Сыр өңірінің халқы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданда да, тылда да небір ерліктің үлгісін көрсете білді. Солардың арасынан соғыс ардагері, шопан, ақын, өмірінің соңына дейін ауыл шаруашылығы саласын түлетуге атсалысқан Бекім Досжановтың туғанына биыл – 100 жыл.
Бекім Досжанов – 1922 жылдың 2 мамырында Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданының «Тартоғай» кеңшарында дүниеге келген. Көршілес «Сұлутөбе» станциясындағы сегіз жылдық мектепті аяқтайды. Ол жиырма жасқа енді ғана аяқ басқан шағында соғыс даласына аттанды. Табиғатынан шығармашылыққа жаны жақын жігіт майданда жүріп те өлең жазады. Туған жеріне деген сағынышын «Елге сәлем», «Туған жерім Тартоғай», «Талдыкөл» деген жыр шумақтары арқылы жеткізеді. Мәселен, сарбаз «Елге сәлем» атты өлеңінде:
Қалдың ғой артымда қайран елім!
Хат жазып тарқатайын іштің шерін.
Бірге өскен қатар құрбы, қарындастар
Аман бол, шешелер мен жеңгелерім.
Ел үшін, Отан үшін басым құрбан,
Дұшпанға бастырмаймыз совет жерін.
Жүрсің бе, Досжан әке, сау саламат?!
Бекішің сағынғанда жазады хат.
Хатыңды біразырақ оқып болып,
Өзіңе жігерленіп, берді қуат.
Балаңыз шықпаққа тұр ұзақ жолға,
Автомат, пулеметін алып қолға.
Ұлы той көптен көрген деген сөз бар,
Жұмысқа басқа түскен қапаланба.
Айсара мәпелеген қайран анам,
Хатымды арнап қана сізге жазам.
Кетерде мақсатпенен амандаспай,
Ойыма түсіп кетсе қапаланам.
Ардақты Түйменкүлдей қарындасқа,
Болсаң да өзің кіші, беріп нұсқа.
Бол серік екеуінің ортасында
Не айтайын енді саған одан басқа.
Келмейді айқайласам салған әнім,
Болмай жүр осы уақытта менің сәнім.
Кей-кейде құрып кетет(ді) барлық әлім,
Әлдерім құрып менің отырғанда
Көзіме елестейсін келіп бәрің! – деп әке-шеше, қарындасына деген сағынышын жырласа, «Туған жерім Тартоғай» атты ойтолғауында:
Туған елім, өскен жерім Тартоғай,
Өсіп келед(і) үйім болып бірталай.
Сылдыр қағып, Сырдың сұлу өзені,
Сырдария бейне сұлу құралай.
Өзенім-ау, тұра алам ба сағынбай?
Келгенімде қабыл алшы балаңдай.
Мейірленіп, күлімсіреп тұрасың,
Секілденіп менің туған анамдай.
Жағалай біткен тоғайың,
Құлпырып кетті-ау жайлауың.
Ырыста менің мекенім,
Малға толы қойнауың
Бабамның өскен мекені
Көремін ескі кепені
Таң қалып мен де тұрамын
Қолменен үйген төбені.
Тартоғай қазір қалашық,
Бой түзеп келед(і) таласып.
Елес шамы жарқырайды жымыңдап,
Тұрғандай-ақ қыз бен жігіт жарысып.
Ботабай канал қолға алып,
Мыңдаған гектар жоңышқа
Шөп болып қалды-ау шабылып.
Игілік үшін халыққа
Мұзтоғай көпір салынып,
Көрмесем сені Тартоғай,
Қаламын мүлде сағынып.
Ұмытармын мен сонда,
Тынысым бітсе тарылып, – деген өлең жолдарымен туған ауылына, өзен-көл, тау-тасына деген сағынышын жеткізеді. Бекім Досжанов Мәскеу түбіндегі шайқастан бастап, Польша, Чехословакия, Украина, Германия, Беларусь жерлеріндегі қанды қақтығыстарда қолына қару алып, жауға қарсы тұра білді.
