Қалам мен қаруды серік еткен майдангер ақын

0
560

Соғыс атты суық сөздің аты өшіп, бейбіт өмір кешіп отырғанымызға 80 жыл толады. Ел басына күн туып, етігімен қан кешкен сол бір сұрапыл жылдарда мыңдаған қазақстандық майданға кеудесін от пен оққа төсеп, отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғады. Қаншама боздақ азаттық үшін жандарын пида етті. Өмір мен өлім белдескен алапат шайқаста халқымыздың Отанға қажымас қайраты мен жарасты ынтымағының арқасында Ұлы Жеңіс келді.

Бұл сурет 1945 жылғы 5 мамырда Куйбышев қаласында түсірілген, қасында майдандас досы Ходжат Нығметов отыр.

Осы соғысқа қатысқан қалам мен қаруды қатар ұстаған қазақ ақын-жазушылары да аз емес. Сұрапыл соғыстың қақ ортасында жүріп, қан майданда ажалмен бетпе-бет келсе де берілген емес. Қайта қалың жұртты қанаттандырып, жалынды жырларымен, орамды ойларымен жауынгерлердің рухын көтерді. Солардың бірі – менің атам Егізбаев Әбзали еді.

Сол бір ел басына күн туған қатерлі шақта атамның еліне деген сағынышын баяндайтын, тума-туыс, туған жерге деген махаббат пен жауды ертерек жеңіп елге оралсақ деген армандарынан сыр шертетін хаттары келіп жатты.

Атам Егізбаев Әбзали 1907 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының бұрынғы 9-шы ауылда, Көктөбе колхозында шаруа отбасында дүниеге келген. Алғаш сауатын ауыл молдасынан ашып, 1928-1930 жылдарында Қызылорда қаласында Ғани Мұратбаев атындағы 7 жылдық қазақ мектебінде оқуын жалғастырды. Мектепті бітіргеннен соң 1930 жылы Қармақшы ауданына келіп комсомол, кеңес, қаржы мекемелерінде қызмет атқарды. 1933 жылдан бастап оқытушылық қызметіне кірісті.

Бұл сурет 1945 жылғы 5 сәуірде Шығыс майданына сапар шегіп бара жатқанда Свердловск қаласына түскен, сурет артында «Тұлғам» деген өлеңі жазылған.

1933-1934 жылдардан бастап «Еңбекші», «Жаңаталап», «Қызыл там» және Ленин атындағы мектептерде оқытушы, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Ол қазақтың көрнекті ақыны Тұрмағанбет Ізтілеуовтің шәкірті болды. 1938 жылы «халық жауы» деген атпен ұсталып қамауға алынды. Ешқандай кінәсі дәлелденбесе де, 1939 жылдың 22 қаңтарында Қызылорда облыстық сотының үкімімен 15 жылға сотталды. Атам қандай қиыншылық болса да мойымай, Отанына деген адалдығын, халқына деген сенімін, махаббатын жоғалтпай, бәрін көтере білді. 1939 жылы 13 тамызда анасы мен әжесіне жазған хатында «Мені ойлап көп қайғырма! Мен жалғыз ғана жүргенім жоқ. Қызылордада жүздің бірі болсам, Қазақстанда мыңның бірімін, Советтер одағында миллионның бірімін. Солармен көрем! Тілек тіле!» деп өзінің ақталатынына сендіреді.

1941 жылдың жаз айында ақталып елге оралып, мектепте ұстаздық қызметін жалғастырды.

1942 жылдың 17 шілдесінде Қармақшы аудандық әскери комиссариаты арқылы Отанымызды неміс басқыншыларынан қорғау үшін майданға аттанды. Тотский қаласында әскери дайындық курсынан өтіп, Воронеж майданында шайқасқа қатысты. Осы шайқаста ауыр жарақаттанып, госпитальға түседі. Қаламын жанына серік еткен атам госпитальда емделіп жатып, «Жорық жолында» атты дастанын және басқа да бірнеше өлеңдерін жазады.

