Қазақ қызы джиу-джитсудан бес дүркін әлем чемпионы атанды

0
1670

Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) астанасы Абу-Даби қаласында «Ju-Jitsu World Championship Abu Dhabi-2022» әлем чемпионаты өтті. Осы дүбірлі додада Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat batyr-QTT» спорт клубының сапында сынға түсетін Жібек Құлымбетова 48 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмей, топты жарды. Осылайша, 15 жастағы қазақ қызы джиу-джитсудан бес дүркін әлем чемпионы атанды.

48 салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жібек Құлымбетова өзіне қарсылас болған үш спортшыны да мерзімінен бұрын ауырту және тұншықтыру әдістерімен жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Оған Колумбия, БАӘ, Тайланд елдерінің өкілдері қарсылас болды.

«Мен джиу-джитсумен 9 жасымнан айналысамын. Мені әрқашан жеке жаттықтырушым Нұрсұлтан Орынбасаров қолдайды және жарыстарда қасымнан табылады. Алайда, бұл жолы ол тығыз жұмыс кестесіне байланысты чемпионатқа бара алмады. Сондықтан аздаған қобалжудың болғаны рас. Дегенмен, өзімді-өзім қамшылап, тағы да әлем чемпионы атандым. Өте қуаныштымын. Қолдау көрсеткен тағы бір бапкерім Самат Айтпанбетке де ризамын», – дейді Жібек Құлымбетова.

Джиу-джитсудан бес дүркін әлем чемпионы сөз арасында «Qazaqstan Top Team» академиясының президенті Арлан Шабдарбаевқа, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat batyr-QTT» спорт клубының президенті Ерболат Тұрымбетовке, бапкерлері мен жанкүйерлеріне қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.

Спортшының жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаровтың айтуынша, аталған біріншілікте команда мен мемлекет намысын бірқатар спортшылар қорғады. Соның ішінде Адина Болат күміс жүлдені, Дарина Жұмаш қола жүлдені қанжығасына байлады.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here