Қазақ киносының анасы

0
1326

Мынау жарық дүниеде адамға рухани нұры мен нәрін ғана сыйлайтын өнер әлеміне жетер, тең келер ештеңе жоқ. Өнер өлкесінен жаның жадырайды, көңілің көркейеді. Мөлдірліктен, ізгіліктен, тұп-тұнық сырлы сезімдерден ғана құралатын өнер әлемінен аларың көп. Өнердің өз адамы Әмина Өмірзақова есімі аталғанда қазақ киносының жауһарлары еске түседі. «Абай өлеңдері», «Ана туралы жыр» және «Тақиялы періште» сынды әртүрлі жанрдағы фильмдерден актрисаның шеберлігін айқындай түседі. Айта кетейік, ұлттық кинодағы әйел образын жан-жақты көрсете білген осындай талантты тұлғаның туғанына биыл 8 наурызда 105 жыл толды.

Әмина Өмірзақова 1934 жылы небәрі 15 жасында отбасының қарсылығына қарамастан өнер үшін Ленинградтағы өнер техникумына оқуға аттанады. Ол КСРО халық әртісі Василий Меркурьевтің шәкірті болды. Ұстаз да жас қыздың жанарынан таудай талантты көрген. Оған қоса профессор Ирина Мейерхольдтан да тәлім алып, актерлік шеберлігін шыңдай білді. Халық әртісі өмірінің соңына дейін аталған қос ұстазды аузынан тастамай айтып отыратын. Себебі, Василий Меркурьев өз балаларынан бөлек бауырының үш баласы мен көшеден тауып алған екі балдырғанды асырап алған алтын жүректі азамат болған. Студенттерге де көмектесіп, арасында тамақтандырады екен. Осындай ұстаздың үлгісі шәкірттің өмірге деген, өнерге деген жігерін шыңдағаны анық.

Әмина Өмірзақованың кино саласындағы жолы ерте басталды. Ол 1938 жылы Сергей Герасимовтың «Амангелді» тарихи фильмінде шағын рөлді сомдады. Сахна өнері техникумын тәмамдаған Әмина Ерғожақызы өзге түлектермен Шымкент қаласында жаңадан ашылған драма театрда еңбек жолын бастады. Ол тума талант пен білімінің арқасында негізгі рөлдерді сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөлене бастайды.

Әмина Өмірзақова бір жылдан кейін Алматыға оралады. Қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрында еңбек етеді. Әрмен қарай білімін жетілдіріп, 1941 жылдан бастап Алматы киностудиясында монтажер қызметін атқарады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Мәскеу мен Ленинградтан келген кино мамандарымен жұмыс істеп, шағын рөлдерді ойнай бастайды.

1945 жылы Әмина Өмірзақованың жұлдызы жанып, көрерменге танымал бола бастады. Соғыс жылдары Ресейден көшіп келген «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары жұмысын Алматыда жалғастырды. Режиссер Григорий Рошаль и Ефим Арон сценариін Мұхтар Әуезов жазған «Абай әндері» фильмін түсірді. Сол кезде жас актриса Ажар есімді басты кейіпкердің рөліне шақырту алады. Осыдан бастап көрермен де, кино мамандары да Әминаның кинодағы шеберлігін мойындайды.

Әмина Өмірзақова 1949 жылдан қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында ұзақ жыл еңбек етті. Ол Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» спектаклінде Луиза болса, Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Қалиса болса, Горбатов жазған «Әкелер жастығы» қойылымында Ефимчик болды. Одан бөлек «Алтын сақа», «Рабиға» және «Күшік күйеу» қойылымда басты рөлдерді ойнады.

Әминаның өмірлік жары Кәмәси Өмірзақов театр актері болған. Ол Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында Әмина Өмірзақовамен бірге еңбек етті. Отағасы киноға көп түспеген, алайда театр әлемінде көпке танымал. Әмина Ерғожақызы балалар мен жасөспірімдер театрында ұзақ жыл еңбек етіп, жүзден аса рөлді сомдады.

Әмина Өмірзақованың танымалдығын тағы бір шыңға көтерген «Ана туралы жыр» фильмі. Ол 1963 жылы режиссер Александр Карпов таспалаған трагедиялық картинаның басты кейіпкері болды. Жалғыз ұлы соғыста қаза тапқан ананың образын аша білген талантты актрисаның еңбегі де жоғары бағаланды. 1964 жылы Ленинград қаласында өткен жалпыкеңестік кинофестивальде ең үздік әйел номинациясын жеңіп алды. Дәл сол жылы халықаралық кинофестивальде үздік ана рөлі үшін тағы да марапатталды. Дәл осы фильм 1967 жылы Күләш Бәйсейітова атындағы КСРО мемлекеттік сыйлығына лайық деп танылды. Талантты актриса осыдан кейін Мәскеу, Бішкек пен Ташкент киностудиялары жиі шақыра бастады.

Әмина Ерғожақызы 1968 жылы танымал режиссер Александр Карповпен бірге жұмыс істеді. Бұл жолы актриса Әліби Жангелдин туралы «Мың шақырымдық жол» атты картинада басты кейіпкер Сардарбектің анасы болды. Содан кейін Әмина Өмірзақованы «Беларусьфильм» киностудиясы бірнеше мәрте түсірілімге шақырды.

Қазақ КСР-інің халық әртісі Әмина Ерғожақызы сүйікті көрермендерін жаңа қырымен тағы да тәнті етті. Бұл жолы актриса даңқты режиссер Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақтың анасы Тана кейіпкерді сомдады. Бұл актрисаның комедиялық жанрдағы шоқтығы биік картинасы болды. Онда актриса өзін ақкөңіл, ұлына деген махаббаты шексіз ананың келбетін шебер көрсете білді.

Әмина Өмірзақова 1996 жылға дейін көптеген отандық және шет елдік фильмдерде басты және қосалқы рөлдерді ойнады. Оның актерлік шеберлігін көрермен жүрегінен орын табуынан ақ көруге болады. Қазақ киносының анасына айналған Әмина Ерғожақызы өмірінің соңғы жылдары денсаулығының нашарлауына байланысты театр мен киноға шықпады. Бірақ, қайсар мінезді қарт ана кинофорумдарға қатысып, жарнамаларға түсіп жүрді. Талантты тұлғаға өнер саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Тарлан» сыйлығы табысталды.

1919 жылы 8 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған актриса 2006 жылы қайтыс болды. Биыл талантты тұлғаның туғанына 105 жыл толып отыр. Көрерменге нәзік жандының сұлулығын, ұлынан айырылған ананың қасіретін және баласына қалыңдық іздеген ақкөңіл ананың шынайы бейнесін жеткізе алған бірден бір талант. Әмина анамыздың дарынды өнері әрдайым қалың көпшіліктің жүрегінен жылы орын алған.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here