Олжас Бектенов биыл 53 вокзалды қайта жаңғыртуды тапсырды

0
177

Биыл еліміздің 53 теміржол вокзалын реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында айтты.

Министрдің айтуынша, қазір бұл жобаларды қаражатпен қамтамасыз ету мақсатында халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

− Жалпы, теміржол саласындағы жобаларды жүзеге асыру 20 жылдағы әлеуметтік-экономикалық бағытта 11 трлн теңге болатын мультипликативті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2025-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсіміне шамамен 0,4-тен 1% деңгейінде үлес қосуға ықпал етеді, − деді Марат Қарабаев бүгінгі Үкімет отырысында.

Сонымен бірге, министр барлық жоба бойынша биылғы сәуір айында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланғанын айтты.

Премьер-министр Олжас Бектенов вокзалдарды жаңғырту мәселесіне ерекше тоқталды.

− Вокзалдар бойынша өзіңізге тапсырма берген болатынмын. Бұл өте маңызды, еліміздің имиджіне, беделіне өте әсер ететін мәселе. Сондықтан оны биыл аяқтау қажет, тиісті қаржыландыру қажет, – деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, биыл Қазақстанның 5 мың шақырымға жуық теміржолы жаңғыртылады. «Қызылжар – Мойынты» жаңа теміржол желісі салынады, «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелері жаңғыртылады.

Елімізде жалпы саны 59 вокзал бар. Олардың басым бөлігі «Қазақстан темір жолының» балансында, ал Алматы-1, Алматы-2, Павлодар, Екібастұз, Ақсу, Түркістан және Шымкент вокзалдары әкімдіктердің қарамағында.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here