Мал шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылды

2
923

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын жеңілдетілген несие арқылы қаржыландыру бағдарламасының іске қосылғанын ресми түрде хабарлады. Бағдарлама мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының бөлігі ретінде жүзеге асырылады. Бағдарлама ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан Мемлекет басшысының мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруді арттыру бойынша тапсырмасын жүзеге асыру аясында әзірленген.

Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Экономикалық саясаттағы басты басымдық – агроөнеркәсіптік секторды кешенді дамыту болып отыр. Бұл сала тікелей 7,4 миллион азаматымыздың, яғни халықтың 36 пайызының тұрмыс деңгейіне және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етеді», – деп айтқан болатын.

Соңғы жылдары саланы қаржыландыру бірнеше есеге артқанын байқауға болады. Атап айтқанда, өткен жылы фермерлерге арналған жеңілдетілген несиеге алғаш рет бір триллионнан астам теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығын қолдауға бұған дейін ешқашан мұндай ауқымды көмек көрсетілмеген, бұл туралы аграрлық сектор өкілдері өздері де айтып отырғанын атап өтті Президент.

Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында жаңа жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылды, оның сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-ды құрайды.

Қаржыландыру мына шарттар бойынша жүргізіледі:

  • жеңілдетілген мөлшерлеме – жылдық 6%;
  • мал шаруашылығы саласының ерекшеліктерін ескере отырып, несие мерзімдері икемді түрде белгіленеді;
  • қаржыландыруды «Аграрлық несиелік корпорация» филиалдары, несиелік серіктестіктер және екінші деңгейлі банктер арқылы алу мүмкіндігі бар.

Несие қаражаты малды сатып алуға, азықтандыру алаңдарын дамытуға бағытталуы тиіс.

Мал шаруашылығын дамыту кешенді жоспарын жүзеге асыруға 300 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Жоспар бойынша ірі қара мал басы 7,9 миллионнан 12 миллионға, ал ұсақ мал – 20,2 миллионнан 28 миллионға жеткізілуі көзделген. Сонымен қатар, ет өндірісі 1,2 миллионнан 1,8 миллион тоннаға өсіп, оның экспорты екі есеге – 82 мыңнан 165 мың тоннаға артады деп күтілуде.

Жоспарда біртұтас жеңілдетілген несие өнімін енгізу де қарастырылған, ол жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға және жайылым инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Жылдық мөлшерлемесі – 6%, осы жылы қаржыландыру көлемі – 50 млрд теңге. Сонымен қатар, жемдік құрал-жабдықтар мен техниканы сатып алу үшін 5% мөлшерлеме бойынша 50 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған.

Мал шаруашылығын дамытудың айналымдық қаражаттарын толықтыру мақсатында жылдық 5% мөлшерлемемен 225 млрд теңге көлемінде несие бағдарламасын іске қосу жоспарланған. Қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру үшін «Даму» қоры арқылы несие кепілдігі механизмі қолданылады.

2025 жылы АӨК саласын жалпы қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгені құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 6,4 есе көп (2015 жылы – 169 млрд теңге). 2025 жылы көктемгі егіс пен жинау жұмыстарын қаржыландыруға 700 млрд теңге бөлінді; өңдеу кәсіпорындарының айналымдық қаражаттарына – 100 млрд теңгеден астам; азықтандыру алаңдарына – 12 млрд теңге; ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу үшін – 269 млрд теңге қарастырылды.

«Несие қаражаты саланы дамытудың негізгі бағыттарына жұмсалмақ. Бірінші кезекте, малды сатып алу, сондай-ақ азықтандыру алаңдарын құру және кеңейту көзделген», ­– деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінде.

Жеңілдетілген несие бағдарламасының іске қосылуы аграрлық секторға мемлекеттік қолдаудың маңызды құралы болмақ және Қазақстандағы мал шаруашылығының дамуына қосымша серпін береді.

Қолжетімді қаржыландыру аграрларға өндірістік қуатты кеңейтуге, шаруашылық тиімділігін арттыруға және мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, бағдарламаны іске асыру ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға және Қазақстан аграрлық секторының экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етуі мүмкін.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

2 Пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here