Ақтөбедегі әскери оқу бөлімі 1993 жылы 30 маусымда Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлер қолбасшысының бұйрығы бойынша құрылды. Екі айдан кейін № 6 түзеу колониясын күзетуге, теміржол вагондарында қамауға алынған сотталушыларды айдауылдауға, облыс орталығындағы қоғамдық тәртіпті сақтауға міндеттеліп, толыққанды полк мәртебесін алды. Әскери бөлім 2013 жылдың наурызында ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының құрамына кірді. Бүгінде ол жоғары әскери дайындығымен, отансүйгіштігімен, әскери антына адалдығымен, әлеуетін әрдайым жетілдіруімен ерекшеленеді.
Өткенге көз жүгіртсек, Кеңес Одағы ыдыраған соң қолда қалған азды үнемдеп, тәуелсіздік таңы атқанда мүлдем жаңа әскери бөлім құра білген азаматтарды ризашылықпен еске аламыз. Подполковник Бақыткерей Сейіткерейұлы Қуатов полктің алғашқы командирі болып тағайындалды. Әскери бөлімге әртүрлі кезеңдерде полковниктер Манас Бадыханұлы Могулов, Жұмабек Хатиоллаұлы Ахметов, Асылбек Қасымұлы Жексембаев, Рысбек Қалкенұлы Көшербаев, Сағитжан Хамидуллаұлы Тазабеков, Юрий Васильевич Фомченко, Ерлан Иағалиұлы Чокушев, Талғат Нұрзатұлы Әбікешов, подполковниктер Айдос Қайтбергенұлы Садыров, Еркен Айтмұханұлы Жаңабергенов, майорлар Нұрлан Оралбекұлы Миртаев, Мамай Ноғайбайұлы Құрмантаев сынды азаматтар басшылық етті. Қазір әскери бөлімді полковник Мирас Құдайбергенұлы Тұрдалин басқарып келеді.
Әскери бөлімнің даму кезеңдерін бір мақалада баяндау мүмкін емес. Оны газет беті көтермейді. Ең бастысы – ұжымның бірлігі. Сондай-ақ, бөлімнің әлеуетін жетілдіру, Ақтөбе қаласы азаматтарының конституциялық мүдделерін қорғау міндетіміз екенін жақсы түсінеміз. 2004 жылы 5 маусымда ҚР ІІМ Ішкі әскерлер Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Дәулет Салханов 6655 әскери бөліміне Қазақстан Президентінің Алғыс хаты мен жауынгерлік туды табыс етті. Бұл Мемлекет басшысының сенімі мен еңбегімізге деген құрметінің белгісі. Жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарған әскерилерге берілген жоғары баға.
Ондаған жылдар өтсе де, әскери қызметтегі сәттер адам жадысынан ешқашан өшпейді. Әскери сапта жүздеген офицерлер мен келісімшартпен қызмет істейтін сарбаздар болды. Бай тәжірибесі мен білімін жастармен бөлісіп, оларды міндетін абыроймен атқаруға жұмылдырған ардагерлерімізге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Борышын, азаматтық ұстанымын сақтай отырып, патриоттық сезіммен өтей білген подполковниктер Сәлімгерей Қабылов, Юрий Цыганов, Серік Ерғалиев, Самиғолла Сидағалиев, Бағдәулет Нұрмұханов, майорлар Жангелді Ибраев, Михаил Македон, Бақберген Әнешов, Салтанат Мусина, капитандар Мәлік Сайлағалиев, Гүлмира Китанова, прапорщиктер Асан Қуанов, Екатерина Власова, Михаил Чучвага, Ербол Ізтілеуов, Еркінғали Боранқұлов, старшина Ирина Киян, аға сержанттар Ирина Балмағамбетова, Ақбөкен Нағметов және т.т. Сондай-ақ, ҰОС тыл ардагері, запастағы аға прапорщик Карп Иванович Малоиванның ардагерлер кеңесінің мүшесі болғанын атап өткім келеді.
2016 жылы 5 маусымда 6655 әскери бөлімге жасалған шабуыл ерекше назар аударуға тұрарлық оқиға. Жанын шүберекке түйіп, экстремистерге тойтарыс берген әскерилердің ерлігі жоғары бағаланды. ҚР Президентінің 2016 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығымен әскери міндетін үлгілі орындағаны үшін, заң мен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін ҚР ОВКР ҰҚК офицері, майор Даниэль Майлыбаев (қаза болғаннан кейін) ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталғандар – қатардағы сарбаз Бақтияр Қайырбеков, кіші сержант Берікжан Қалиев (қаза болғаннан кейін), қатардағы сарбаз Досбол Сапаров (қаза болғаннан кейін); «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталғандар – қатардағы сарбаз Сырым Сүндетов пен Денис Чернышев.
