2025 жылғы 21 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінде теоретикалық және ядролық физика саласында ғылыми мектеп қалыптастырған, бірнеше буын ғалымдарды тәрбиелеген көрнекті ғалым, профессор Минал Дінейханның 75 жылдығына арналған ғылыми семинар өтті.
Профессор Минал Дінейхан – қазақстандық теориялық физиканың негізгі тұлғаларының бірі, халықаралық ғылыми қауымдастықта кеңінен танылған ғалым. Оның ғылыми идеялары мен зерттеулері бүгінгі таңда Қазақстан, Моңғолия және халықаралық ғылыми орталықтардағы заманауи ғылыми жобалардың дамуына ықпал етіп келеді.
Іс-шара профессордың өмірі мен ғылыми қызметіне арналған мемориалдық экспозицияның салтанатты ашылуымен басталды. Экспозицияда ғалымның ғылыми жолының негізгі кезеңдері, еңбектері және еліміздің физика ғылымын дамытуға қосқан үлесі ұсынылды. Семинар модераторы – факультет деканы Нұрзада Әбдібекқызы Бейсен.
Семинар жұмысына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР ЭМ ЯФИ, Ұлттық ғылым академиясы, АҚ «Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы», Біріккен ядролық зерттеулер институты (Дубна қ., Ресей), Моңғолия ғылым академиясы өкілдері, сондай-ақ физика-техникалық факультетінің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Қазақстан, Моңғолия және Ресейдің жетекші ғалымдары сөз сөйлеп, профессор Дінейханның отандық теориялық физиканың дамуына қосқан үлесін, оның халықаралық ғылыми беделін және қалыптастырған ғылыми мектебінің бүгінгі жалғасын ерекше атап өтті.
Профессор Минал Дінейхан 1950 жылғы 16 қарашада Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы таулы өңірде дүниеге келген. Ол физика саласында жарқын халықаралық ғылыми жолдан өтті: Моңғолияның Физика және технология институтында, Ресейдің Дубна қаласындағы БЯЗИ-дың теориялық физика зертханасында, Италиядағы Абдус Салам атындағы Халықаралық теориялық физика орталығында қызмет атқарды. Профессор 1989 және 1998 жылдары БЯЗИ-дың теориялық физика саласындағы сыйлығын екі мәрте иеленді.
1998-2013 жылдары аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың теориялық және ядролық физика кафедрасының профессоры ретінде элементар бөлшектер, кванттық жүйелер теориясы және жас ғалымдарды даярлау бағыттарына үлкен үлес қосты.
Профессор 200-ден астам ғылыми жарияланымның авторы, олардың қатарында Springer баспасындағы монография, 10 шолу мақаласы, оқулықтар мен оқу құралдары бар. Оның жетекшілігімен 4 кандидаттық, 2 PhD диссертация, 50-ден астам магистрлік және бакалаврлық жұмыстар қорғалды.
Семинарды қорытындылай келе, факультет деканы Н.Ә. Бейсен төмендегі мәселелердің маңыздылығын атап өтті:
- профессор Минал Дінейханның ғылыми мектебін жалғастыру;
- ғылыми дәстүрлер сабақтастығын сақтау;
- фундаменталды зерттеулердің жоғары деңгейін қолдау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Қатысушылар профессордың ғылыми әрі адами келбетін құрметпен еске алып, оның отандық ғылымға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің
теориялық және ядролық физика кафедрасының
физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор
Белисарова Ф.Б.









