Германия, Франция, Италия, Испания сияқты 27 елдің басын қосқан Еуропалық Одақтың мүшесі атануға бүгінде 8 ел үмітті. Былтыр Брюссельде өткен Еуропалық Одақтың саммитінде Босния және Герцеговинаға, Украина мен Молдоваға 450 млн халық тұратын Одақ мүшелігіне кандидат статусын беру туралы шешім қабылданды.
Күні кеше Германия канцлері Олаф Шольц Ресей-Украина қарулы қақтығысы Украинаның Еуропалық Одаққа мүшелігімен аяқталатынын мәлімдеді.
«Кәрі құрлық тарихындағы бүгінгі қайғылы тарау еркін Украинаның Еуропалық Одақтың толық мүшесі болуымен аяқталады», – деді 65 жастағы канцлер.
Неміс канцлерінің алдында, 20 мамырда Еуропалық Кеңестің төрағасы Чарльз Мишель Украина президенті Владимир Зеленскийді былтыр Ресей агрессиясына тап болған елдің жыл соңында Еуропалық Одаққа мүшелікке өту перспективасын талқылауға бастамашы болатынына сендірді.
Кандидат мәртебесін сонау 1999 жылы алған Түркияның әлі Одаққа өтпегенін алға тартқандар Брюссель Киевті таяу жылдары қабылдай қоятынына күмән келтіреді.