Қазақ-қырғыз достығы: тарихи тамырдан берік әріптестікке дейін

2
8872

Қазақ пен қырғыздың арасындағы байланыс ертеден келе жатқаны тарихтан белгілі. Екі елді ортақ тарихы мен салт-дәстүрі, рухани жақындығы ғана емес, бүгінгі күндегі тығыз саяси, экономикалық және мәдени байланыстары да жақындастырып отыр. Қазір бұл қарым-қатынас бұрынғы бауырластықтың табиғи жалғасы ретінде жаңа мазмұнмен толығып, нақты жобалар мен өзара тиімді әріптестікке ұласып келеді.

2026 жыл – Қырғызстан үшін де айтулы жыл. Биыл Қырғыз Республикасының Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. Осы маңызды белес қарсаңында Қырғызстанның бүгінгі тыныс-тіршілігі, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, энергетикасы мен инфрақұрылымы, Қазақстанмен стратегиялық әріптестігі, өңіраралық байланыстар, мәдениет, білім, туризм және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде Қырғызстанның Алматыдағы Бас консулы Жеңісбек Асанқұловпен әңгімелескен едік.

Қырғызстанның жаңа даму бағыты: энергия, жол және экономика

– 2026 жыл – Қырғызстан үшін маңызды жыл. 31 тамызда Қырғыз Республикасының Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. Осы жылдарға қандай баға берер едіңіз және бүгінде ел үшін ең маңызды жетістіктер қайсы?

– Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – Қырғызстанның осы уақыт ішінде жүріп өткен жолына көз жүгіртіп, жетістіктерін бағалайтын маңызды белес. Осы жылдар ішінде Қырғызстан дербес мемлекет ретінде қалыптасып, мемлекеттік институттарын орнықтырды. Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны бекітіліп, ұлттық валютамыз – сом айналымға енгізілді. Сонымен бірге халықаралық аренадағы орнымызды нығайтып, өзара сыйластыққа, тату көршілікке және ұлттық мүддеге негізделген көпвекторлы сыртқы саясат қалыптастырдық.

Еліміздің халықаралық беделінің өскенін көрсететін маңызды оқиғаның бірі – 2026 жылғы 3 маусымда Қырғызстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2027-2028 жылдарға арналған тұрақты емес мүшелігіне алғаш рет сайлануы. Бұл – Қырғызстанның сыртқы саясаттағы ұстанымының және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосып отырған үлесінің мойындалуы.

Соңғы бес жыл Қырғызстан үшін елеулі өзгерістер кезеңі болды. Солардың ішінде Өзбекстан және Тәжікстанмен мемлекеттік шекараны келісуге қатысты көпжылдық үдерістің аяқталуын ерекше атап өтер едім. Бұл Орталық Азиядағы өзара сенім мен қауіпсіздікті нығайтып, тату көршілік қатынастарды дамытуға жаңа жол ашты.

Экономика саласында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Энергетика, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және цифрлық технологиялар дамып, ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда. Жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті дамытуға да көбірек мүмкіндік жасалуда.

Меніңше, қазіргі кезеңдегі басты жетістік – елді дамытуға деген көзқарастың жаңаруы. Экономикалық дербестікке қол жеткізу, қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану, инфрақұрылымды дамыту және адам мүмкіндігін арттыру – бүгінгі Қырғызстанның негізгі бағыттарының бірі.

Бұл ретте Қазақстанмен тату көршілік пен стратегиялық қатынастарды дамыту да сыртқы саясатымыздың маңызды бөлігі болып қала береді. Соңғы жылдары қырғыз-қазақ ынтымақтастығы айрықша серпін алды. Сауда, инвестиция, көлік, энергетика, мәдениет, білім және туризм сияқты көптеген салада байланыстарымыз нығайып келеді. Екі ел арасындағы өзара сенім мен қалыптасқан мүмкіндіктер алдағы уақытта да Қырғызстан мен Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азияға пайдалы болатын жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады деп сенемін.

