Сұмдық статистика: Қазақстан картасынан 83 ауыл жойылды, тағы 100 елді мекен тізімге енді

0
253

Қазақстанда 2025 жылы 83 елді мекен ресми түрде таратылып, ел картасынан жойылды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жабылған ауылдардың 80 пайызы еліміздің солтүстік өңірлерінде орналасқан. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы және Павлодар облысы аумақтарында 68 ауыл жабылған. Бұл елді мекендерде халық саны 50 адамға да жетпейді. Солтүстіктің өзінде 45 ауыл мүлде картадан жойылған. Бұл туралы «31 арнаның» «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы хабарлады.

Шенеуніктер санаулы ғана үй қалған ауылдарды ұстап тұру экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін алға тартады. Қазіргі таңда тағы 100 елді мекен «болашағы жоқ ауылдар» санатына енгізілген. Сол тізімде Красноперовка ауылы да бар.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мектептердің жабылуы мен жұмыссыздық халықтың жаппай көшуіне себеп болған. Жайылым жердің тапшылығы да жағдайды ушықтырған.

Қоғам белсендісі Қайрат Дүйсенбінің пікірінше, урбанизация үдерісі Тәуелсіздік жылдарындағы жекешелендіруден кейін күшейген. Совхоздар таратылып, ауылда тұрақты жұмыс көздері жойылған соң халық қалаға көшуге мәжбүр болды. Ол ауыл шаруашылығын дамытып, кәсіп бастауға нақты қолдау көрсетпейінше жағдай өзгермейтінін айтады.

Әлеуметтанушылар да инфрақұрылымы әлсіз, мектебі мен ауыз суы жоқ ауылдарға көшірілген азаматтардың ұзақ тұрақтамай, қайта қоныс аударып жатқанын атап өтеді.

Айта кетейік, Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда екі мыңға жуық ауыл біржолата жойылған.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here