Қостанайда Өтей батырды еске алуға арналған кәсіби жекпе-жек ұлттық спорт түрінен ерлер арасында халықаралық турнир өтті. Сайысқа Өзбекстан мен Қырғызстанның да жауынгерлері қатысты.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қаламгер Қайсар Әлім батырға арналған кәсіби жекпе-жектің қадірлі қонағы болды.
«Он сегізінші ғасырдың басындағы жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестің бел ортасында болған, рубасы, ел қорғаны Өтей батырға арналған бұл кәсіби жекпе-жектен халықаралық турнир бабамызға деген зор құрмет. Өтей батырдың ерлігі тарих шежіресінде қаттаулы, көмбесінде жаттаулы. Отыз бес жасында Атырау өңіріне барып, Еділ қалмақтарына қарсы күресте ерлікпен қаза тапты. Алайда, сол шайқаста батырдың өзі өлсе де, бастап барған қалың қолы жеңіске жетті. Өтей батырдың сүйегі Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында жатыр. Халық арасында «Өтей қорымы», «Өтей төбесі» деп аталып жүр. Ол жер Атырау облысының киелі мекендер тізіміне енгізілмек. Ол жөнінде нақты жұмыстар атқарылып жатыр», – деді батырдың ұрпағы Қайсар Әлім.
Батырға арналған халықаралық турнирде барлығы 28 жауынгер бақ сынады. Астана қаласындағы «Кәсіби Жекпе-жек ұлттық спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің директоры Әзім Әбдіркеновтің айтуынша, осы сайысқа жауынгерлер жетістігіне қарай сараланып алынған.
«Бұл біз өткізген екінші халықаралық турнир. Алғашқысы Астана қаласында болды. Өтей батырды еске алуға арналған сайысқа халықаралық дәрежедегі жеңімпаздар, ел ішіндегі жекпе-жектен чемпиондар және әр облыстағы спорт клубтарының өкілдері қатысты. Оның сыртында Қырғызстан және Өзбекстаннан арнайы келген жауынгерлер бар. Әртүрлі салмақта барлығы 28 спортшы, 14 жұп өнер көрсетті. Жеңгендеріне арнайы жасалған «Өтей батыр» атындағы белбеу тағылды», – дейді Әзім Әбдіркенов.
Қостанайдағы «ARLAN MMA KOSTANAY» спорт клубының жауынгері, джиу-джитсудан әлем кубогының жеңімпазы Мәлік Байсұлтанов осы сайыста да жеңіс тұғырынан көрінді.
«Сайысты таза жеңіспен аяқтадым. Жаттықтырушымның сенімін ақтадым. 2014 жылдан бері спорттамын. Оның ішінде грек-рим күресімен, джиу-джитсумен, жауынгерлік самбомен айналысамын. Ұлттық ұланның 3697 әскери бөлімінде қызмет етемін. «ARLAN MMA KOSTANAY» клубында жаттығамын. Осы жеңісімді ұлдарым Қайсар мен Османға арнаймын», – дейді жеңімпаз Мәлік Байсұлтанов.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, келесі кәсіби жекпе-жек турнирі Өтей батырдың мәңгі тыныстап жатқан жері Атырау облысында өткізілмек.
Сералы МЫРЗАБАЙ