– Соңғы бес жылда Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай өзгерістер болды? Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, инфрақұрылым және цифрландыру бағыттарында қандай жұмыстар атқарылды? Ірі жобалар ел экономикасына қаншалықты серпін бере алады?

– Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Нұрғожаұлы Жапаров сайланғаннан кейінгі соңғы бес жыл ел өміріндегі елеулі өзгерістерге толы кезең болды. Осы уақыт ішінде өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, энергетикаға, инфрақұрылымға және кәсіпкерлікті дамытуға көбірек көңіл бөлініп келеді. Мұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Өйткені, жолы жақсы, энергиясы жеткілікті, кәсіпкерлігі дамыған елдің экономикасы да алға жылжиды.

Осы кезеңнің маңызды нәтижелері экономиканың айтарлықтай өсуі және ауқымды мемлекеттік жобаларды іске асыру болды. Соңғы бес жылда Қырғызстанның ЖІӨ көлемі екі еседен астам өсті. Нақты айтқанда, 2021 жылғы 782 миллиард сомнан 2025 жылы 1 976,4 миллиард сомға дейін артты. 2025 жылы елдің бюджеті алғаш рет 1,1 трлн сомнан асып түсті.

Соңғы жылдардағы маңызды оқиғалардың бірі – «Құмтор» кенішінің мемлекеттің толық бақылауына қайтарылуы. Сонымен бірге елде ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынып, автомобиль жолдары, әуежайлар және басқа да көлік нысандары салынып, жаңғыртылса, мектептер, ауруханалар, балабақшалар мен спорт нысандары да көптеп салынып, жаңартылуда.

Ауыл шаруашылығында да өзгеріс бар. Бұл сала қазір өңірлердегі халықты жұмыспен қамтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Оның үстіне ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігі де артып келеді. Осыған байланысты фермерлер мен кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау кеңейіп жатыр.

Әлеуметтік салада да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары дамып, азаматтардың ипотекалық несие алу мүмкіндігі артып келеді. Тек 2021-2025 жылдар аралығында тұрғын үй құрылысына бюджеттен 15 млрд сом бөлінді, 705 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, 15 025 отбасы Мемлекеттік ипотекалық компания есебінен баспаналы болды. Ал, «Әлеуметтік келісімшарт» бағдарламасы отбасыларға өз табысын қалыптастырып, шағын кәсіп бастауға жол ашып отыр.

Энергетикаға келсек, бұл – Қырғызстан үшін аса маңызды мәселе. Елдің гидроэнергетикалық мүмкіндігі мол. Сондықтан, ірі жобалармен қатар шағын гидроэлектр станциялары, күн және жел энергетикасы да дамып, қолданыстағы қуат көздері жаңғыртылуда. Бұл жұмыстардың мақсаты тек ішкі қажеттілікті өтеу емес, болашақта Қырғызстанның энергетикалық экспорт мүмкіндігін де арттыру.

Осы тұрғыдан алғанда, Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасының, жұмыс істеп тұрған гидроэлектр станцияларын жаңғыртудың және жаңартылатын энергия көздерін дамытудың маңызы зор. Энергия тұрақты болса, өнеркәсіптің де дамуына жағдай жасалады. Яғни, энергетикаға салынған инвестиция өндірістің өркендеуіне де әсер етеді.

Көлік инфрақұрылымын дамыту да ел экономикасына тікелей ықпал етеді. Мысалы, 2024 жылы жол саласын дамытуға 22 млрд 327 млн сом бөлінді, соның есебінен 802 шақырым асфальт төселді. 2025 жылы қаржыландыру көлемі екі есе артып, 43 миллиард 386 миллион сомға дейін көбейді, ал төселген асфальт көлемі 1545 шақырымға жетті.

