Республика күні қарсаңында ҚазҰУ-да экология мен инновацияға басымдық берілді

0
301

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жасыл бастамалар, ғылыми жаңалықтар мен әлеуметтік жобалар бір арнаға тоғысты. Қалашыққа 65 түп ағаш отырғызылып, аккумуляторларды қайта өңдейтін пилоттық цех ашылды. «Алтын күз» жәрмеңкесі де ғылымның қоғам игілігіне қызмет етуі, экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мәселелерін қамтыды.

Қоршаған ортаны қорғау бүгінгі таңда тек табиғи ресурстарды сақтаумен шектелмейді. Ол – қоғамның экологиялық санасын қалыптастыруды, ғылыми ізденістерді тәжірибемен ұштастыруды және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезінуді талап ететін маңызды міндет. Осы тұрғыдан алғанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жүзеге асырылып жатқан бастамалар білім ордасының экологиялық мәселелерге кешенді көзқарасын танытады. Игі шараға ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты. Оның барысында 30 қарағай мен 35 бөртегүл көшеті егіліп, оқу ғимараттары мен жатақханалар маңындағы жасыл желек қоры толықтырылды. Бұл университеттің қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған жүйелі жұмысының жалғасы. 2021 жылдан бері кампус аумағында 3000-нан астам ағаш отырғызылған. Соның ішінде жатақханалар маңына 2200 қарағай, кітапхана алаңына 100 қарағай егілген. Сонымен қатар спорт кешені аумағына 250 шырша, қалашықтың өзге бөліктеріне 250 жеміс ағашы отырғызылған. Аталған көрсеткіштер университет кеңістігін көгалдандыруға айрықша мән берілетінін аңғартады. Жасыл желек қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етумен қатар, студенттер мен қызметкерлер үшін қолайлы орта қалыптастырады. Ең маңыздысы, мұндай шаралар табиғатты қорғау мәдениетін күнделікті өмір салтына айналдыруға мүмкіндік береді. Экологиялық тәрбие тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, өндірістік қалдықтарды азайту және оларды қайта өңдеу де тұрақты дамудың негізгі шарттарына жатады. ҚазҰУ-да қолданылған аккумуляторларды қайта өңдейтін пилоттық цехтың ашылуы осы бағыттағы ғылыми ізденістердің практикалық маңызын айқындайды.

Ғылымнан өндіріске: аккумуляторларды қайта өңдеудің жаңа мүмкіндігі

Республика күні қарсаңында ҚазҰУ базасында қолданылған литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеуге арналған пилоттық цех іске қосылды. Жаңа өндірістік алаңда аккумуляторларды өңдеу технологиялары сынақтан өткізіліп, олардың құрамындағы бағалы металдар мен пайдалы материалдарды бөліп алу жолдары зерттеледі. Электрондық құрылғылар мен электр көліктерінің кеңінен таралуы литий-ионды аккумуляторларды пайдалануды арттырды. Ал жарамсыз батареяларды тиісті талаптарды сақтамай тастау қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан оларды қауіпсіз өңдеу, құрамындағы материалдарды қайта пайдалану және бағалы компоненттерді айналымға қайтару – қазіргі экологиялық саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Жаңа цехтың қызметі «Таза Қазақстан» акциясының мақсаттарымен де үндеседі. Оның ашылу рәсіміне университет басшылығы, отандық ғалымдар, шетелдік қонақтар, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Жиында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева ғылыми зерттеулерді дамыту және инновациялық технологияларды өндіріске енгізу қажеттігіне тоқталды.

Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту отандық ғалымдардың қолданбалы зерттеулер жүргізуіне жол ашып, ғылыми жаңалықтардың тәжірибеде жүзеге асуына мүмкіндік береді. Әсіресе қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ғылыми жобалар экологиялық мәселелерді шешуге және тұрақты даму қағидаттарын іске асыруға үлес қосады, – деп пікірін білдірді Алина Галеева.

Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ғылыми бастамалар тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруда ерекше орын алады. Цех жетекшісі Фёдор Мальчик қайта өңдеу үдерісінің негізгі кезеңдерін таныстырды. Оның түсіндіруінше, алдымен аккумуляторлар қауіпсіз түрде қуатсыздандырылады. Одан кейін ұсақталып, құрамындағы материалдар жекелеген фракцияларға бөлінеді. Осы үдерістің нәтижесінде белсенді заттары бар «қара масса» алынады. Алдағы уақытта осы шикізаттың құрамынан бағалы компоненттерді бөліп алу көзделіп отыр. Пилоттық алаңға аккумуляторларды ұсақтауға арналған Fante 400 қос білікті шредері, материалдарды өлшеміне қарай сұрыптайтын DZSF-515 дірілдеуіш елеуіші және компоненттерді бөлуге арналған NG-706 құрылғысы орнатылған. Қатысушылар жаңа жабдықтармен танысып, қайта өңдеу жұмыстарының технологиялық кезеңдерін көрді. Жобаның маңызы – қалдықтарды жай ғана жоюда емес, олардың құрамындағы пайдалы шикізатты қайта айналымға қосу мүмкіндігін зерттеуде. Дегенмен мұндай технологиялардың экологиялық және экономикалық тиімділігі өндірістік сынақтардың нәтижесімен, алынатын материалдардың сапасымен және қауіпсіздік талаптарының сақталуымен бағаланатыны анық. Пилоттық цех бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жоба шеңберінде ашылды. Бұл бастама университеттегі ғылыми әлеуетті нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағыттаудың маңызды үлгісі саналады.

«Алтын күз»: креативті идеялар мен ұлттық құндылықтар алаңы

Университеттегі ғылыми-инновациялық бағыттың тағы бір көрінісі Республика күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі «Алтын күз» креативті және инновациялық идеялар жәрмеңкесінен байқалды. Ашық аспан астында өткен мерекелік шара оқытушыларды, қызметкерлерді және студент жастарды ортақ алаңға жинап, білім, кәсіпкерлік, шығармашылық пен ұлттық дәстүрді бір арнаға тоғыстырды. Кампус аумағы мерекелік кейіпке еніп, әр факультет өз дастарқанын жайды. Қонақтарға түрлі тағамдар ұсынылып, университеттің агробиостанциясында өсірілген жеміс-жидектер мен көкөністерді сатып алуға мүмкіндік берілді. Жәрмеңке осылайша студенттердің бастамаларын таныстырумен қатар, университеттің ғылыми және шаруашылық әлеуетін көрсету алаңына айналды. «Әл-Фараби» кітапханасының алдындағы кеңістікте жас ғалымдар мен студенттердің бірқатар инновациялық жобасы таныстырылды. Олардың қатарында AIQaz-Media, KazNU Ilearn, Zhurek AI және AlfaBrain жобалары бар. Бұл бастамалар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы ізденістердің білім беру ортасында кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Жәрмеңкеде «Оқитын ұлт» жобасына да орын берілді. Осы бастама аясында «Adal Kitap», «Alash Book», «Альманахъ», «Дарын», «Jogary Bilim», «Лантар books» және «Қазақ университеті» баспалары өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Кітап көрмесі білім мен зияткерлік дамудың маңызын айқындаса, отандық баспалардың қатысуы оқу мәдениетін насихаттауға ықпал етті. Мерекелік алаңда Darhan Radio медиаплатформасы да белсенділік танытып, келушілерге арнайы сыйлықтар ұтысын ұйымдастырды. Ал «Жас шебер» стартапының тоқыма бұйымдары мен зергерлік әшекейлері қолөнерге қызығатындардың назарын аударды. Студенттердің Республика күніне арнаған көркем туындылары шығармашылық ізденістің тағы бір қырын танытты.

