Түлектер тоғысқан тағылымды кездесу

0
450
Фото: Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Баспасөз қызметі

Уақыт алмасады, ұрпақ жаңарады. Бірақ адам жүрегінде мәңгі сақталатын бір мекен бар. Ол білім алған, арманға қанат байлаған, өмір жолына жолдама берген алтын ұя. Жылдар өтсе де, сол қасиетті шаңыраққа деген сағыныш пен құрмет ешқашан өшпейді. Осындай ерекше сезім мен ыстық естеліктер тоғысқан күні Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде дәстүрлі Түлектер күні кең көлемде аталып өтті. Әр жылдары білім алған мыңға жуық түлек қайта қауышып, алтын ұямен байланысының үзілмегенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл күн сағыныш пен сырға, құрмет пен ризашылыққа, сабақтастық пен рухани байланысқа толы ерекше мереке болды. Мыңдаған адамның үлкен медицинаға бастар жолы басталған қасиетті білім ордасына бүгінде ел денсаулығын нығайтып, ғылымды дамытып, болашақ дәрігерлерді тәрбиелеп жүрген түлектер қайта оралды.

Фото: Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Баспасөз қызметі

Игі шараға әр жылдардың түлектері  білікті дәрігерлер, ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы, медициналық ұйымдардың басшылары мен денсаулық сақтау саласының майталман мамандары жиналды.

Салтанатты жиын басталмас бұрын түлектер факультеттер шеруіне қатысып, университетпен байланысының үзілмегенін, альма-матерге деген құрметі мен адалдығын тағы бір мәрте паш етті. Ақ халаттың жауапкершілігін сезініп, адам өміріне араша болуды осы қабырғаларда үйренген жандар үшін ҚазҰМУ әрдайым кәсіби өмірдің алтын бесігі болып қала береді.

Мен әрдайым осындай шараларға қатысуға тырысамын. Өкінішке қарай, бүгін менің 1964 жылғы курстастарымның көбі келе алмады. Дегенмен, университеттің әр жылдардағы көптеген түлектерін көріп, ерекше қуанып тұрмын. Олардың біразымен бұрыннан таныспын. Осындай басқосулар ескі достармен қауышып, студенттік шақтың жарқын естеліктерін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл жүрекке жылу сыйлайтын, университетпен байланысымыздың әлі де берік екенін сезіндіретін ерекше күн, – деп пікір білдірді Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің биохимия кафедрасының доценті Сара Ерджанова.

Денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар дәрігерлер арнайы құрмет медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар биылғы оқу жылының 75 түлегіне жоғары жетістіктері мен белсенділігі үшін «Үздік түлек» төсбелгісі табысталды. Ал 19 лауреат «Университет мақтанышы» сыйлығымен марапатталды. Бұл марапаттар – ҚазҰМУ тарихын өз жетістіктерімен жалғап келе жатқан тұлғалардың еңбегіне берілген жоғары баға. Бұл игі дәстүр университет қабырғасынан қанат қаққан әр буынның басын қосып, кәсіби сабақтастық пен білім ордасына деген құрметті дәріптейтін маңызды мерекеге айналды. Түлектер күні – өткенге тағзым, бүгінге мақтаныш және болашаққа деген сенімнің жарқын көрінісі.

Фото: Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Баспасөз қызметі

Ғасырға жуық тарихы бар ҚазҰМУ бүгінде отандық медициналық білімнің алтын қорына айналған оқу орны саналады. Ректордың айтуынша, бүгінде Қазақстандағы әрбір үшінші дәрігер – ҚазҰМУ түлегі. Бұл көрсеткіштің артында мыңдаған құтқарылған өмір, шипа тапқан науқастар, күрделі операциялар, ғылыми жаңалықтар мен жанкешті еңбек жатыр.

Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов Түлектер күнінің маңызына тоқталып, мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтатынын атап өтті.

Фото: Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Баспасөз қызметі

Бұл түлектеріміздің туған университетімен байланысын үзбей, әрдайым араласып жүруіне мүмкіндік беретін ерекше алаң. Ал университет басшылығы үшін әр буынның жетістігін көріп, сабақтастық дәстүрін жалғастырудың маңызы зор. Биыл 96 жылдық тарихы бар оқу ордасы 120 мыңнан астам дәрігерді даярлап шығарды. Бұл  университеттің ел денсаулығын нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегінің айқын көрінісі, – деді ректор Марат Шоранов.

Университет түлектері арасында денсаулық сақтау, ғылым, білім және спорт салаларындағы көрнекті қайраткерлер, академиктер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, еңбек сіңірген дәрігерлер мен жетекші ғылыми орталықтардың басшылары бар. ҚазҰМУ түлектері Мәншүк Мәметова мен Владимир Иванилов Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Бүгінде ҚазҰМУ жаңа даму кезеңіне қадам басты. Университет құрамында жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен ұлттық ғылыми орталықтар, 8 мектеп пен факультет, 77 кафедра, 3 университеттік клиника және 183 клиникалық база жұмыс істейді. Мұнда әлемнің ондаған елінен келген студенттерді қоса алғанда, 16 мыңнан астам білім алушы оқиды.

Соңғы жылдары университеттің оқу ғимараттары, зертханалары, жатақханалары мен клиникалық базалары жаңартылып, цифрлық қызметтері жетілдірілуде. Ғылыми әлеует күшейіп, халықаралық байланыстар кеңейіп келеді. Мұның бәрі болашақ дәрігерлер мен зерттеушілер үшін заманауи академиялық орта қалыптастыруға бағытталған. QS халықаралық рейтингіндегі бес жұлдызды бағалау, ANaMed Forum секілді ірі ғылыми алаңдардың ұйымдастырылуы және инновациялық экожүйенің дамуы ҚазҰМУ-дың бүгінгі келбетін айқындай түседі. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған, халықаралық деңгейде мойындалған жаңа буын университеті. Мұнда заманауи технологиялар кеңінен енгізіліп, медициналық білім беру сапасы үздіксіз жетілдірілуде. Ал Қазақстандағы әрбір үшінші дәрігер осы қара шаңырақтың түлегі болуы – оқу орнының беделі мен қоғам алдындағы жауапкершілігінің айқын дәлелі.

Түлектер күні – жай ғана мереке емес. Бұл – өткенге құрмет, бүгінге мақтаныш және болашаққа деген сенім. Ғасырға жуық тарихы бар оқу ордасының қабырғасынан түлеп ұшқан мамандардың жетістігі университеттің ең үлкен байлығы болып қала береді. Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған осындай тағылымды кездесулер білім мен тәжірибенің, дәстүр мен жаңашылдықтың алтын көпірі ретінде өз маңызын жоғалтпайды.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here