Теміржол және автомобиль жолдары арқылы өтетін Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан және Барскоон-Бедел бағыттарының маңызы да ерекше. Бұл жолдар саудаға, транзитке, туризмге және экспортқа жаңа мүмкіндік береді. Қырғызстанның географиялық орналасуын ескерсек, мұндай бағыттардың ел үшін берері көп.

Ыстықкөл облысындағы жобалардың да орны бөлек. Мәселен, «Асман» заманауи инновациялық экоқаласы, «Ала-Тоо Резорт» туристік кешені және инвестиция мен жаңа технология тартуға арналған ерекше құқықтық режимі бар «Тамчы» арнайы қаржылық инвестициялық аумағы сияқты жобалар туризмнің дамуына, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Бұлардың тағы бір ерекшелігі – көпшілігі Қырғызстанның өз шеңберінде ғана қалып қоймай, өңірлік маңызға ие болып отыр. Кейбір жобалар көрші мемлекеттермен бірлесіп, халықаралық қаржы институттарының қатысуымен жүзеге асуда. Мұндай байланыстар Орталық Азия елдерінің экономикалық ықпалдастығын одан әрі күшейтеді.

Мемлекеттік басқару мен халыққа көрсетілетін қызметтерге цифрлық технологиялардың енгізілуі де маңызды өзгерістердің бірі. Цифрландыру уақытты үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік қызметтерді халыққа қолжетімді әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.

Ал, елдің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды құжаттардың бірі – 2025 жылы бекітілген Қырғыз Республикасының 2030 жылға дейінгі Ұлттық даму бағдарламасы. Бұл құжатта елдің әлеуметтік-экономикалық саясаты мен алдағы жаңғыруының негізгі бағыттары белгіленген. Сондықтан, бүгін жүзеге асып жатқан жобаларға жеке-жеке қарамай, олардың бәрін біртұтас даму бағыты ретінде бағалаған дұрыс. Энергетика, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және цифрландыру қатар дамыса, оның нәтижесі де ауқымды болады.

Ұзақ мерзім тұрғысынан қарағанда, мұндай жұмыстар Қырғызстанның Орталық Азиядағы экономикалық орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Ел тек транзиттік немесе ресурстық бағытпен шектелмей, энергетикалық, өндірістік, инвестициялық, туристік және логистикалық орталықтардың біріне айнала алады. Яғни, бүгін салынып жатқан жолдар мен энергетикалық нысандарды жай ғана құрылыс деп қарауға болмайды. Бұлардың әрқайсысы елдің ертеңгі экономикалық мүмкіндігін қалыптастыратын жобалар. Ал, олардың өзара байланысы Қырғызстанның ғана емес, тұтас Орталық Азияның жаңа экономикалық кеңістігін қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін.

– Соңғы жылдары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Осы кезеңде екі елдің стратегиялық әріптестігін нығайтқан қандай маңызды қадамдарды атап өтер едіңіз?

– Соңғы бес жылды Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа белеске көтерілген кезеңі деуге болады. Ең алдымен, екі ел басшылары арасындағы тұрақты саяси диалогтың жолға қойылғанын айту керек. Өзара сапарлар жиілеп, мемлекеттер арасындағы құқықтық байланыстар да нығая түсті. Соның бәрі екі ел арасындағы дәстүрлі тату көршілікті нақты мазмұнмен толықтырды.

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров 2021 жылғы 2-3 наурызда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келсе, 2024 жылғы 18-19 сәуірде ресми сапармен болды. 2024 жылғы сәуірдегі сапар кезінде Президенттер Садыр Жапаров пен Қасым-Жомарт Тоқаев Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қойды. Оның сол жылдың соңына дейін толық ратификациялануы екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтқан маңызды қадам болды. Бұл құжат Қазақстан мен Қырғызстанның тату көршілігін өзара сенімге және ортақ мүддеге негізделген одақтастық деңгейге көтерді.