Ұлттық спорт алаңында қазақ күресі, асық ату, арқан тарту және тоғызқұмалақ бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар ұлттық ойындар арқылы өз шеберліктерін сынап, халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеуге үлес қосты. Осылайша, заманауи технологиялар мен дәстүрлі құндылықтар бір кеңістікте тоғысты. Жәрмеңкенің ауқымын айқындаған ерекшеліктердің бірі – қонақжайлық пен ортақ дастарқан мәдениеті. Шара барысында жиналған жұртқа 1000 келі палау мен 500 келі бауырсақ таратылып, «Zamran» сусыны ұсынылды. Сонымен бірге келушілер түрік дәстүріне сай құм үстінде кофе дайындау тәсілімен танысып, хош иісті сусыннан дәм татты. Бұл көріністер мерекенің тек сауда-саттық пен ойын-сауықтан тұрмағанын аңғартады. Әртүрлі факультет өкілдері мен қонақтардың бір ортаға жиналуы, өзара тәжірибе алмасуы және шығармашылық жұмыстарды тамашалауы университеттік қауымдастықтың бірлігін нығайтты. «Алтын күз» жәрмеңкесінің маңызды бағыттарының бірі қайырымдылыққа арналды. Қатысушылардан түскен қаражаттың көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауға бағытталуы мерекенің әлеуметтік мәнін тереңдете түсті.Биология және биотехнология факультетінің екінші курс студенті, «Ашық жүрек» студенттік ұйымының мүшесі Айжан Төрехан жәрмеңкеге арнап картоп қосылған бәліштер мен салаттарды өздері дайындағанын айтты. Ұйым мүшелері түскен қаражатқа азық-түлік сатып алып, тұрмысы төмен отбасыларға таратуды жоспарлап отыр. Бұл бастама студент жастардың әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетеді. Қайырымдылық арқылы олар азаматтық жауапкершілікті іс жүзінде танытып, қоғамға пайдалы болудың мәнін түсінеді. Мұндай тәжірибе жас ұрпақтың бойында жанашырлық, ынтымақ және ортақ іске үлес қосу қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Биология және биотехнология факультетінің деканы Мейрамкүл Нармұратова да жәрмеңкенің мазмұнына тоқталды. Оның айтуынша, факультеттің жеке агробиостанциясында өсірілген көкөністер мен жемістердің бір бөлігі мерекелік саудаға шығарылған. Бұл – университеттегі білім мен тәжірибенің, ғылыми және шаруашылық жұмыстың өзара байланысын көрсететін мысал. Ал Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенті Сымбат Мақұлбекова жәрмеңкенің көтеріңкі көңіл күй сыйлағанын жеткізді. Ол қатысушыларға ұсынылған тағамдарды, ұлттық ойындарды және концерттік бағдарламаны мерекенің ерекше тұстары ретінде атап өтті. Шара соңында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама мерекелік көңіл күйді одан әрі жалғастырды. Ал экологиялық бастамалар аясында ағаш отырғызу жұмыстарының жүргізілуі жәрмеңкенің қоғамдық мазмұнын толықтырды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі бұл үш бастама бір-бірінен бөлек көрінгенімен, түпкі мақсаты ортақ. Жасыл кампус қалыптастыру табиғатқа жанашырлықты нығайтса, аккумуляторларды қайта өңдейтін пилоттық цех ғылыми жаңалықтарды тәжірибеге енгізудің маңызын көрсетеді. Ал «Алтын күз» жәрмеңкесі білім мен инновацияны, кәсіпкерлік пен шығармашылықты, ұлттық құндылықтар мен қайырымдылықты бір арнаға тоғыстырды. Университеттің қоғамдық рөлі тек маман даярлаумен өлшенбейді. Ол – ғылыми ізденісті нақты мәселелерді шешуге бағыттайтын, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыратын және қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды орта. Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ-дағы бастамалар экологиялық мәдениет пен әлеуметтік жауапкершілікті білім беру кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналдыруға бағытталған. Оның нәтижесі жүйелі жұмыстан, ғылыми негізделген шешімдерден және әр адамның ортақ іске қосқан үлесінен көрінеді. Сондықтан ағаш отырғызудан бастап, қалдықтарды қайта өңдеу технологияларын дамытуға, студенттік стартаптарды қолдаудан қайырымдылыққа дейінгі әрекеттердің барлығы болашаққа бағытталған жауапты қадамдар саналады. Республика күні қарсаңындағы бұл бастамалар ел дамуының маңызды тіректері – білім, ғылым, экологиялық сана және азаматтық жауапкершілік екенін тағы бір мәрте аңғартты. Өйткені жасыл әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, жаңа технологияларды игеру және қоғам игілігі үшін еңбек ету – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек алдындағы ортақ парыз.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here