан баспаналы болды.
– Рейтинг – бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші. Университеттердің түрлі рейтингтегі позициясы оның білім кеңістігіндегі орнын айшықтаса керек. Соңғы жылдар белесінде ШҚУ-дың бұл тұрғыдағы көрсеткіштеріне тоқталып өтсеңіз. Жалпы өзіңіздің рейтингке деген жеке көзқарасаңызды білсек…
– Қазақстанның жоғары оқу орындарын халықаралық аренада бағалау – университеттің елеулі мәртебесін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Соңғы жылдары біздің университет халықаралық және ұлттық рейтингтерде жоғары орындарға қол жеткізді. Мысалы, QS EECA UNIVERSITY RANKINGS рейтингінде ол 251-300 орындарға ие болып, алғаш рет Times Higher Education 2024 әлемдік университеттер рейтингіне енді. Орталық Азия кеңістігіндегі университеттер арасында QS Top Universities Rankings рейтингінде Amanzholov University 24-орынға жайғасты. Бүгінде университет білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік жүргізген Қазақстанның үздік университеттерінің Ұлттық рейтингінде 5-орынға ие болды. 2023 жылы университет Webometrics Ranking of World Universities әлемдегі үздік білім беру мекемелерінің веб-сайттарының халықаралық рейтингінде 62-орынды иеленсе, QS Asia World University Rankings халықаралық рейтингінде 501-550 орында тұр. Бұдан бөлек, National H-index Ranking – 2024 рейтингінде жоғары ғылыми әлеуетке ие университеттер арасында көшбасшы атанды. Өткен жылғы көрсеткіштерді мысалға келтірейін, егер Scopus бойынша Хирш индексі көрсеткіштерінде біз 58-орында болсақ, биыл 30-орынға дейін көтерілдік, ал Web of Science-та біз 66-орында болсақ, биыл 34-орынды иелендік. Ал, Google Scholar рейтінгінде бір орынға көтеріліп, 9-орыннан 8-орынға тұрақтадық. Сондай-ақ Amanzholov University 130 көпсалалы жоғары оқу орындары арасында Ұлттық біліктілік тестілеу қорытындылары бойынша екі мәрте бірінші орынға ие болды. Бұл өңірлік университет үшін айтарлықтай нәтиже деп ойлаймын.
– Елімізде шетелдің беделді әрі жетекші университеттерінің филиалдары көптеп ашылуда. Бұл – ел Президентінің бастамасымен қолға алынған игілікті іс. Сіз басқаратын Аманжолов университетінде бұл ретте қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?
– Бұл бағытта бізде де ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жақында Amanzholov University-де Италия университетінің филиалы ашылмақ. Келісімге қол қою рәсімі сәтті өтті. Құжаттың негізінде екі дипломды білім беруді дамыту, бірлескен халықаралық жобалар, гранттар, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның алмасуын арттыру қарастырылған. Серіктестік аясында «Жаһандық экономика», «Туризм», «Инклюзивті білім беру» сияқты жаңа екі дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу жоспарлануда. Айта кету керек, университеттердің серіктестігі инклюзивті және коррекциялық педагогиканы дамытуға бағытталған. Бұл үздік еуропалық тәжірибелерді қолдана отырып, Қазақстан үшін кәсіби кадрларды даярлауға бірегей мүмкіндік береді. Тығыз серіктестік Қазақстан мен Италия арасында мәдени диалогты дамытуға және этнопедагогика мәселелерінде ұлттық дәстүрлермен алмасуға мүмкіндік береді. Келіссөздер барысында университет базасында Қазақстан-Италия мәдени орталығын ашу мәселесін де талқыладық.
«МЕНІҢ ЖОСПАРЫМ НАҚТЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҚСАТТАРДАН ҚҰРАЛҒАН»
– Бүгіндері Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға ерекше маңыз берілуде. Деректерге сүйенсек, қазір отандық 8 жоғары оқу орнында 15 білім беру бағдарламасы бойынша 2000-нан астам студент жасанды интеллект саласын оқып жатыр. Сіздерде осы тарапта нендей істер қолға алынуда?
