Көші-қон саясаты: Қазақстанға тұрақты тұрудың жаңа тәртібі

0
1169

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан көші-қон саясатын кезең-кезеңімен жетілдіріп келеді. Әлемдік геосаяси ахуал құбылып, еңбек нарығы жаһанданған тұста әр мемлекет өз шекарасын ғана емес, ішкі тұрақтылығы мен ұлттық мүддесін де қорғауға мүдделі. Осы тұрғыдан алғанда 13 ақпаннан бастап күшіне енген жаңа талаптар – елге келіп, тұрақты өмір сүруді қалайтын шетел азаматтарына қойылатын заңдық сүзгінің жаңарған үлгісі. Бұл жолы талап жай ғана құжат жинаумен шектелмейді. Енді елімізде тұрақты тұруға ниетті жан алдымен мемлекеттік тілдің қарапайым деңгейін меңгергенін дәлелдеуі тиіс. Одан кейін жасанды интеллект арқылы цифрлық бағалаудан өтіп, сұхбат кезеңінен өтеді. Яғни, жаңа жүйе адамды тек формалды тұрғыда емес, оның әлеуметтік, экономикалық және мәдени әлеуетін жан-жақты саралауға бағытталған.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – БЕЙІМДЕЛУДІҢ БАСПАЛДАҒЫ

Мемлекеттік тіл – елдің рухани өзегі. Сондықтан, қазақ тілінен А1 деңгейінде тест тапсыру талабы халықаралық тәжірибемен салыстырғанда жұмсақ болғанымен, елге деген құрметтің, қоғамға бейімделудің алғашқы баспалдағы саналады. Бұған қоса, цифрлық платформа арқылы балдық жүйемен бағалау – ашықтық пен айқындыққа қадам. Бұл тәсіл көші-қон үдерісін адами фактордан барынша арылтып, шешім қабылдаудың әділ тетігін қалыптастыруды көздейді.

Жаңа ережелер тек бақылау емес, сапаны арттыру тетігі. Қазақстанға келетін әрбір адамның білімі, тәжірибесі, денсаулығы, туыстық байланысы мен еңбек әлеуеті нақты сандық көрсеткішпен өлшенеді. Демек, бұл – елдің демографиялық және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі реформа. Ақпаннан бастап елімізде тұрақты тұруға немесе ықтиярхат алғысы келетін шетелдіктер бірнеше кезеңді құрайтын сүзгіден өтеді. Енді жәй ғана құжат тапсыру жеткіліксіз.

«Ең алдымен, біз Қазақстан азаматтарының мүддесін басшылыққа аламыз. Шетелдік жұмыс күші тек нақты кадр тапшылығы бар салаларға ғана тартылады. Көші-қон бағыт-бағдары өңірлер мен нақты жобалардың сұранысына сай қалыптасады. Заң бәріне ортақ. Сондықтан, көші-қон талаптарын бұзғандар жауапкершіліктен сырт айналып кете алмайды. Бұл талап мигранттарға да, жұмыс берушілерге де бірдей қолданылады. Қауіпсіздік елге кіруден бастап, елден шығуға дейін толық қамтамасыз етіледі. Біздің мақсатымыз – Қазақстанға заңды сыйлайтын, мәдениетімізді құрметтейтін адамдардың келуі. Көші-қон мәселесі заңды, қауіпсіз әрі бақылауда болуға тиіс. Тек сонда ғана ол мемлекетіміз бен азаматтарымыздың мүддесіне сай келеді», – деді ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Жаңа талапқа сәйкес, елімізде тұрақты тұрғысы келетіндер қазақ тілін А1 деңгейде білуі керек. Тест app.testcenter.kz порталы арқылы өткізіледі және екі бөлімнен тұрады. Бірінші тыңдалым бөлімінде азамат 20 минутта 20 тапсырмаға жауап береді. Ал, оқылым кезеңінде 50 минутта 40 тапсырма орындау керек. Аталған тесттен өту үшін кем дегенде 30 пайыз сұраққа дұрыс жауап беру шарт. Бұл талап – тіл арқылы қоғамға сіңісудің, әлеуметтік ортаға бейімделудің алғышарты. Өйткені, тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – елдің мәдениеті мен дүниетанымына апарар көпір.

ЦИФРЛЫҚ БАҒАЛАУ: ӘДІЛДІК ПЕН АШЫҚТЫҚҚА ҚАДАМ

Мемлекеттік тіл тестінен өткен соң, өтініш берушінің иммиграциялық әлеуеті бағаланады. Иммигрант migration.enbek.kz порталында сауалнама толтырады. Жасы, білімі, тілдерді меңгеруі, жұмыс және оқу тәжірибесі, кәсіби құзыреттері, денсаулық жағдайы көрсетіледі. Жауаптарға сәйкес жасанды интеллект балл береді.

Көші-қон құқығы бойынша заңгер Александр Чичков балдардың қалай бөлінетінін түсіндірді. Оның айтуынша, адамның жасы мен экономикалық әлеуетін анықтайтын демографиялық көрсеткішке – 100 балға дейін беріледі. Білімі – 150 балға дейін, қазақ, ағылшын, орыс тілін білу деңгейі – 120 балға дейін бағаланады. Қазақстанда оқыған немесе жұмыс істеген болса, тағы 80 балл беріледі. Қазақстанда туыстары болса 200 балға дейін бағаланады. Денсаулық жағдайы да тексеріледі.

«Бұл кезеңнен өту үшін кемінде 400 балл жинау қажет. Осылайша, иммигранттардың Қазақстанға қаншалықты қажет немесе пайдалы екенін сандық көрсеткіштер арқылы бағаланады. Жалпы есептеу формуласы мынадай: барлық параметрлер қосылып, денсаулық коэффициентіне көбейтіледі де, қосымша шарттар ескеріледі. Бұл талаптар Қазақстанда тұрақты тұруды қалайтын этникалық қазақтарға да, өзге мигранттарға да бірдей қолданылады», – дейді Александр Чичков.

