Кегенге келген серпін: ел үмітін арқалаған сапар

0
368

Жетісудың жауһар табиғатын бауырына басқан Кеген ауданы тағы бір маңызды күнді бастан өткерді. Өңірге жұмыс сапарымен келген Марат Сұлтанғазиев ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып қана қоймай, ел көкейіндегі өзекті мәселелерге құлақ түрді. Бұл сапар – жай ғана ресми кездесу емес, халық пен билік арасындағы ашық диалогтың, нақты міндет пен жүйелі жоспардың айқын көрінісі болды. Әр нысан, әр бастама – ауыл өмірінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Облыс басшысы ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау нысандарының ашылуына қатысып, бірқатар құрылыс жобаларының жүзеге асу барысын қадағалады. Жұмыс сапары Саты ауылдық мәдениет үйінда аудан активімен кездесуден басталды. Мұнда аудан әкімдігі өкілдері өңірдегі қазіргі ахуал жөнінде баяндады.

Аудан әкімінің орынбасары Медет Исаев салалық бөлім басшыларымен бірге тұрғын үй құрылысы, ауызсу жүйесінің жұмысы, білім беру мен әлеуметтік саланың дамуы, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобалар туралы кеңінен ақпарат ұсынылып, тұрғындармен есептік кездесу өтті. Айта кетейік, басқосуға облыстық басқарма жетекшілері, прокуратура және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.

Өңір өркендеуінің өрнекті жолы

 Шара барысында, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өз баяндамасында өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын жариялап, алдағы кезеңнің басым міндеттерін айқындады.

– Кеген ауданында тұрғындарды толғандырған 193 проблемалық мәселенің нақты тізімі жасақталған. Оның 78-і өз шешімін тауып, ел игілігіне қызмет ете бастаса, қалған 115 мәселе кезең-кезеңімен жүйелі түрде шешімін табу үстінде. 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу, жер телімдерін заңдастыру және бөлу, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мен дамыту, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізу көзделген. Бұл – ауданның алдағы бес жылдағы даму бағытын айқындайтын нақты қадамдар. Алдағы кезеңде инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру басты басымдықтардың біріне айналмақ. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ауыл шаруашылығы салаларындағы ауқымды жобалар өз жалғасын табады. Осы бағыттағы жұмыстардың барлығы елдің әл-ауқатын арттырып, Кеген өңірінің өркендеуіне серпін беретініне сенім мол, – деп атап өтті Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы.

Кездесу барысында тұрғындар медициналық қызмет сапасы, ауызсумен қамту, электр желілерінің тұрақтылығы мен жолдардың жай-күйі жөнінде өзекті сауалдарын жолдады. Барлық сұрақтарға салалық мамандар тарапынан нақты жауап беріліп, облыс әкімі әрбір өтініш бақылауда болатынын айтып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

– Аудан экономикасы ең алдымен ауыл шаруашылығына сүйенеді. Сондықтан бұл бағытқа айрықша мән беру қажет. Сонымен қатар табиғаты ерекше өңірдің туристік әлеуетін дамыту маңызды, – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.

Сол күні Қарабұлақ ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Салтанатты шарада өңір басшысы шалғай елді мекендердегі денсаулық сақтау жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Кілт аудандық аурухана директоры Қуаныш Бөлегенұлына табысталды.

Облыс әкімі жұмыс сапары аясында Жалағаш ауылында салынып жатқан құны 1,1 млрд теңгеден асатын спорт кешенінің құрылыс барысымен де, танысты. Өңір басшысы заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ Жылысай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш.

Облыс әкімі республикалық «Кеген–Нарынқол» тас жолы бойындағы Compass жанармай құю станциясының құрылыс алаңына да барды. Жобаны «Новая АЗС» ЖШС-нің бас директоры Алексей Белов таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сапар қорытындысында өңір басшысы Кеген ауданы мен Райымбек ауданының даму қарқыны тұрақты екенін атап өтті. Әсіресе, шекара маңындағы аумақтарды қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағыттарына басымдық берілетінін жеткізді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кегендегі кездесулер мен ашылған жаңа нысандар – өңір дамуының нақты дәлелі. Ауыл шаруашылығын өркендету, инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасатынын көрсетті. Халықтың сенімі мен атқарушы биліктің жауапкершілігі тоғысқан тұста ғана аймақтың еңсесі биіктейді. Кегеннің келешегі – бірлік пен еңбекке, тың бастамалар мен табанды іске негізделген жарқын болашақ екені айқын сезілді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here