2017 жылы 10 қаңтарда бөлім аумағында қаза тапқандарды еске алу мақсатында мемориалды тақта ашылды. ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен ескерткіш тақтасының тізіміне 6655 әскери бөлімінің екінші атқыштар ротасының кіші сержанты Берікжан Қалиев, жедел мақсаттағы батальонның екінші ротасының қатардағы жауынгері Досбол Еркінбекұлы Сапаров мәңгілікке кірді.
ҚР ІІМ бұйрығымен аға сержант Ғабит Балжанов, сержант Ирина Балмағамбетова, сержант Сатыбай Рахмет, ефрейторлар Еламан Жанділдаев, Жеңіс Табынбаев, қатардағы жауынгерлер Артем Авдеев, Ілияс Қарақойшы, Ақжол Шайсұлтан, Исламжан Тұрсын «Құқық тәртібін қамтамасыз еткені үшін» медалімен марапатталды.
Әскери бөлімнің тарихында көптеген жетістіктер бар. Мысалы, 2006 жылы жауынгерлік қызметтің нәтижелері бойынша полк бірінші орынды иеленді. Бұл подполковник Айдос Садыровтың басшылығы кезінде болды.
Әскерилеріміз жауынгерлік борыштарын жұмыста да, күнделікті өмірде де ерен ерлік көрсете орындайды. Қауіп-қатерге тап болған ел азаматтарына қол ұшын созуға әрдайым дайын. Мәселен, 2009 жылы сержант Ержан Миниязов суға батып бара жатқан қызды құтқарып, батылдық танытып, жедел әрекет еткені үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 2010 жылы сержант Айбат Кәрімов қызыл жалынға оранған кафеден әйелді құтқарып, төрт газ балонын қауіпсіз жерге шығарды. Сондай-ақ, сержант Мержан Жолдыбаев пен сержант Жасұлан Борқұлақов өртке оранған көліктің ішінен әйелді құтқарып, «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 2011 жылы Кеңқияқ кентіндегі экстремистерді ұстау барысында Сейітжан Құлжанов жарақат алды. Артынша әскери борышын үлгілі орындап, заң мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен жанқиярлығы үшін І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
2013 жылдың 13 шілдесінде бөлімге оралған капитан Милас Кабошев көп қабатты тұрғын үйдің терезесінен қалың түтін шыққанын байқайды. Офицер тұншығып қалу қаупі басым аймақтардан тұрғындарды эвакуациялауды шұғыл түрде ұйымдастырды. Он екі адамды шығарған капитан «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлеріне 20 жыл» медалімен марапатталып, мерзімінен бұрын майор шені берілді.
2014 жылдың сәуірінде әскери бөлімнің аумағында тәжік-ауған шекарасында қаза болған Ішкі әскердің он жеті батырына мәрмәр тақта орнатылды. Сол жылдың маусымында жеке құрам аса маңызды нысан Байғанин ауданына қарасты Жарқамыс кенті маңындағы тұрақты орналасу пунктінен оқшауланған мұнай кенін қорғау міндетін атқарды. 2018 жылдың желтоқсан айында ефрейтор Рысқали Еңсепбаев адамдарды өрттен құтқарғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 2020 жылдың маусымында ефрейтор Андрей Петров зорлаудан қызды арашалағаны үшін «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Өткен жылдың мамыр айында полк командирі Мирас Тұрдалин әскери бөлімнің үздік жауынгерлік қызметі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Әскери бөлімге 2020 жылдың 4 желтоқсанында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ұлттық ұланының Бас Қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтар облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен бірге келді. Олар болашақ бригадаға арналған казарманың күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Карантиндік шаралардың сақталуын, әскери қалашықтың инфрақұрылымы мен құрылысын, сарбаздардың тұрмыстық жағдайларын қарап шықты. Сарбаздар асханасында және жауынгерлік басқару орталығының командалық пунктінде болдық. Бүгінгі таңда «Батыс өңірлік» қолбасшылығының 6655 әскери бөлімі жеке құрамның саны мен қызметтік-жауынгерлік міндеттерінің көлемі бойынша Батыс Қазақстандағы ең ірі әскери бөлім болып табылады.
Әріптестерімді бөлімнің құрылуына 28 жыл толуымен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, мызғымас бірлік, әскери достық тілеймін! Осылардың арқасында біз кез келген биік белестерді бағындыра аламыз!
Ғани БӨЛКЕБАЕВ,
№ 6655 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтар жөніндегі орынбасары, подполковник