Жастар саясатында жанашырлық керек – Жандар Асан

0
5852

Тәуелсіз Қазақ елінде өмірге келіп, білім алған өскелең ұрпақтың басты құндылығы не болуы тиіс? Елдің ертеңі, мемлекеттің келешегі бүгінгі жастарды қандай мәселелер мазалайды? Қазіргі жастар саясаты нендей нәрсеге басымдық беруі керек? Журналист, медиа-менеджер Жандар Асанмен сұхбат осы және өзге де сауалдар төңірегінде өрбіді.

– Жандар Тұрарұлы, еңбек жолыңыздың басым бөлігін қоғаммен байланыс және журналистикаға арнап келесіз. Десе де Сіздің жастар саясаты саласынан да алыс емес екеніңізді білеміз. Қарашаңырақ ҚазҰУ-дың қабырғасында студент бола жүріп, білім ордасының жастар ісі комитетін, бірқатар ұйымдарды басқарғаныңыз есімізде. Сіздің ойыңызша, осыдан 10-15 шақты жыл бұрынғы жастар мен бүгінгі ұрпақтың арасында қандай да бір өзгеріс бар ма?

– Әрине, бүгінгі буынға баға беретіндей жаста емеспіз. Отыздан ассақ та оң-солымызды танып келеміз. Әлі де болсын. Десе де өзгерістің барын жоққа шығара алмаймыз. Ол – уақыт ағымымен, замана талабымен келген өзгерістер. Бұл ретте соңғы онжылдықта интернеттің адам өміріне дендеп енуі де өзіндік ықпалын тигізгені рас. Ақпарат көп. Абайша тәмсілдегенде, ақпараттың да «естісі бар, есері бар». Өкініштісі сол, қазіргі күнде өскелең жастың арасында ақпаратты сұрыптау мәдениетінің қалыптасуы көңіл көншітерліктей деңгейде емес. Бұл өз кезегінде олардың дүниетанымына, деңгейі мен қарым-қабілетіне зиянын тигізеді. Бұның зардабы айтарлықтай болатынын күнделікті тіршілігімізде бағамдап келеміз. Менің ойымша, жалған ақпаратты анықтау және оның таралуына тосқауыл қою, ақпараттық сауаттылықты арттыру жастар арасында кеңінен насихатталуы тиіс. Аталған бастаманың тиімділігі өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, уақыт озған сайын өзгеріп, жаңарып, түрленіп отыру – жаратылыс заңдылығы, өмір құбылысы. Ұрпақтар арасындағы әр кезеңдегі мақсат-мұрат, құндылықтар әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, егемендіктің елең-алаң жылдарында дүниеге келген біздер мен екі мыңыншы жылдары өмір есігін ашқан буынның белгілі бір дүниеге көзқарасы, ойлау деңгейі, қызығушылығы екі басқа. Ұқсастықтар да жоқ емес. Осы жайттардың барлығын ескере келе, жастар саясаты да ескі таптаурын сүрлеуден шығып, жаңаша әрі тың бағытта жұмыс істеуі қажет деп ойлаймын. Менің пайымдауымша, жаңа Қазақстан жаңа жастар саясатынан бастау алса керек-ті.

– Құндылық демекші, тәуелсіз Қазақ елінде өмірге келіп, білім алған өскелең ұрпақтың басты құндылығы не болуы тиіс деп ойлайсыз?

– Мен және менің құрдастарым – егемен елде дүниеге келген ұрпақпыз. Ескінің арты, жаңаның басы болған менің қатарластарымның алды орда бұзар отыздан асты. Тәуелсіз елде өстік, жан-жағымызды таныдық, білім алдық, еңбекке араластық. Аздап тәжірибе жинадық. Әрмен қарай не істейміз? Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Оған қалай атсалысамыз? Міне, қазіргі жастардың басты құндылығы осы сауал төңірегінде болуы тиіс деп ойлаймын. Яғни, біздің буынның басты құндылығы – Тәуелсіздік және мемлекеттігімізді нығайту болуы керек. Оның ұғымы өте кең. Түсіне білген адамға.

– Ешқандай пафоссыз айтып отырсыз ғой?..

