Министр журналистерді аккредиттеу тәртібіне қандай өзгеріс енгізілгенін түсіндірді

1
2694

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева БАҚ өкілдерін іс-шараларға тіркеудің жаңа тәртібіне қатысты түсініктеме берді.

«Жалпы аталған құжат жобасы қолданыстағы ережелермен салыстырғанда аса көп өзгермеген. Мысалы, аккредиттеуден бас тарту негіздері туралы ережелерге тоқталсақ. Бұл БАҚ-тың жұмыс істеуін уақытша тоқтату немесе мүлдем жабу және ресми реестрде тіркелмегені туралы сот шешімі күшіне енген жағдайда іске асады», – деп жазды Аида Балаева «Facebook» парақшасында.

Одан әрі министр журналистер арасында ең көп сұрақ тудырған жаңа ереженің 10-тармағына, атап айтқанда, БАҚ өкілдері сақтауы тиіс талаптарға тоқталды:

Біріншіден, кез келген журналист қай БАҚ атынан аккредитациядан өтсе, сол редакцияға ғана ақпаратты жинап, жариялай алады. Алайда, журналиске бірден бірнеше БАҚ атынан аккредитация алуға ешкім тыйым салмайды.

Екіншіден, бұл талап белгілі бір оқиғаға/іс-шараға қатысты журналистердің жеке пікірлері мен ұстанымдарын әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларына білдіруге қатысы жоқ.

Үшіншіден, регламент мәселесіне келетін болсақ, қолданыстағы ережелерде қазірдің өзінде іс-шараға қатысушылардың тақырыпты, уақыт тәртібін, қоғамдық тәртіпті сақтауын жүргізуші (яғни, іс-шара модераторы) қамтамасыз ететіні қарастырылған. АҚШ пен Еуропалық Одақтың және халықаралық ұйымдардың халықаралық тәжірибесі көрсеткендей, белгіленген ережелерді, сондай-ақ заңнаманы бұзған жағдайда журналист іс-шараларға қатысу құқығынан және аккредитациядан айырылады. Мысалы, Еуропарламенттегі БАҚ қызметін реттейтін ережеде түсірілімге рұқсат етілген арнайы орындар қатаң түрде белгіленген.

Төртіншіден, ережеде әрбір мемлекеттік органның немесе ұйымның белгілі бір іс-шараның регламентін өзі бекітетіндігі көрсетілген. Бұл ретте министрлік уәкілетті орган ретінде ақпаратқа қолжетімділік қағидаттарын және журналистердің ерекше мәртебесін сақтау мәселелері бойынша аталған регламентті әзірлеу бойынша тиісті ұсыныстарын жіберетін болады.

Бесіншіден, ерекше маңызды мемлекеттік объектілерге кіру және сол мекемелердегі режимдерді ұстану да қолданыстағы заңнаманы сақтау мен қауіпсіздіктің айнымас бөлігі.

«Қорытындылай келе, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мен журналистердің мәртебесін арттыру – әрқашан министрлік қызметінің басты басымдығы екенін тағы да жеткізгім келеді», – деді Аида Балаева.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 19 маусымда «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Масс-медиа туралы мақаланы https://qazaq1913.com/2024/06/27/mass-media-turaly-za-zha-ashyldy-y-men-ereksheligi/ осы жерден оқуға болады.

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here