Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы Баянғали Әлімжановтың «Алаш пен Манас» атты шығармашылық кеші өтті. Іс-шараға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты.
Палата Спикері аталған әдеби кеш ерекше мәдени-рухани сипатқа ие екенін айтты. Сондай-ақ ол іс-шара ғасырларға жалғасқан қазақ-қырғыз бауырластығының жарқын көрінісі екенін тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қырғызстан – еліміз үшін бауырлас мемлекет екенін үнемі айтып келеді. Соңғы жылдары елдеріміздің өзара қарым-қатынасы жаңа биікке көтеріліп, жан-жақты дамуда. Оның ішінде парламентаралық ынтымақтастықтың қарқынын ерекше атап өткен жөн. Өзара мәдени байланыстарымыздың да жөні бөлек. Бұл ретте Сүйінбай мен Арыстанбек, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Османқұлдың қарым-қатынастары ортақ мәдени мұрамыздың жарқын символы екені анық. Алаш қайраткерлерінің қатарында қырғыз зиялыларының да болғаны тарихтан мәлім. Ал, әдебиеттің қос алыбы – Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың қарым-қатынасы баршамыз үшін зор мақтаныш. Осы орайда «Манас» жыры да адамзатқа ортақ мәдени мұра, түркі халықтарының рухани қуатын көрсететін үздік туынды екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы әйгілі жырдың таралуына, танылуына және Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени ынтымақтастығының нығаюына Баянғали Әлімжанов үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Мәулен Әшімбаев қаламгердің қазақтың ұлттық құндылықтары мен жыр өнерін дамытудағы рөліне де назар аударды.
«Баянғали Әлімжановтың жыршылық таланты ерекше. Ол қазақтың «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» секілді жырларын да кеңінен насихаттауға зор үлес қосты. Ағамыз – қазіргі таңда қазақтан шыққан бірден-бір манасшы деп ауыз толтырып айта аламыз. Сондықтан ол – қазақ пен қырғызға бірдей сыйлы азамат. Осындай шығармашылық кештер мәдени құндылықтарды сақтауға және бауырлас халықтардың мәдени байланыстарын одан әрі нығайтуға үлкен үлес қосады», – деп, Мәулен Әшімбаев жазушыға шығармашылық табыс тіледі.
Өз сөзінде Баянғали Әлімжанов «Манас» жырының ұлттық мәдениетке тигізген зор ықпалына тоқталып, оның жазылу тарихы және қазақ тіліне аударылуы туралы айтты.
Іс-шараға Парламент депутаттары Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылығы, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Елшісінің кеңесшісі Заравшан Курамаев, публицист, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов пен Дархан Мыңбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, сондай-ақ, зиялы қауым, қырғыз этномәдени бірлестігінің мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және тағы басқалары қатысты.