ҚР ІІМ Ұлттық ұланының кинологі Астанада көпір үстінде ер адамды құтқарып қалды

0
760

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінің ефрейторы Достық Жақсылық (видеода – қара жейдеде) елордадағы көпір үстінде болған оқыс оқиғаның алдын алып, бір азаматтың өмірін сақтап қалды.

Оқиға 21 маусымға қараған түні сағат 00:30 шамасында Көктал көшесінің бойындағы «Сарқырама» көпірінде болған. Жедел қызметтерге 1996 жылы туған ер адамның көпір қоршауынан асып тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, ол ауыр күйзеліс жағдайында болған.

Қызметтен кейін үйіне қайтып бара жатқан ефрейтор Д. Жақсылықтың батыл әрі жедел әрекетінің нәтижесінде полицейлер келгенге дейін жағдайдың ушығуына жол берілмеді. Адам өміріне қауіп төніп тұрғанын байқаған әскери қызметші ойланбастан ер адаммен диалог орнатып, назарын басқа жаққа аударуға тырысқан.

«Басында таза ауаға шыққан біреу шығар деп ойладым, – дейді ефрейтор. – Бірақ жақындай бергенімде, оның жағдайы қалыпты еместігін түсіндім. Қоршаудан асып, бір қолымен ғана ұстап тұр екен. Мұндай сәтте ойланып тұруға уақыт жоқ – әрекет ету керек».

Сабыр мен байыптылық танытқан жауынгер ер адаммен сөйлесіп, оны тыныштандыруға тырысқан. Осы сәтте жанынан өтіп бара жатқан тағы бір азаматпен бірлесіп, ер адамды қоршаудың бергі жағына тартып шығарған. Осылайша қауіпті жағдайдың алдын алды.

Құтқарылған азаматқа шұғыл түрде медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Қазір ол мамандардың бақылауында.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here