Осы жұмыстардың жалғасы 2025 жылғы 22 тамызда Бішкекте өткен Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысында көрінді. Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың төрағалығымен өткен жиында екіжақты байланысты одан әрі дамытуға арналған кешенді ынтымақтастық жоспары қабылданып, 2030 жылға қарай өзара тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына жеткізу жөніндегі Жол картасына қол қойылды.

Қазір осы келісімдер біртіндеп нақты нәтижеге айналып келеді. Сауда мен инвестициядан бөлек, көлік, шекара маңы және өңіраралық байланыстар, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар да кеңейіп отыр.

Консулдық байланыстардың да нығайып келе жатқанын атап өткен жөн. Қазақстанның Ош қаласындағы Бас консулдығының ашылуы екі ел арасындағы өңірлік байланысты күшейтуге жаңа мүмкіндік берді. Ал, Қырғыз Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының консулдық округінде Шымкент пен Тараздағы Құрметті консулдардың кеңселерінің ашылуы өңірлер арасындағы іскерлік және гуманитарлық байланыстарды дамытуға жол ашып отыр. Мәселен, Шымкентте Қырғыз Республикасының Құрметті консулдығы ашылып, оның аясында екі қала кәсіпкерлерінің кездесулері мен бірлескен жобаларды талқылау жұмыстары жүргізілуде.

Бізді ең алдымен ортақ тарихымыз бен мәдени жақындығымыз біріктіреді. Оған қазіргі саяси сенім мен экономикалық байланыстар қосылып отыр. Сондықтан, екі елдің одақтастығын одан әрі тереңдетуге мүмкіндік мол деп ойлаймын.

Ортақ жобаларға жол ашылды

– Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс та қарқынды дамып келеді. Қазіргі көрсеткіштер қандай? Өңірлер арасындағы ынтымақтастық пен бірлескен жобалар бұл байланысты одан әрі қалай күшейте алады?

– Екі ел арасындағы сауда көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Ресми статистикаға сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы екі есеге өсіп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 2,2 млрд АҚШ долларынан асты.

Бұл өсім 2026 жылы да жалғасып отыр. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,2 пайызға өсті. Сондықтан, Мемлекет басшылары қойған 2030 жылға қарай тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына жеткізу міндетін орындауға мүмкіндік бар деп ойлаймын.

Бұл мақсатқа Алматы облысында салынатын бірлескен сауда-логистикалық кешен де өз үлесін қоса алады. Мұндай жоба екі ел арасындағы тауар жеткізілімін көбейтіп қана қоймай, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Инвестиция саласында да жақсы көрсеткіштер бар. 2025 жылы Қазақстаннан Қырғызстанға бағытталған тікелей инвестиция көлемі шамамен 64 млн АҚШ долларын құрады. Ал, Қырғызстаннан Қазақстанға салынған инвестиция көлемі 11,2 млн АҚШ долларына жетті. Қазір Қырғызстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 400-ден астам бірлескен кәсіпорын, ал Қазақстанда 294 кәсіпорын жұмыс істейді.

Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – 2024 жылы инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімнің жасалып, 2025 жылы ратификациялануы. Мұндай құжаттар инвесторларға қосымша құқықтық кепілдік беріп, жаңа бірлескен жобалардың пайда болуына жағдай жасайды.

Енді осы мүмкіндіктерді өңірлер деңгейінде де тиімді пайдалануымыз керек. Қазақстан мен Қырғызстанның шекаралас облыстары арасындағы байланыс бұл жерде ерекше маңызды. Мысалы, Талас пен Жамбыл, Шу мен Жамбыл, Ыстықкөл мен Алматы облыстары арасында байланыс бұрыннан бар. Енді оны нақты экономикалық мазмұнмен толықтыру қажет. Бішкек пен Алматы, Ош пен Шымкент қалаларының арасындағы ынтымақтастық та жақсы нәтиже беріп келеді.

