Жүгіру – ерік күші

0
1043

Қазіргі кезде денсаулық жағдайын, тіршілік пен мәдениет деңгейін кез келген мемлекет пен ұлттардың әлеуметтік-тарихи даму барысы айқындайтындығы белгілі болып отыр. Осыған байланысты адам денесін жетілдіру мен денсаулығын нығайтуға деген саналы түрдегі қажеттілікті мектепке дейінгі мекемелерде ерте жастан бастап қалыптастырып, отбасында, мектеп пен өзге оқу орындарында баянды жалғастыру қажет.

Адам денсаулығы – өмірдегі ең маңызды құндылық болып табылады, сондықтан да әрбір адам мұны ерте сезінуі керек. Сіз өзіңіздің денсаулығыңызға аса мән беріп және әрқашан салауатты өмір салтын насихаттаушы болуыңыз керек. Денсаулықты сатып ала алмайсыз, сондықтан спорт – денсаулық кепілі деп бекер айтпаса керек. Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз, себебі спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата-бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаса керек. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады.

Адамның бұлшық еттері қозғалып жұмыс жасайтын, яғни денеміз қосымша калорияларды ыдырататын кез келген физикалық белсенділік жаттығу деп аталады. Физикалық жаттығулардың жүзу, жүгіру, жаяу жүру, би секілді көптеген түрлері бар.

Мен енді осылардың ішінен жүгіру түрі туралы айтқым келіп отыр. Адам баласы еңбектеу мен жүруден кейін жүгіруді үйренеді. Жүгіру – адам денесін шынықтыру мен денсаулығын нығайтудың ең тиімді түрі деп айта аламын, себебі жүгіру – бұлшық еттердің жұмыс белсенділігін арттырудың оңтайлы және «күй талғамайтын» түрі. Неге «күй талғамайтын» түрі деп айтамыз, себебі ол әрбір адамға қолжетімді, артық шығынды қажет етпейді, ақылы жаттығу залына барудың қажеті шамалы, сонымен қатар қосымша құралдарды талап етпейді. Бұл жаттығудың ең қарапайым әрі жеңіл түрі. Ол – барлығына қолжетімді әрі пайдасы мол спорт. Спорттың бұл түрімен кез келген жерде, кез келген уақытта шұғылдануға болады. Бұған ауа райы мен тау тас та адамға кедергі келтіре алмайды. Жүгіру, спорттық жүгіру – жеңіл атлетиканың негізгі бір түрі екенін бәріміз білеміз. Оның тегіс жерде әр түрлі қашықтықта жүгіру, кедергілі жүгіру, кросс, марафондық жүгіру сияқты түрлері бар.

Мен өз сөзімде жай қарапайым қолжетімді жүгіру жайлы айтқым келеді. Ең алдымен жүгіруді бастамас бұрын әр адам дәрігермен кеңесу керек деп ойлаймын, себебі бұл әсіресе кез келген созылмалы аурулардан зардап шегетін адамдар үшін өте маңызды деп ойлаймын. Мұны айтып отырғаным кейбір ауруларда жүгіруге болмайды. Ол жұқпалы аурудың өткір түрі, тірек-қимыл аппаратының аурулары немесе жарақаты, қан тамырларының және жүректің зақымдануы секілді аурулар.