Көп болды біз көргелі Сибирь қысын,
Өзгерткен аққа бояп жердің түсін.
Жара бар, жұқа киім, жалаң аяқ,
Қазірше көру қиын үйдің тысын.
Қыс түсті әлдеқашан шашып ызғар,
Бір айға жуықтады жауғалы қар.
Жатырмын жайды күтіп әзірінше,
Ол жұмбақ алдымызда қандай күн бар.
Қызыл көз, темір тісті ол қандыауыз,
Айдаһар жеті басты сұм жалмауыз.
Адамға өмір емес, өлім еккен,
Қанқұмар Гитлер фашист, неміс жауыз, – деген өлең жолдары осы кезде жазылған.

Госпитальда алты ай емделіп, қайтадан майданға аттанды. Атам Әбзәли Барабинск қаласында тұрған темір жол батальонына жіберілген. Батальон Орел, Староосколь, Невель қалаларында 1943 жылдың қазан айына дейін болады. 1944 жылы 5 шілдеде Латвия жеріне аттануға бұйрық болғанға дейін темір жол әскери бөлімі құрамында қызмет етті, 1945 жылдың басында Шығыс майданына аттанып, Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, осы жылы қыркүйекте Маньчжурия қаласында қаза тапты.

Атамның Алматы қаласында болған кезінде бір жолдасына тапсырып кеткен қойын дәптері көп жылдар өткен соң табылды. Осы сарғайған дәптердің ішінде соңғы хат 1945 жылдың 5 тамызында Амур облысы Поярково станциясынан жазылыпты. «Алға талпын» деген өлеңімен Жүсіпов Қасымға жазған ең соңғы хаты екенін дәлелдейді. Хаттың өлеңмен жазылған жолдарында:

Аға-іні, тең құрбыны аман қосып,
Халықтың сау көрсеткей жас пен қартын.
Жарты әріп жалғаным жоқ жан достарым,
Сағындым сұлу Сырдың суын салқын.
Көктөбе, Жеті асар мен Жосалының,
Көремін «құмын – күміс», «тасын – алтын».
Санаймын қарағайдан кәдірлілірек,
Қамысын Сыр-Қуаңның біткен жалқын.
Қаңтардың қарлы қысын қымбат сезем,
Жау елдің жазынан да деген жарқын.
Айналтқан жазын қысқа, өңін түске,
Ойлаңдар Отандасым біздің қарқын.
Ордасын ойран етіп сұм фашисттің,
Жойылттық саясатын, сана-салтын.
Жазасын оттан алмақ, от боп жанбақ,
Болса жау бейбіттіктің бұзған антын.
Ғылым мен техниканы меңгер жастар,
Талаптан, үйрен, ұмтыл, алға талпын! – деп, туған жер мен елді сағынған ыстық сезімін білдірумен қатар, елінің құмы – күміс, тасы – алтын екендігін, табиғатының өзі ештеңеге теңестірмейтінін сипаттаған. Елге деген ыстық сезімге қоса жаңа өсіп келе жатқан жастарға алға талпынып, өмірдің биігіне шығыңдар, техниканы меңгеріңдер деген үгітін қосқан. Сонымен қатар, атамның соғыста жүріп, ардақты анасына, жарына, туған жерге, ауыл адамдарына деген сағынышын арқау еткен «Анаға хат», «Ауыл адамдарына», «Ел-халыққа», «Тілек» дейтін өлеңдерін де тебіренбей оқу мүмкін емес.  