– Өткен оқу жылында Amanzholov University-де отандық университеттер арасында бейресми білім беруді тану саясаты аясында «Жасанды интеллект: негіздерден бастап қолдануға дейін» атты 3 кредиттік курс алғашқылардың бірі болып білім алушылардың транскриптеріне енгізілді. Аталған курсты 33 білім алушы сәтті аяқтады. Алдағы оқу жылынан бастап университетіміздің бакалавриат, магистратура және докторантураның барлық білім беру бағдарламаларында жасанды интеллектке байланысты бірқатар пәндер енгізілмек. Бұл пәндер деректерді талдау, машиналық оқыту, процестерді автоматтандыру және интеллектуалды жүйелерді әзірлеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Пәндерді игеру барысында студенттер заманауи цифрлық экономикада табысты жұмыс істеу үшін қажетті іргелі білім мен практикалық дағдыларға ие болады. Заманауи технологиялар мен құралдарды зерттеуге ерекше назар аударылып, жасанды интеллектті қолдана отырып күрделі мәселелерді шеше алатын жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік беріледі.
– Мемлекет басшысы министр Саясат Нұрбекке жатақханалар салу, жоғары білім мен ғылым инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Жатақхана мәселесі жоғары оқу орындары үшін – күрделі мәселе. Аманжолов университетінде студенттерді жатақханамен қамту деңгейі қандай? Түйіні тарқатылмай келе жатқан қандай да бір түйіткілді мәселе бар ма?
– Мемлекет басшысы студенттік жаңа жатақханалардың құрылысына, жоғары білім мен ғылым инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударады. Университеттердің негізгі бағыттарының бірі – студенттер үшін жайлы тұру жағдайларын қамтамасыз ету. Amanzholov University-де студенттік үйлердің жаңа оқу жылына дайындық деңгейін бағалауға бағытталған тексеру сәтті өтті. Университет аумағында студенттердің қауіпсіз және жайлы тұруын қамтамасыз ету үшін төрт жатақхана толық дайын. Жаңа оқу жылына қарай жатақханалар студенттердің жайлы өмір сүруі үшін қажетті барлық жабдықтармен қамтылған. Студенттерді жайлы бөлмелер, жаңартылған жиһаз, жаңа төсек жабдықтары мен заманауи жылыту құралдары күтуде. Әр бөлмеде жоғары жылдамдықты Wi-Fi бар, бұл оқу материалдары мен цифрлық ресурстарға үздіксіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Университеттің базасында заманауи зертханалар, фитнес-зал, жайлы студенттік үйлер мен бассейн де жұмыс істейді. Amanzholov University студенттерінің табысты оқуы мен жайлы тұруын қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасап, қолдауды жалғастыруда.
– Мұхтар Әділбекұлы, алғашқы еңбек жолыңыздан бастап күні бүгінге дейін жоғары білім беру саласында табан аудармай еңбек етіп келесіз. Сұхбатымыздың соңында алдағы жоспарыңыз жайында сөз қозғап, әңгімемімізді түйіндесек.
– Менің алдағы жоспарым университет пен ұжымның дамуына бағытталған нақты стратегиялық мақсаттардан тұрады. Үнемі даму үстінде болу керек. Мысалы, біз жаңа инновациялық мамандықтарды еңгізу үшін еңбек нарығын, қазіргі трендтерді және жастардың қажеттіліктерін мұқият талдауды жалғастырудамыз. Оқытудың инновациялық әдістері мен технологияларын ауқымды енгізуді жоспарлап отырмыз.
Зерттеу қызметінің көлемін ұлғайту, негіздемелік және қолданбалы зерттеулер жүргізу, ғылыми журналдарда жариялану және халықаралық зерттеулерге қатысу да біздің жоспарымызға кіреді. Шетелдік университеттермен серіктестікті дамыту, бірлескен бағдарламалар құру және студенттер мен оқытушылар алмасуын ұйымдастыру да біздің басты міндеттеріміздің бірі. Біз материалдық-техникалық базаны жақсартуды жалғастырамыз. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті – іргелі және қолданбалы ғылым дамитын тамаша мекеме. Мұнда өңірдің және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосатын әлеуетті ғылыми жобалар іске асырылуда. Amanzholov University зерттеу университеті болу үшін барлық мүмкіндіктерге ие.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА
– Сіз үшін «Отан» ұғымы нені білдіреді?
– «Отан» ұғымы адаммен бірге өседі. Бұл – бұл ата-ана, отбасы, үй, достар, ұжым, туған қала, аймақ, біздің біртұтас еліміз және халқымыз. Өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімі – адам өміріндегі тірек әрі қолдау.
– «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Әлихан Бөкейханның осы бір сөзін қалай түсінесіз?
– Меніңше, бұл ақыл мен ізгіліктің үздіксіз байланысы туралы. Бұл өсу мен дамудың, адал әрі әділ қызмет етудің екі қуатты құралы. Айтпақшы, халыққа қызмет етушілер – мемлекет қайраткерлері ғана емес, ол әрбір Қазақстан азаматы.