Сонымен спорттың кез келген түрінде ең қиыны бастау ғой, сондықтан да бойыңыздағы ерік-жігеріңізді жинап, бастап кету қажет. Кейін біртіндеп бұл күнделікті әдетке айналады. Жүгіру – денсаулықтың негізгі кепілі. Күн сайын бір мезгіл жүгіру арқылы сергектік келеді. Ол адамның иммунитетін көтеріп, жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартуға көмектеседі. Сондай ақ қанның жүру көлемі ұлғайып, ас қорыту жұмысы белсенді жүреді. Жүгіру тыныс алу жүйесін де жақсартуға септігін тигізеді, ұйқысыздықтан арылтады, қартаю процесін де тежейді. Әсіресе, таңғы уақыттағы жүгіру адамға жан тыныштығын сыйлайды. Сондай-ақ жүгіруден жаттығуды бастаған кезде бірден көп жылдамдықпен жүгірмей, керісінше жай жүріспен басталу қажет. Мамандардың айтуынша, жүгіріп келіп, бірден тоқтап қалмай және отырмау керек, себебі кеуде қысылып, дем алу бәсеңдей түседі, сондықтан да жүгіріп келе жатып жылдамдықты азайтқан жөн. Сосын барып жүрісті жай жүріске ауыстырып, қолмен жаттығулар жасау керек. Жалпы кез келген адам жүгіруді бастаған кезде біраз ережелерді білген жөн және оларды есіне сақтаған дұрыс. Адам жүгірудің арқасында бойындағы жалқаулық, жауапсыздық сияқты жаман қасиеттерден арылады деп ойлаймын. Керісінше, бойына сенімділік, шыдамдылық деген қасиеттерді сіңіреді. Қазіргі заманда елімізде көптеген адамдар күнделікті жүгіреді деп ауыз толтырып айта алмаймыз, жұмыс орындары отырықшы, көбінесе кеңсе қызметкерлері, ал жастар жағы теледидар алдында, одан қала берді ұялы телефонмен сағаттап отырғанды қалайды. Сондықтан бізде семіздік, неше түрлі аурулар пайда болады, оның бірден бір себебі адамдар жүгірудің біздің денемізге үлкен пайда әкелетін физикалық белсенділік әкелетінін түсінгілері келмейді.

Өкінішке қарай, денсаулықты сақтау мен сырқаттанудың алдын алу шараларымен айналысуға қолымыз тимей жатады. Жұмыс, жалқаулық, уақыт тапшылығы, осы іспен шұғылдануды ертең бастасам да кеш болмас деген ұғым жүйелі сауықтыру жаттығуларының басталуын белгісіз бір уақытқа дейін шегереді. Ал уақыт болса білінбей өте береді. Көп адамдардың түсінігінде жүгіру – бұл ауыр және жан қинайтын жұмыс. Бұл қате ұғым. Оған дәлел: «Жүгіру – кейбіреулер айтқандай ауыр жұмыс емес, ол орасан зор қуаныш, шексіз рахаттану», – деп айтқан Бенджамин Споктың сөзі.

Жүгіру ұғымына қысқаша ғана түсініктеме берсем, жүгіру – ол қолжетімді, денсаулықтың кепілі, ләззат алу, медитация, ерік күші және сұлулық деп айтқым келеді. Жүгірудің басты пайдасы – денсаулықты түзету. Жүгірудің басқа да пайдасына тоқталатын болсам, біздің жүрек-қан тамыр жүйемізді формада ұстайды, стрессті азайтады, салмақты бақылауға көмектеседі, жақсы ұйықтап өзіңізді бақытты сезінуге әсерін тигізеді, ағзаның зат алмасу процесі қалыпқа келеді, қандағы холестерин мөлшері азаяды, айта берсем жүгірудің денсаулыққа тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Мен өзім дәріс беретін білім алушыларыма үнемі спорттың осы қолжетімді түрімен айналысуға ақыл-кеңесімді беріп отырамын. Сонымен қатар, дәріс алушыларыма жүгірудің адамның рухын да тастай берік ететін қасиеті барын түсіндіремін, себебі әрбір дәріс алушының ерік-жігері мықты болып, шыдамды, төзімді болса екен деймін. Таңертең ерте тұруға үйрету арқылы ерік күшіңді шыңдап, басқалар жасай алмаған істі орындап, өз дегеніне жетсе екен деген ой менде. Демек, ол бұдан кейін де өз қалауын орындай алатын, барлық жерде қажетті ерік күшті бойына сіңіріп, салауатты өмір салтын берік ұстанатын шәкірт болса екен деген мақсатым. Осы менің мақаламды оқыған жан жүгірудің қандай пайдасы бар екенін біліп, оны күнделікті өмірде қолдана алады деп сенемін.

Құдаш СЕРІК, Агро-техникалық колледждің дене тәрбиесі мұғалімі.

Талдықорған қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here