2025 жылғы 23 мамырда Шымкентте Қырғыз Республикасының Құрметті консулдығының ашылуы аясында Ош және Шымкент кәсіпкерлерінің бизнес-кездесуі өтті. Сол кезде B2B келіссөздер жүргізіліп, 2025-2028 жылдарға арналған Ош пен Шымкент қалалары әкімшіліктері арасындағы ынтымақтастықтың Жол картасына қол қойылды.

Ыстықкөл мен Алматы облыстары арасындағы байланыс та маңызды. 2025 жылы 2026-2028 жылдарға арналған шекара маңы саудасын дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Ал, Талас және Шу облыстарының Жамбыл облысымен байланысын одан әрі дамытуға да мүмкіндік мол. Шекара маңы саудасы, ауыл шаруашылығы, көлік және гуманитарлық байланыстар осы өңірлер үшін маңызды бағыт болып қала береді.

Нарын мен Жетісу облыстарының да ауыл шаруашылығы, туризм, сауда және логистика салаларында бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.

Меніңше, алдағы уақытта өнеркәсіптік кооперацияға, ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өңдеуге, азық-түлік өндірісіне, энергетикаға, туризмге және шекара маңы логистикасына көбірек көңіл бөлу керек. Сонда бүгінгі келісімдер қағаз жүзінде қалып қоймай, жаңа кәсіпорындарға, жаңа жұмыс орындарына және екі елге де тиімді нақты жобаларға айналады.

– Екі елді ортақ тарих пен көршілікпен бірге мәдениет, білім, ғылым және туризм де жақындастырады. Ал, азаматтардың құқықтарын қорғау мен олардың екі елде еркін әрі қауіпсіз жүруіне жағдай жасау мәселесінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Алдағы уақытта бұл бағыттарда қандай мүмкіндіктер бар?

– Қазақ пен қырғызды жақындастыратын ең үлкен күштің бірі – ортақ тарихымыз бен рухани жақындығымыз. Сондықтан, мәдениет, білім, ғылым, жастар алмасуы мен туризмді қосалқы бағыт деп қарауға болмайды. Бұлар – екі елдің арасын жақындастыратын маңызды көпір.

Мәселен, 2026 жылғы маусымда Алматыда өткен «Қазақ-қырғыз ғылыми ынтымақтастығы: қауымдастықтар мен ерекшеліктер» ғылыми-интеграциялық форумы осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі болды. Мұндай кездесулер ғалымдардың араласуына, бірлескен зерттеулер жүргізуіне және тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.

Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық мұрасын бірге насихаттаудың да орны ерекше. 2025 жылғы қарашада Алматыда «Жамила» мюзиклінің алғашқы халықаралық премьералық көрсетілімінің өтуі – екі елдің мәдени байланысына жақсы мысал. Ал, 2028 жылы жазушының туғанына 100 жыл толуына байланысты Қырғызстанның Алматыдағы Бас консулдығының консулдық округінде Шыңғыс Айтматов орталықтарын ашу жоспарланып отыр.

Қырғызстанның көрнекті мемлекет қайраткері Жүсіп Әбдірахмановтың есімін ұлықтау да екі халықтың ортақ тарихына деген құрметтің белгісі. Талдықорған қаласындағы көшеге оның есімінің берілуі осы тарихи байланыстың бір көрінісі.

Туризм саласында да мүмкіндік көп. Соңғы жылдары екі ел арасындағы туристік байланыс айтарлықтай жанданды. Бұған географиялық жақындық, визасыз режим, көлік қатынасы және ортақ мәдени-тарихи кеңістік үлкен әсер етіп отыр.