– Алдыңғы буын ағалардың қандай қасиеттерін бағалайсыз?
– Халқымыз ғасырлар бойы тәуелсіздік пен бостандыққа ұмтылды. Оған жету үшін бабаларымыз рух күшін, төзімділікті, мақсаткерлікті, стратегиялық ақыл-ойдың озық үлгісін көрсетті. Бұл мені таңдандырады.
– Жас Мұхтардың арманы қандай еді? Балаң мақсаттар орындалып келеді ме?
– Жас Мұхтардың арманы мен мақсаты өзін-өзі дамыту және үнемі алға қарай ұмтылу болған еді. Мен білімге құштар болдым. Еңбек етуден және үйренуден қорықпадым. Бұл қасиет әлі күнге дейін бойымда бар.
– Сіз үшін ең қымбат нәрсе не?
– Өмірдің барлық саласында табысқа жету. Бұл отбасы, кәсіби қызмет және рухани өсу сияқты бағыттарды қамтиды.
Сұхбаттасқан Жандар ТҰРАРҰЛЫ
Мұхтар Әділбекұлының дұрыс жолға қойылған стратегиялық жоспарларының арқасында С.Аманжолов атындағы ЩҚУ күннен-күнге дамып, Шығысымыздағы ең керемет жоғары оқу орнына айналды.
Көреген басшы елді өсіреді демекші ректорымыз Мұхтар Әділбекұлының бастамасымен оқу ордамыз жоғары жетістіктерге қол жеткізіп еліміздегі ЖОО арасында алдыңғы орында нық қадамдар жасауда.
Көреген басшы елді өсіреді демекші ректорымыз Мұхтар Әділбекұлының бастамасымен оқу ордамыз жоғары жетістіктерге қол жеткізіп еліміздегі ЖОО арасында алдыңғы орында нық қадамдар жасауда
Білімге құштарлығы , еңбек етумен қатар жастарға да үлкенге үйрететін табандылық пен қайсарлық мінез жоғарғы оқу орнын алға жетелеп келеді. Әрдайым биіктен көрініңіз. Біз сізбен мақтанамыз. Аманжолов университетін үлкен деңгейге жеткіздіңіз.
Құрметті Мұхтар Әлібекович, Сіздің жоғары көшбасшылық қабілетіңіздің арқасында Amanzholov University көптеген маңызды артықшылықтарға ие заманауи білім беру алаңына айналды. Университетіміздің дамуына елеулі септігіңізді тигіздіңіз. Сонымен қатар, Сіздің көп жылдар бойы жоғары білім беру жүйесіндегі еңбегіңіз бен жинаған тәжірибеңіз біздің Университеттің дамуына тың үлесін қосты, жаңа бағыт берді. Жоғары оқу орнымыздың ғалымдарымен қатар жас ғалымдары да арнайы гранттық жобалар конкурсында жеңімпаз атанды. Аз уақыттың ішінде оқытушылардың ғылым жолындағы ізденістеріне жол ашылды. Әлемдік үздік тәжірибелер негізінде адами капиталды дамытуға үлес қосатын Университет құруда ұжым қатарында қабілеті, біліктілігі мен тәжірибесі мол Сіз сияқты тұлғаның болуы біз үшін үлкен мәртебе. Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының профессорлық – оқытушылық құрамның атынан Сізге алғысымызды білдіреміз!
Еліміздегі көшбасшы университеттердің бірі С.Аманжолов шығыс қазақстан университеті деп мақтанышпен айта аламын. Себебі, Аманжолов университеті жоғары санатты оқу орны. Мұнда керемет ұзтаздар мен атағы төрткүл дүниеге танымал профессор оқытушылар дәріс береді, жастардың білім алып, білімін жетілдіру жолында барлық жағдай жасалған. Республикадағы ЖОО алдында көш бастап отырғаны бізге ерекше жігер беріп, ары қарай да оқуымызды нығайтуға күш береді. Осындай нәтижелі жұмыс жасауға мүмкіндік беріп, қолдау жасап отырған ректорымыз Мұхтар Әділбекұлына зор алғыс білдіреміз!!!
С.Аманжолов ШҚУ адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, мен өзімнің Аманжолов университетінің-Серпін бағдарламасының студенті болғанымды мақтан тұтып айта аламын және қазіргі таңда қызыметкері болып жұмысымды жалғастырудамын!!!