– Жалған пафос пен өтірік көлгірсудің уақыты өтті деп санаймын. Шыным – осы.

– Сіздің ойыңызша Тәуелсіздік құндылықтарының жастарға тигізген ықпалы мен әсері қандай?

– Сауалыңызға жауап берместен бұрын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек».

Ал қолдағы бардың қадірін қалай таразылаймыз? Халқымызда «Өткенін еске алған – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» деген жақсы сөз бар. Біз кешегі күнімізден сабақ алу арқылы болашаққа бағдар жасай аламыз. Біз азаттық жолында арпалысқан бабалар аманатына адалдық таныту арқылы егемендік құндылықтарын әспеттейміз. Біз зұлмат замандар мен қилы кезеңдерді жадымызда жаңғырту арқылы тәуелсіздіктің парқына жетеміз.

– Қазіргі жастар саясаты не нәрсеге басымдық беруі тиіс? Өз көзқарасыңызды білсек…

– Біріншіден, науқаншылдықтан арылған ләзім. Екіншіден, бүгінгі уақыт ағымына бейімделген, көпшіліктің сұранысына сай тағылымы мол істерге басымдық берген абзал. Әсіресе, білім мен технология, білік пен еңбекті насихаттайтын баянды бастамаларға жете назар аударған жөн. Бұл тарапта арнайы жобаларды жүзеге асыруға болады. Соңғы жылдары тума талантымен, табиғи дарынымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Осыларды дәріптей білуіміз керек. Ең бастысы – қолға алған қандай да бір игілікті іс науқаншылдыққа ұласпай, жалғасын табуы тиіс.  Қазір жастар саясатына мемлекет тарапынан қолдау бар. Менің ойымша, қандай да бір істе жанашырлық керек. Жанашырлық болмай іс ілгері жүрмейді. Жастар саясаты – мемлекеттің күре тамыры. Оған бей-жай қарауға болмайды.

– Бірнеше жылдан бері коммуникация, жоғары білім беру, медиа салаларында түрлі лауазымдарда еңбек еттіңіз. Жастар саясаты саласына оралғыңыз келмей ме?

– Жұмыстың жаманы жоқ. Сіз кез келген салада қызмет атқарып, кәсіби біліктілігіңіздің арқасында Отаныңыздың абыройын асыра аласыз. Әрине, алған білім мен азды-көпті тәжірибені мемлекет дамуы жолында жұмсауға ниетті екеніміз жасырын емес. Жалаң ұранмен емес, шынайы отансүйгіштікпен еліне, халқына қызмет ету – көзіқарақты жанның адами борышы, ұлт алдындағы парызы деп пайымдаймын. Елінің дамуына өзіндік үлесін қосып жатқанын сезіне білу азаматты бақытқа бастаса керек. Осы ретте кез келген адамның жеке қасиеті мен мақсаты елдік мүддемен астасса ғана шынайы патриотизм қалыптасатынын астын сызып атап өткім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әйгерім ТАҢАТАР

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:

Жандар АСАН 1990 жылғы 12 мамырда қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген.

Дарынды балаларға арналған «Түркібасы» қазақ-түрік лицейін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін үздік бағамен бітірген. Гуманитарлық ғылымдар магистрі. Шетелдік бірнеше оқу орнында ғылыми тағылымдамадан өткен.

Журналистика, жоғары білім беру және жастар саясаты салаларында 10 жылдан астам еңбек өтілі бар.

Еңбек жолын баспа корпорацияның бас редакторы қызметінен бастаған.

2011-2014 жылдары аралығында «КТК» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық дирекциясының тілші-редакторы, «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторының бірінші орынбасары – жауапты хатшы, «Хабар 24» телеарнасының бағдарлама редакторы қызметтерін атқарған.

2014-2017 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің Баспасөз қызметінің басшысы, Ақпараттық-имидждік орталығының басшысы, 2017-2022 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, Маркетинг және коммуникация департаментінің директоры қызметтерін атқарды.

Бірнеше деректі фильмнің авторы. Отандық және шетелдік басылымдарда 500-ден астам публицистикалық және ғылыми мақаласы жарық көрген.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here