Ақын, Қазақстанның халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев атам туралы «Кешегі алапат соғыс енді ғана гүл жарып келе жатқан жауқазындай мыңдаған, миллиондаған боздақтардың өмірлерін қиып кетті. Талай асқақ арман, асыл аңсар айтылмай олардың өздерімен бірге өшті. Ғалымның қиялы хатқа түспеген қалпында адыра қалды, ақынның көкірегінде оттай қоздаған, шырақтай маздаған, қуатты жырлары жарық дүниені көре алмай күлге айналды. Сондай айтарын айта алмай, берерін бере алмай арманда өткен, қыршын кеткен ақындардың бірі Әбзәли Егізбайұлы еді.

Әбзәли Егізбайұлы ағып тұрған жүйрік ақын, оның жырлары ұлттық поэзиямыздың елеулі қазыналарының бірі.

Мен – сол қан майданда оқ пен жырды қатар боратқан ақындар тобынан бүгінгі күнге аман жеткендердің бірімін. Өмір мен өлім белдескен қиян-кескі шайқастардың ортасында жүріп біздер, ақындар, арманшыл жүректеріміздегі сезімдік толғаныстардың аспанға шапшыған ақжал толқындарын ақ қағазға өрнектеуге тырыстық. Түтін тұмшалаған көк аспандағы ақша бұлттармен, өрт шалған ормандағы ақ қайыңдармен, суына қан араласа аққан өзендермен мұңдана сырластық, жаралы жүректеріміздің мұңлы-шерлі сағынышын жырладық.

Майданда да, тылда да қан-құйлы жауды туған елдің топырағынан аластау үшін арпалысып жатқан халқымыздың мақсаты ақындардың жырына айналып, Жеңісті жақындатқан қуатты қаруға айналды.

Сонау 1967 жылы 17 маусым күні Қазақстан Жазушылар одағы Жастар секциясының мәжілісінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер ақын Әбзәли Егізбайұлының поэзиялық мұрасы талқыланды. Сол мәжілісте ақындар Сағи Жиенбаев, Жаппар Өмірбеков, Шәміл Мұхамеджанов, Ізбай Мәмбетов, Жұмекен Нәжімеденовтер Әбзәлидің жырлары туралы ыстық ықыласты, жылы лебіздерін білдірген еді. Сол мәжілістің қаулысымен 1969 жылы «Жазушы» баспасынан Әбзәлидің «Жауынгер жүрегі» атты өлеңдер жинағы жарыққа шыққан болатын» деп жазды.

«Орнында бар оңалар» демекші, адал жар бола білген әжеміз Қаншай балалары Нағмеддин мен Амангелдіні ешкімнен кем қылмай өсіріп, білім берді. Елімізге қызмет ететін лайықты азаматтарды тәрбиеледі. Баланың үлкені Нағмеддиннен 8 бала, кішісі Амангелдіден 5 ұл-қыздар және олардан немере, шөберелер бар.

Балалары Нағмеддин мен Амангелді атам Егізбаев Әбзәлидің 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Жауынгер жүрегі», 1996 жылы ҚР ҰҒА-ның «Ғылым» атты ғылыми-баспа орталығынан «Елімнің сырын еттім жыр», 2007 жылы «Алматы» баспасынан атамның 100 жасқа толуына орай «Майдан хаттары» атты өлеңдер жинағын кітап етіп жарыққа шығарды, халыққа таныстырды. 1987 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының шешімімен Қармақшы ауданында Әбзәли Егізбаевтың 80 жылдығы, 1997 жылы 90 жасқа толған мерей тойлары аталып өтті.

2005 жылы әкем Амангелді атамыз жерленген Маньчжурия қаласына барып, зиратына ескерткіш қойып, құран бағыштап, елден алып келген топырағын салып, тағзым етіп қайтты.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Ұлы Абай айтқандай, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсете білген, талантты ақын, өр мінезді майдангер, ұлағатты ұстаз мына жарық дүниемен мәңгілікке қоштасты. Алайда, өзі өлгенімен артында қалған мұрасы ұрпағы бізбен жасай бермек.

Жанат Амангелдіқызы АБЗАЛИЕВА,
ақынның немересі,
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here