Ендігі мақсат – Орталық Азияның бірыңғай туристік кеңістігін қалыптастыру. Қазақстан мен Қырғызстан бұл жерде бір-біріне бәсекелес емес, керісінше, бірін-бірі толықтыратын елдер ретінде жұмыс істей алады. Мысалы, Алматы-Шарын-Кеген-Қарқара-Қаракөл-Шолпан-Ата бағытын дамытуға болады. Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи орындарды да бір туристік маршрутқа біріктірудің мүмкіндігі бар. Бұған қоса экологиялық, таулы, қысқы және этномәдени туризмді бірге дамытуға болады.

Орталық Азияға үшінші елдерден келетін туристер үшін бірыңғай туристік виза енгізу мүмкіндігі де өңірге үлкен серпін берер еді. Бір ғана рұқсат арқылы бірнеше елді аралауға мүмкіндік болса, туристердің өңірде болу мерзімі де ұзаруы мүмкін. Бұл қонақ үй, көлік, тамақтану және туристік қызмет көрсету салаларының дамуына әсер етеді.

Әрине, мұның бәрі үшін көлік қатынасын және туристік инфрақұрылымды жақсарту қажет. Әуе рейстерін, маусымдық автобус бағыттарын көбейту, өткізу пункттерін жетілдіру, туристік қызметтерді цифрландыру сияқты жұмыстардың маңызы зор.

Ал, азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне келсек, бұл – Бас консулдық жұмысының ең маңызды бағыттарының бірі. Азаматтардың құжаттарын рәсімдеу немесе қалпына келтіру, қиын жағдайға тап болғандарға көмек көрсету, Қазақстанның тиісті органдарымен байланыс орнату, заң көмегіне қол жеткізуге жәрдемдесу сияқты жұмыстар тұрақты жүргізіледі.

Біздің міндетіміз – мәселе туындағаннан кейін ғана көмек көрсету емес, оның алдын алу. Сондықтан, азаматтарға Қазақстанда болу, жұмысқа орналасу, қажетті құжаттарды рәсімдеу және көші-қон талаптарын сақтау тәртібі туралы алдын ала түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.

Жаңа цифрлық рәсімдер енгізілген сайын бұл жұмысты да күшейте түсу керек. Азаматтар үшін барлық талап түсінікті болуы тиіс. Өйткені, цифрландырудың негізгі мақсаты – адамның уақытын үнемдеу және қажетті қызметті жеңілдету.

Жалпы алғанда, Қырғызстан мен Қазақстанның алдағы ынтымақтастығы үшін мүмкіндік көп. Энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп, өнеркәсіптік кооперация, цифрландыру, туризм, білім мен ғылым – бәрі де ортақ жобаларға жол ашады. Ал, шекаралас өңірлерді жай ғана шет аймақ деп емес, екі елдің экономикалық өсу нүктесі ретінде қараған дұрыс. Алматы мен Қазақстанның оңтүстік облыстарының Бішкек, Шу, Талас және Ыстықкөл өңірлерімен байланысын одан әрі күшейтуге болады.

Қырғыз Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының міндеті де осындай мүмкіндіктерді нақты іске айналдыруға көмектесу. Кәсіпкерлерге серіктес табуға жәрдемдесу, инвестициялық жобаларды ілгерілету, өңірлер арасындағы байланысты күшейту, мәдени және білім алмасуды қолдау, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау – біздің негізгі жұмысымыз.

Қазіргі дипломатия тек келіссөз жүргізумен шектелмеуі керек. Ең бастысы – адамдарға, кәсіпкерлерге, жастарға және өңірлерге бір-бірін табуға мүмкіндік жасау. Сонда мемлекеттер арасындағы жақсы қарым-қатынас нақты іске, жаңа кәсіпке, жаңа жұмыс орындарына және халыққа пайда әкелетін ортақ жобаларға айналады.

Қазақ пен қырғыздың байланысы бұрыннан жақын. Ендігі міндет – сол жақындықты заман талабына сай жаңа мазмұнмен толықтырып, оны нақты нәтижеге айналдыру.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен:
 Қали ҚАМБАРОВ

2 Пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here