Майлы зығырды құрғақшылықта да өсіруге болады

0
2300

Климаттың өзгеруі – бүгінгі ең өзекті жаһандық проблемалардың бірі. Соңғы жылдары ғаламдық жылыну салдарынан Жердің жалпы температурасының жоғарылауы байқалуда. Осындай өзгерістер әсіресе азық-түлік өндірісіне кері әсер етіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасын төмендетуде. Алайда, жаңа инновациялық шешімдердің, тың аграрлық әдістердің арқасында бұл мәселенің шешімін тауып, климаттың ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен азық-түлік сапасына теріс әсерін азайтуға ықпал ете аламыз.

Осы орайда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының мамандары ыстыққа төзімді майлы зығыр дақылын құрғақшылық жағдайында тың әдістермен өсіріп, қаншалықты қажетті өнім алуға болатынына арнайы зерттеулер жүргізуде.

Майлы зығыр – бұл Қазақстан үшін экономикалық өте маңызды дақыл. Қазіргі таңда елімізде 1,4 млн гектардан астам майлы зығыр алқабы бар, орташа өнімділік өте үлкен емес, 8,6-9,8 ц/га. Соңғы жылдары республикамызда дәнді дақылдарды өсіру диверсификациясы негізге алынып отыр. Осыған байланысты майлы дақылдарды, оның ішінде майлы зығыр өсірудің маңызы артып отыр. Майлы зығыр әртүрлі мақсатта пайдалануы жөнінен әсіресе Солтүстік Қазақстанда негізгі майлы дақыл болып саналады.

Зығыр майы тағамдық мақсаттарға да пайдаланылады. Егіншілік зертханасының ылғалмен қамтамасыз етілмеген және жартылай қамтамасыз етілген тәлімі жағдайында өсірілген майлы зығырды өсірудің үнемді технологиясымен егіншілік зертханасының тәжірибе танабында егіліп зерттелуде. Жаңа дақылдың өсіп-өнуін зерттеп, тәлімі жағдайда жақсы өнімділік алу үшін технологиялық жұмыстар іске асырылуда.

Зерттеу жұмыстары ҚР АШМ-нің 267 бюджеттік бағдарламасы бойынша «Қазақстан өңірлері үшін өсірудің әртүрлі технологияларын салыстырмалы зерттеу негізінде өңдеу технологиясының элементтерін, сараланған қоректенуді, өсімдіктерді қорғау құралдарын және рентабельді өндіріс үшін техниканы қолдана отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының (дәнді, дәнді-бұршақ, майлы және техникалық дақылдарды) егіншілік жүйесін әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде орындалып жатқан жұмыстарға негіз болды.

Қазақстанда соңғы үш жылда зығыр өндірісінің өсуі байқалып, қандай аймақтарда зығыр белсенді өсірілетінін, сондай-ақ зығырды зиянкестер мен аурулардан қорғау үшін олармен күресуге арналған препараттар бойынша зерттеу жұмыстары да жан-жақты жүргізілуде.

Еліміз үшін майлы зығыр (Linum usitatissimum) – болашағы зор дақылдардың бірі. Соңғы жылдары Қазақстан майлы зығыр өсіріп, оның өнімін шет елдерге экспорттауды жолға қойып отыр. Мәселен, әлемдік нарыққа бидайдың бір тоннасын 80-100 доллардан саудалаймыз. Ал, егін түсімі бидаймен бірдей болатын зығыр дақылының әр тоннасын шет елдерге 750 доллардан саудалауға болады. Майлы зығырдың тұқым құрамында 38-45% тез кебетін май бар (йодтық саны 165-192), ол лак, бояу өндірісінде сұранысқа ие. Оны тері, сабын жасау, қағаз, парфюмерлік, резеңке, электротехника және т.б. кәсіпорын салаларында, сонымен қатар медицинада да қолданылады.

Қазіргі уақытта топырақты өңдеудің қор сақтаушы технологиясы әлемнің көптеген елдерінде No-Till немесе минималды технология деп аталады. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының егіншілік зертханасында көп жылдардан бері осы бағытта зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Зерттеулер көрсеткендей, зығыр дақылынан құрғақшылықта кем дегенде орташа өнімділік алуға болатыны анықталды.

Егер топырақ жыртылса, ол жағдайда топырақтың құрылымы әлсіреп, құнары азайып, өсімдік қалдықтарының ыдырау процестері баяулайды. Минималды жүйеге ауысу – ауыспалы егісті дамытудан басталады, сонымен қатар егін себуден бастап жинағанға дейінгі шаралар өз уақытында орындалғаны абзал. Мысалы, жақсы өнім алу үшін азот тыңайтқыштарын түптену кезеңінде 2-3 жапырақ кезеңінен сәл кешігіп берсе – дәнінің өнімділігі емес, оның сабан өнімі ұлғайып кетеді. Шаруа қожалықтары біртіндеп жер жыртудан бас тартып, үнемді технологияларға көшу керек. Бұл жағдайда жанар-жағармай мен жұмыс күштерін үнемдеуге болады.

Жоба аясындағы зерттеулер бойынша ыстыққа төзімді дақылдарды үнемді технологиямен өсіру (ауыспалы егісті енгізу, өсімдік қалдықтарының жиналуы және жабын қабатын құру, егістік технологиясын пайдаланып топырақ құнарлылығын қалпына келтіру) сияқты шараларды дұрыс жүргізу жайында шаруа қожалықтарына семинарлар жүргізіліп, лекциялар, түрлі оқу шаралары қатар жүргізілуде. Осылайша біз, ғылыми негіздемелер нәтижесінде өсімдік шаруашылығы мен заманауи ресурстарды үнемдейтін технологиялар негізінде ыстыққа төзімді дақылдарды ауыл шаруашылығы өндірісіне кеңінен енгізудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашып отырмыз.

Рауан ЖАПАЕВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу
институтының аға ғылыми қызметкері,
ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here