Екі оттың ортасында қалған Олимпиада чемпионы енді қайтеді?

0
2541

Ресейдің Украинаға басқыншылық әрекеті ресейліктер арасына сына қақты. Путиннің соғысын қолдағандар мен қолдамағандар екі лагерьге бөлінді. Соңғыларын биліктің жандайшаптары сын садағына алды. Әсіресе, ел алдында жүргендерге таңдау жасауға тура келді. Ақша мен мансапты ардан биік қоймай, соғысты ашық айыптағандар туған жерінен жыраққа кетуге мәжбүр болды. Енді екі оттың ортасында биікке секіруден екі дүркін Олимпиада чемпионы, жеті дүркін Әлем чемпионы, 28 әлемдік рекордтың иегері Елена Исинбаева да қалды.

Әрине, Елена Исинбаеваны Путиннің соғысын ашық айыптаған Лия Ахеджаковамен салыстыруға келмес. Себебі, 41 жастағы Елена Гаджиевна бұған дейін соғыс туралы жақ ашқан жоқ. 2012 жылы өткен Президент сайлауында Исинбаева Путиннің сенімді өкілі болғаны, 2020 жылы қаңтарда Ресей конституциясын өзгерту жөніндегі жұмыс тобына кіргені мәлім. Дегенмен, дәл қазір «ары тартсаң арба сынатын, бері тартсаң өгіз өлетін» жағдай. Испанияда тұрып жатқан Елена Исинбаева Халықаралық олимпиада комитетіндегі (ХОК) жұмысын таңдағанға ұқсайды. Бұған дейін ол комитеттегі жұмысын қайта жалғастыратынын айтқан еді. ХОК оның Украинадағы соғыс туралы сөзін тексерген. Тексеріс аяқталғанын әлеуметтік желіде хабарлаған Исинбаева «Мен әлем адамымын, бұрын да солай болғанмын, солай қала беремін» деп жазды.

Соғысты қолдап жүрген ресейліктер қазірдің өзінде чемпионды есекке теріс отырғызып тастады. Тіпті, Дағыстан басшысы Сергей Меликов Махачкала стадионынан Елена Исинбаеваның атын алып тастау керектігін мәлімдеді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here