Жастық шағы қан майданда өткен сарбаз 1952 жылы елге оралады. Туған жерге келісімен бос жатпай, бірден колхоз жұмысына араласады. Бастапқыда қойшыларға көмекші болып, тәжірибесі толысқан кезде өз алдына отар алуға бекінеді. Сөйтіп, 700-ге жуық қой бағып, жанкештілікпен еңбек етті. Әр қойдың төлі үшін күресті. Шопандықтың ақ таяғын қолға нық ұстаған 60-шы жылдардан бастап Бекім Досжановтың еңбектегі өрлеу кезеңі басталады. «Талапты ерге нұр жауар» демекші, көрсеткіш көлемі де жыл сайын дөңгеленіп, табыс тайқазаны қайнап сала береді. Ол айналдырған үш-төрт жылдың ішінде совхоздағы озат шопандардың көшбасшысы болды. Мал шаруашылығына айтарлықтай ауыр болған кезеңдердің өзінде шығынға жол бермей, жыл сайын 130-150 қозыдан алып отырды. Осылайша, отыз жыл бойы тапжылмастан шаруашылықтың қойын бағып, абыройлы еңбек етті.
Жай ғана қойшы болуға болар, ал нағыз шопан болу бір басқа. Қыстың қақаған аязы мен ақтүтек боранында, жаздың аптап ыстығында қой соңында жүріп, табыстың тайқазанын қайнату екінің бірінің қолынан келмесі анық.
Бекім ақсақал адам жатырқамайтын. Күндіз-түні үйінен қонақ үзілмейтін. Құдай қосқан жары Марзия Әбдуәліқызы да ашық жарқын мінезді жан еді. Сондықтан да, қай мезгілде болсын дастарханы жаюлы, шайы қайнаулы болатын. Екеуі 2 ұл, 5 қызды дүниеге әкелді. Өкінішке қарай, жары Марзия 35 жасында мәңгілік мекеніне аттанды.
Бекім ақсақал ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді, жетілдірді. Бүгінде олардан тараған 27 немере, 67 шөбере мен 4 шөпшегі бір қауым елге айналды.
Ауыл шаруашылығының майталманы ретінде талай салтанатты жиынның төрінде отырса да, кемелінен асып-таспаған Бекім Досжанов сарабдал, қарапайым қалпынан айныған жоқ. Орнымен сөйледі, толғамды пікірін ортаға салудан тартынбады. 1982 жылы зейнетке шықты. Сөйте жүріп, шаруашылықтың тыныс-тіршілігінен алыстамады. Үнемі өзінен кейінгілерге білгенін үйретіп, ақылын айтты. Осылайша, елге сыйлы қалпында 2007 жылы 24 маусымда өмірден өтті.
Бекім Досжанов – көзден кетсе де көңілден кетпейтін, елінің ерен құрметіне бөленген нар тұлғалардың бірі. Ол майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін көптеген марапатқа бөленді. Оның омырауына тағылған «Германияны жеңгені үшін» ордені, «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 30 жыл, 40 жыл, 50 жыл» мерекелік медальдары, «КСРО Қарулы күштерінің 60 жылдығы, 70 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдары мен «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков атындағы» медальдары соның дәлелі.
Соғыс ардагерлері жүріп өткен жолдардың көбі бүгінде көмескілене бастағаны рас. Дегенмен, халықтың өз ортасынан шығып, адал еңбегімен туған жерін түлетуге бар күш-жігерін аямаған жанды ұмыту мүмкін емес. Толағай табыстарымен ел байлығына лайықты үлесін қосып, аудан мен облыстың ерекше мақтанышына айналған еңбек ерінің есімін осындай оңтайлы сәтте еске алып, жастарға үлгі ретінде ұлықтап отырса артық болмас.
Гүлхан ЯХИЯ