Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау – басты міндет

0
1571
Фото: Аkorda.kz

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Бұл – халқымыздың біртуар перзенті, Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының ұрпаққа ұран болған ұлағатты сөзі. Кез келген мемлекеттің, қоғамның немесе ұжымның береке-бірлігі мен ілгерілеуі ортақ ережелер мен заңдарға бағынудан басталады. Тәртіпсіздік бар жерде береке де, даму да болмайды. Астанада өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту, елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық және қоғамдық жаңғыру мәселелері кеңінен сөз болды.

Фото: Аkorda.kz

 «ЕЛІМІЗ ДАМУЫ ҮШІН ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК АРАСЫНДА ӨЗАРА СЕНІМ БОЛУЫ КЕРЕК»

Қазақстан Республикасындағы әкімшілік әділет институтының құрылғанына бес жыл толуына арналған алқалы жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басшылығы мен судьялары, мемлекеттік орган өкілдері, халықаралық ұйым өкілдері, ірі халықаралық инвесторлар, кәсіпкерлер, сондай-ақ сарапшылар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Жиында ел Президенті сөз сөйлеп, мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайтудың маңызын атап өтті.

«Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттің бірі. Еліміз тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім және келісім болуы керек. Бұл – мызғымас қағида. Бірақ мұндай келісім өздігінен пайда болмайтыны анық. Қоғамдық келісім, бұл – көпқырлы табанды жұмыстың нәтижесі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың негізгі мақсаты мен міндетіне тоқталды.

«Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады. Осы маңызды жұмысқа биліктің әр деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер, депутаттар белсенді түрде қатысуы керек. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті», – деп атап өтті Президент.

Соңғы жылдары еліміз ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру кезеңін бастан өткеріп, жаңа саяси мәдениетке қадам басты. Өркениетті көшке ілесу үшін заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыру – басты міндет. Әсіресе, өскелең ұрпақ пен барша азаматқа заңға бағынудың маңыздылығын қарапайым тілмен ұғындыру қажет. Өйткені, тәртіпті қолдап, заңды қадірлеу – әр адамның бақытты өміріне жол ашатын негізгі шарт.

Реформалардың басты бағыты референдумда қабылданған жаңа Конституцияда көрініс тапты. Ол – әділетті қоғам мен баршаға тең мүмкіндік беретін мызғымас тұғыр. Адам өмірі – Ата Заңның басты құндылығы. Құжат азаматтардың құқығын қорғауды, заң үстемдігін және тұрмыс сапасын арттыруды мемлекетке міндеттейді. Ең маңыздысы, жаңа сипаттағы мемлекет құру жолындағы әрбір қадам жұртшылықтың қолдауымен жасалып жатыр. Тек бұл реформалардың нәтижесі бір күнде көрінбейтінін түсінуіміз керек.

ҚАЗАҚСТАНДА ӘКІМШІЛІК ӘДІЛЕТ РӨЛІ НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін қабылдау қажеттігі жөнінде айтқаны көзіқарақты көпшіліктің жадында. Бұл бастама отандастарымызды және кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Осы игі істі одан әрмен заңдық тұрғыда нықтау мақсатында 2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданып, күшіне енді.

Бұдан бөлек, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа соны серпін, тың күш берген «е-Өтініш» онлайн платформасы да іске қосылды.

Бұл платформа – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы қағазбастылықты жойған заманауи құрал. Бұрын тұрғындар өз арыз-шағымдарын немесе ұсыныстарын жеткізу үшін түрлі инстанциялардың есігін тоздырса, бүгінде кез келген мәселені үйден шықпай-ақ, смартфон арқылы шешуге мүмкіндік туды. Яғни, азаматтардың өтініштерін мейлінше ашық әрі тиімді қарап, жедел шешім қабылдау тәсілі қалыптасты.

Жүйенің басты ерекшелігі – өтініштерді қарау процесінің толықтай ашықтығы. Азамат өз хатының қай мемлекеттік органда тіркелгенін, оны қай маман қарап жатқанын және жауап беру мерзімін онлайн режимде бақылай алады. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырып, заң бұзушылықтар мен мерзімді созу деректеріне жол бермейді. Ең маңыздысы, жүйе барлық мемлекеттік мекемелерді бір желіге біріктіріп, хаттардың көздеген межеге тез жетуін қамтамасыз етеді.

Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның нақты көрінісі.

