Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің (UIB) оқытушысы, Біліктілікті арттыру орталығының басшысы, мемлекеттік басқару саласындағы PhD докторы Ермуханбетова Айгерім Ерболатқызы «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы атанды. Оның «Қазақстан жастарының зияткерлік капиталын қалыптастыру мен дамытудың буындық ерекшеліктерін зерттеу» жобасы «Елдің зияткерлік әлеуеті» басым бағыты бойынша қолдау тауып, үш жыл бойы – 2026 жылдың қаңтарынан 2028 жылдың желтоқсанына дейін жүзеге асырылады.
Неліктен буындар әртүрлі ойлап, әртүрлі дамиды?
Зерттеудің өзегінде бүгінде жұмыс берушілерді де, университеттерді де, мемлекетті де толғандыратын мәселе тұр: қазақстандық жастардың зияткерлік капиталы қалай қалыптасады және бұл тұрғыда миллениалдар мен Z буыны бір-бірінен немен ерекшеленеді? Білім, дағдылар, үйрену және жаңаны жасау қабілеті – елдің бәсекеге қабілеттілігі тікелей тәуелді ресурс. Алайда, бұл ресурстың жинақталу жолдары әр буында айтарлықтай өзгеше.
«Миллениалдар мен зумерлер әртүрлі ақпараттық және экономикалық ортада өсті. Олар әртүрлі оқиды, жұмысты әртүрлі таңдайды және мансабын әртүрлі көреді. Егер біз тиімді білім беру және жастар саясатын құрғымыз келсе, бұл айырмашылықтарды стереотиптер деңгейінде емес, нақты деректер деңгейінде түсінуіміз керек», – дейді Айгерім Ерболатқызы.
Үш кезең – теориядан ұсынымдарға дейін
Жоба үш жылға есептелген. 2026 жылы зерттеудің теориялық негізі мен тұжырымдамалық моделі әзірленеді, 2027 жылы 18 бен 40 жас аралығындағы жастар арасында ауқымды әлеуметтанулық сауалнама жүргізіледі, ал 2028 жылы алынған деректер негізінде зияткерлік капиталды жаңғырту моделі құрылып, мемлекеттік саясатқа арналған ұсынымдар дайындалады.
Халықаралық деңгейдегі ғылым
Жоба нәтижелері жетекші ғылыми басылымдарда жарияланады: Web of Science және Scopus базаларында индекстелетін журналдарда кемінде екі мақала және ҒЖБССҚК ұсынған журналдарда кемінде үш жарияланым. Алғашқы мақалалар 2026 жылдың соңында-ақ жіберуге дайындалуда.
«Мен үшін бұл грант – тек мойындау ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Зерттеу академия қабырғасында қалып қоймай, шешім қабылдайтындарға – университеттерге, жұмыс берушілерге, мемлекеттік органдарға көмектессе екен деймін», – дейді ғалым.
Жас ғалымдар – университеттің болашағы
«Жас ғалым» конкурсындағы жеңіс UIB-де халықаралық стандарттар деңгейінде жұмыс істей алатын зерттеушілердің мықты буыны өсіп келе жатқанын дәлелдейді. Ғылыми жұмысты, оқытушылықты және біліктілікті арттыру жүйесін дамытуды қатар алып жүрген Айгерім Ерболатқызы үшін бұл жоба адами капитал мен Қазақстан еңбек нарығындағы буындық өзгерістер тақырыбына деген көпжылдық қызығушылығының жалғасы болды.










