Abai University отандық педагогикалық білім берудің флагманы екенін тағы да дәлелдеді

0
1693

QS World University Rankings by Subject-2022 қорытындысы бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті алғаш рет пәндік рейтинг бойынша кең ауқымды (Broad Subject Area) «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент» саласына кіретін «Білім беру және оқыту» (Education and Training) мамандығы (Subject) бойынша 71,6 балмен 62-орынға ие болып, әлемнің алғашқы жүз университеттерінің қатарына кірді. Бұл көрсеткіш рейтингтің осы санатында ұсынылған қазақстандық қана емес, Орталық Азия жоғары оқу орындарының арасындағы ең үздігі болып табылады. Осылайша, Abai University Қазақстанның педагогикалық білім берудің флагманы деген атаққа лайықты екенін тағы да дәлелдеді.

Abai University «Білім беру және оқыту» саласында бұрын-соңды болмаған ілгерілеушілік көрсетіп қана қоймай, «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» саласындағы рейтингке алғаш рет еніп, жалпы 64,5 балмен 297-ші орынға шықты. Егер өткен жылы бұл салада университет «Ағылшын тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша ұсынылса, биылғы жылы «Лингвистика» мамандығы әлем бойынша 201-250 орынды иеленіп, алдыға шығып отыр (Республикадағы жоғарғы оқу орындарының арасында 3-ші орын). Осылайша, университет пәндік рейтингте тағы бір рекорд орнатып, өткен жылғы екі пәндік пулды биыл үшке дейін ұлғайтты.

QS World University Rankings by Subject 2022 қазіргі таңда әлемдегі ең беделді рейтингтердің бірі болып табылады. Оның негізгі мақсаты – өнер және гуманитарлық ғылымдар, технология, өмір туралы ғылымдар және медицина, жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтік ғылымдар және басқару сияқты негізгі бес пәнге топтастырылған нақты пәндер бойынша жетекші университеттерді анықтау.

Биылғы рейтингті дайындау барысында QS мамандары әлем бойынша 1 543 жоғары оқу орнына сараптама жасады. Университеттер 51 мамандық бойынша 5 кең ауқымды пәндік салаға топтастырылған. Осылайша, 17 700-ден астам рейтингтік позиция құрылды. Биылғы рейтингтің ерекшелігі «халықаралық зерттеу желісі» индикатор ретінде қарастырылды.

QS әдіснамасында 5 негізгі индикаторға сүйенеді: академиялық бедел, ғылыми мақалаларға сілтеме жасау, жұмыс берушілердің пікірлері, H-индекс және жоғарыда айтылғандай, халықаралық зерттеу желісі. Бірінші индикатор бойынша 2017-2021 жылдар аралығында дүние жүзіндегі 130 000-нан астам ғалымдарының бағалауы жиналды. Екінші индикатор бір басылымға жасалған сілтеменің орташа санын есептейді, бұл университеттер жүргізетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының әсері мен сапасын бағалау болып табылады. Барлығы 14,7 миллионнан астам бірегей мақалаларға сараптама жасалып, оларға 96 миллион рет сілтеме жасалды. Үшінші индикатор жұмыс берушінің бағалауы негізінде жұмыспен қамту деректеріне байланысты. Әлем бойынша 75 000-нан астам жұмыс берушінің даусы ескерілді. Төртінші Н-индексі, ғалымның еңбек өнімділігін көрсететін жарияланымдар саны мен осы жарияланымдарға жасалған сілтемелердің санына негізделген ғылыми-метрикалық көрсеткіш. Қорытынды индикатор халықаралық деңгейде тиімді ғылыми байланыстар орнатуға күш салу құралы ретінде кең ауқымды пәндік салада ғана қолданылады.

Тәуелсіз және объективті QS World University Rankings by Subject рейтингі университеттің халықаралық аренадағы академиялық беделінің өсуін растайды.

Қоғаммен байланыс департаменті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here