СҰХБАТ ЖӘНЕ КЕТУ ПАРАҒЫ: ЖАҢА ТАЛАПТЫҢ ТҮЙТКІЛДІ ТҰСЫ

Автоматты бағалаудан кейін ведомствоаралық тексеру жасалып, сұхбат жүргізіледі. Тұрақты тұрғысы келетіндерге арналған жаңа талаптың бірі сұхбат болса, екіншісі өз елінен кетуге рұқсат қағазы керек.

«Дәл осы соңғы тармақ сала мамандары арасында ең көп сұрақ тудырып тұр. Енді Қазақстанда ыхтиярхат алу үшін азаматтығы бар мемлекет өз азаматының шетелде тұрақты тұруына іс жүзінде рұқсат беруі керек. Барлығын мазалайтыны – кету парағы. Оның үлгісі қалай, қай елдерде берілетіні, қай елдерде берілмейтіні түсініксіз. Бұл шетелдіктің өз елінен тіркеуден шығару туралы құжат па, консулдық есепке тұру ма, әлде басқа бір нәрсе ме? Бәлкім, осы құжатты енгізу ТТР-ға үміткерлер үшін негізгі қиындыққа айналар. Тиісінше, бұл тосқауыл азаматтық алуға да қатысты, өйткені ТТР-сыз азаматтық алу мүмкін емес, – дейді заңгер.

Бес кезеңнен тұратын цифрлық бағалау 29 күнге дейін созылады. Өтініш беруші оң хабарлама алғаннан кейін ғана адам ыхтиярхатқа немесе тұрақты тұруға өтініш бере алады. Жалпы, жаңа енгізілген талап елімізге енді келетін немесе тұрақты тұруға рұқсаты жоқ адамдарға қатысты. Бұрын берілген ықтиярхаттарға және оның мерзімін ұзартуға қатысы жоқ. Сол сияқты, Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат, визалар немесе басқа уақытша негіздермен тұрып жатқан адамдар үшін талап өзгермеген.

Сонымен қатар, қазақ тілі бойынша талаптар мен бес кезеңді цифрлық бағалау Digital Nomad Residence бағдарламасына қатысушыларға қолданылмайды екен. Бұл – шетелдік IT-мамандарға арналған, шетелдік жұмыс берушіге қашықтан жұмыс істеп, бірақ Қазақстанда тұруға мүмкіндік беретін арнайы визалық режим. Бұдан бөлек, жаңа ережелер кәмелетке толмағандарға, инвесторларға және сұранысқа ие мамандық иелеріне қолданылмайды.

РЕФОРМАНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

Тұрақты тұруға рұқсат алу рәсімі күрделенгеніне қарамастан, заңгер оның оң әсерін атап өтті. Барлық бес кезеңді цифрлық тексеруден өткен адамға  тұрақты тұруға рұқсат беріледі. Бұрын көші-қон полициясы немесе қауіпсіздік органдары себепсіз келісім бермей қоятын жағдайлар жиі болатын.

Чичковтың айтуынша, қазақ тілі бойынша тест аса қиын емес және тек А1 деңгейіндегі базалық түсінікті тексереді. Оның бағалауынша, бұл талап халықаралық өлшемдермен салыстырғанда жұмсақ. Шетелдіктер тіл талаптарын түсіністікпен қабылдайды. Себебі, көптеген елдер, мысалы Германия мен Канада әлдеқайда жоғары деңгейді талап етеді. Германияда B1 деңгейі қажет екен. Сондықтан, қазақ тілін А1 деңгейінде білу талабы еуропалық жағдайлармен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл. Дегенмен, ықтиярхат алу үшін қазақ тілін білуге қойылатын талап азаматтық алуға қарағанда қатаң екен.

Жаңа ережелер 13 ақпанда Вице-премьер әрі Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың және Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бірлескен бұйрығымен күшіне енді. Сондай-ақ, құжатты Сыртқы істер министрлігі, ҰҚК және Ғылым және жоғары білім министрлігі келіскен. Бұл өзгерістер – бақылауды күшейту ғана емес, сапаны арттыру тетігі. Қазақстанға келетін әрбір адамның білімі, тәжірибесі, еңбек әлеуеті мен қоғамға бейімделу мүмкіндігі нақты сандық көрсеткішпен өлшенеді. Цифрландыру арқылы адами фактор азайып, шешім қабылдау үдерісі айқын әрі ашық болмақ. Ең бастысы – ұлттық қауіпсіздік пен демографиялық тұрақтылық мүддесі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жаңа көші-қон саясаты – қақпаны тарс жабу емес, есікті ақылмен ашу. Бұл – эмоцияға емес, есепке негізделген шешім. Сандық жүйе әр өтінішті таразылап, елге қажет маманды, бейімделуге дайын азаматты анықтауға мүмкіндік береді. Тілге құрмет – тамырға тағзым. Цифрлық бағалау – әділдікке бастар жол. Ал, сұхбат – ниеттің айнасы. Қазақстан бүгінде тек географиялық аумақ емес, болашаққа ұмтылған мемлекет. Сондықтан, бұл реформа – демографиялық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың кепілі. Сан мен сапа тоғысқан тұста сенім пайда болады. Сенім бар жерде тұрақтылық бар. Ал, тұрақтылық – тәуелсіз елдің ең қымбат капиталы. Қазақстанға тұрақты тұру енді жай мүмкіндік емес, жауапкершілік. Жауапкершілік арқалаған әр адам ғана бұл елдің ертеңіне үлес қоса алады.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here