СОТ ТӘЖІРИБЕСІ ҮШІН ДЕ БЕТБҰРЫС КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Халықаралық форумда еліміздегі сот тәжірибесі саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен шаралар туралы кеңінен сөз қозғалды. Ел Президенті атап өткендей, бұған дейін азаматтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдеріне және әрекеттеріне шағымдану, яғни, өз құқығын қорғау оңай болмайтын. Әкімшілік әділет жүйесі іске қосылған соң жағдай түбегейлі өзгерген.

«Ең бастысы, күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Ал соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастады. Бұл – мемлекеттік органдар өздерінің шешімдерін және әрекеттерін заң жүзінде дәлелдеуге міндетті деген сөз. Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Бұл да әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі екені сөзсіз», – деді өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде қоғамда қалыптасқан «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген қасаң пікір жойыла бастаған.

Ел арасында кейбір азаматтар соттардың шешіміне наразылықтарын білдіріп, өз үміттері ақталмағандарын алға тартатын жағдаяттар кездесетіні жасырын емес. Мәселенің мәнісін терең зерделейтін болсақ, мұндай шағымдардың көбі өкпе-ренішке немесе біржақты пікірге құрылатынын пайымдаймыз. Бірақ қандай жағдай болса да мұндай пікірлерді тексеріп, әділ шешім қабылдау керек.

Сондықтан жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігін сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітудің маңызы зор. Күн тәртібінде сотқа шағымданудың қасаң моделін сот ісін жүргізу тәуекелдерін стратегиялық басқаруға ауыстыру қарастырылып отыр. Үкімет қазірдің өзінде тиісті ережелерді әзірледі.

Алдағы уақытта орталық және жергілікті деңгейде әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз етуге басымдық берілмек. Президенттің айтуынша, бұрын келіп түскен шағымдар мен өтініштерде қаралған мәселелер қайтадан соттағы дау-дамай нысанасы болмауы керек.

«Әкімшілік тәжірибенің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Жария құқықтық сипаттағы дау-дамайды әкімшілік сот төрелігі деңгейіне беру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Былтыр бұл қосымша құқықтық-нормативтік актілердің заңдылығын қарайтын істерді қамтыды. Бұған дейін мұндай дау-дамайға қатысты шешім азаматтық іс жүргізу нормаларына сәйкес қабылданып келген», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Осының бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты іс жүзіндегі көрінісі екені күмәнсіз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – жай ғана саяси ұран емес, ел басқару ісін түбегейлі өзгерткен, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың жаңа сипаты. Бүгінде бұл қағидат бюрократияны жойып, әрбір азаматтың шешім қабылдау процесіне қатысуына жол ашты.

Азаматтардың белсенділігі артқан сайын, мемлекеттік аппараттың да ашықтығы мен тиімділігі арта түспек. Бұл қағидат жаңа саяси мәдениеттің өзегіне айналып, Әділетті Қазақстанның іргетасын бекітіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытына да тоқталды.

«Іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында, соның ішінде инвестициялық дауларды шешу үшін қолайлы құқықтық институционалдық орта қалыптасуда. Соның арқасында сот шешімдерінің 80 пайызына жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылып жатыр. Мен отандық және шетелдік инвесторлармен кездесулер кезінде үнемі мына мәселеге айрықша назар аударамын: билік және бизнес өкілдері өзара сындарлы байланыс орнатуы керек, олар өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе отырып іздеуі қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Инвестиция тартудың тағы бір маңызды факторы бар. Астана халықаралық қаржы орталығында Сот пен Арбитраж орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істейді. Елімізде Үкімет жанынан Инвестициялық штаб құрылған. Аталған штаб соңғы уақытта инвестициялық жобаларға қатысты түйткілді мәселелерді жедел шешу арқылы өзінің тиімділігін көрсетті.

Сонымен қатар Президент Жарлығымен Бас Прокуратурада Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Біз іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға барынша мүдделі мемлекет ретінде осы саладағы жұмысты айрықша назарда ұстаймыз. Қазір Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қорыта айтқанда, өткен халықаралық форум заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам болды. Әкімшілік әділет жүйесінің тиімділігі – әрбір азаматтың мемлекетке, сот төрелігіне деген сенімінің өлшемі. Жиында тұжырымдалған негізгі ойлар мен ұсыныстар алдағы уақытта құқық үстемдігін нығайтуға және адам құқықтарын қорғаудың жаңа деңгейіне шығуға берік негіз қалайды. Заңды қадірлеу мен тәртіпті қолдау – мемлекетіміздің жарқын болашағы мен тұрақты дамуының басты шарты.

Жандар АСАН,
саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here